«Жүрек ауруларының алдын алмау өлімге апарады»

Қазақтың танымал кинорежиссері Еркін РАҚЫШЕВ — бұл аурудан дәрігерлер арқылы жазылмаған соң өзі ізденіп емделген. Қалай?

Алдымен себептерін анықта, содан соң…
— Ереке, сізді жүрек қан-тамырлары ауруларының алдын алу мәселелерін зерттеп жүр деп естідік. Осы жайлы айтып берсеңіз…
— Иә, бұл тақырып маған таныс болған соң зерттеп жүргенім рас. Бүгінгі күні Қазақстан жүрек қан-тамырлары ауруларынан қайтыс болатындар жөнінен әлемде алдыңғы орындардың бірін алады. Осы дерттен түрлі деректерге қарағанда, жылына 50 мыңнан аса адам өледі екен. Мұндай ауыр жағдайға ұшырауымыздың басты себебі, халықтың ол аурулардың алдын-алу жолдарын білмегендігінен және еліміздегі емдеу жүйесінің қателіктерінен болып отыр. Өкінішке орай, біздің халық аурудың алдын-алуға келгенде, әлі де сауатсыз. Көпшілігі денсаулығына күтім жасамай, «ауыра қалсам, дәрігер емдейді» дегенге сеніп қалған. Ал дәрігерлер аурудың алдын-алудың орнына, қалыптасқан белгілі бір жүйемен, дәрі-дәрмекпен ғана емдейді.
Қазір мен осы проблемалар жайлы арнайы жоба дайындап жатырмын. Жобаның басты мақсаты — халыққа жүрек және қан айналу жүйесінің бұзылуынан болатын аурулардың алдын алу жолдарын түсіндіріп, денсаулығының жақсаруына ықпал ету.
— Жүрек ауруының қыр-сырын қамтитын ауқымды жоба жасауға қалай келдіңіз?
— Мен осыдан біраз жыл бұрын екі жылда үш рет жүрекпен, екі рет «миға қан жетіспеушілік» («сужение сосудов головного мозга») деген диагнозбен ауруханаға жатып шыққанмын. Бесінші рет ауруханадан шыққанымда дәрігерлерге: «Сендер мені емдейін деп жүрген жоқсыңдар, емдесеңдер неге жазылмаймын?» — деп қатты ренжіп кеттім .
Содан енді «не істеймін» деп көп ойландым. Дәрігерлерден үміт жоқ. Олар емдегендей болады, бірақ неге жазылмай, қайтадан ауыра беремін? Қысқасы, не керек, сол күннен бастап, жүрек ауруларын зерттей бастадым. Көп ізденістердің нәтижесінде бар мәселе — аурудың алдын алуда екенін түсіндім.
— Өзіңіздің жүрегіңізді дәрігерлердің неліктен емдей алмай жүргенін анықтай алдыңыз ба?
— Ия. Дәрігерлердің жүрегімді не үшін жаза алмай жүргенін білдім.
ДДС (Дүниежүзілік денсаулық сақтау) ұйымының мәліметі бойынша, жүрек емінің 1/3-і дәрі-дәрмекпен емдеуге, ал қалған 2/3-сі алдын алуға (профилактикаға) байланысты. Көрдіңіз бе, көп нәрсе, жүрек ауруларын емдеуге емес, оның алдын-алуға байланысты екен. Бірақ біздің дәрігерлер ол жайлы айтпайды, ал қарапайым халық оны білмейді. Сондықтан біздің елімізде жүрек ауруынан қайтыс болатындар саны өте көп.
Одан кейін жүрек ауруының бастапқы себептерін біліп алмай, оны бауыр және басқа ағза мүшелерімен қоса емдемеу — дұрыс емес. Инфаркт, инсультпен ауырған науқастарды емдеу өте қиын, олардың бір бөлігі қайтыс болса, біразы жарымжан мүгедек болып жатады. Аман қалғандары өмір бойы дәрі ішіп өтеді. Ал науқастар сол аурулардың алдын алғанда оған ұшырамас еді. Мысалы, сіз гүл ектіңіз делік. Сол гүлдеріңізді суғармай, күтім жасамасаңыз, оны арамшөп басып, тамыры өледі. Уақтылы суғарып, шөбін жұлып тұрғаныңызда, гүліңіз күз келмей солмайтын еді. Жүрек ауруын емдеу де сол сияқты. Оған ең бастысы — күтім керек. Дәріні тек ауру асқынған төтенше жағдайда ғана аурудың уытын басу үшін қабылдау қажет.
Жапония, Тибет және Финляндияның емдеу жолдары
— Дәрігерлік біліміңіз жоқ. Жобаны неге сүйеніп жаздыңыз?
— Сол білімді алу үшін де оқып, іздендім ғой. Алдымен, жүрек ауруларының шығу себептерінен бастадым. Одан кейін осы ауруларды шетелдерде қалай емдейді, соны зерттедім. Біраз мемлекеттердің жүрек ауруларын емдеу жүйесімен таныса келіп, үш мемлекеттің Жапония мен Тибеттің және Финляндияның осы аурулардың алдын алу әдістерін негізге алып, өз жобамды жасадым.
— Неге бұл мемлекеттерді таңдадыңыз?
— Жапондар — әлемде ең ұзақ жасайтын халық. Халқының орташа өмір сүру жасының ұзақтығы — 84 жыл. Оның басты себептерінің бірі, Жапонияда жүрек және басқа да аурулардың алдын алу өте жоғары дейгейге қойылған.
Тибеттік халық медицинасының көне заманнан келе жатқан терең тарихы бар. Тибет дәрігері аурудың шығу себебін анықтап алғаннан кейін оны бүкіл адам ағзасымен қоса емдейді, біздің дәрігерлер сияқты дәрі-дәрмекті үйіп-төгіп бермейді. Өмір сүру салтын өзгертіп, дұрыс тамақтануға кеңес береді. Осының өзі-ақ көптеген жүрек ауруларын болдыртпай, еміне шипа болады. Бүгінде Тибет медицинасының тиімділігін бүкіл әлем мойындап отыр.
Финляндияға келетін болсақ, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында оларда да біздегідей проблема болған. Солтүстік Каролина деген аймағында жүрек ауруынан қайтыс болатындар саны өте көбейіп кеткен. Өкімет бұның себебін анықтап, тиісті шаралар қолдану үшін кардиологтардан арнайы комиссия құрады. Комиссия жұмысының нәтижесінде жүрек ауруларының алдын-алу жобасы дайындалады. Бүгінде Финляндия кардиологтардың Меккесіне айналып, көп елдер жүрек ауруларының алдын алуды солардан үйренуде.
Инсульт, инфаркке әкелетін факторлар
— Сонда жүрек ауруларын болдырмаудың алдын қалай алуға болады?
— Жүрек қан-тамыр ауруларының, оның ішінде инфаркт, инсульттың алдын алу үшін, алдымен, сол аурулардың туындауына себеп болатын қауіпті факторларды анықтап алу керек. Ондай факторларды алғаш рет 1948 жылы Фраминген қаласында жүргізілген зерттеулердің нәтижесін-де, америкалық кардиолог ғалымдар анықтаған. Жүрек ауруына алып келетін негізгі қауіпті факторлар: қан қысымының артуы, қанның құрамында холестериннің шамадан тыс көбеюі, стресске ұшырау, дұрыс тамақ-танбау, дене қимылының аздығы, семіздік және т.б.
Мұндай қауіпті факторларға ұшыраған адамдар ерте ме, кеш пе, жүрек ауруына шалдығуы мүмкін. Жүрек ауруларының алдын алу үшін оны тудыратын факторларды мейлінше азайту керек. Бұл факторларды жою арқылы басқа да көптеген аурулардан емделуге болады. Мысалы, жүрек ауруына алып келетін факторлардың бірі, қан қысымының көтерілуі — гипертонияны алайық. Ол — қан тамырының тарылуынан басталады. Ал жүрек ауруының басты себептерінің бірі де, осы тамыр түтікшелерінің бітеліп тарылуынан, қанның қоюлануыннан болатыны белгілі. Бұған дер кезінде ем қолданбаса, бұның арты жүректің ишемиялық ауруына, миға қан құйылуына — инсультке алып келеді.
Біздің дәрігерлер гипертониямен ауыратын адамдардың қан қысымын өлшейді де дәрі беріп, өмір бойы соған тәуелді етіп қояды. Бұндайда дұрыс тамақтану, дәрілік шөптер мен басқа да емдеу әдістері, мысалы, Неумывакиннің әдісі арқылы дәрі-дәрмекті өте аз мөлшерде қолдана отырып, тарылған тамырларды тазалап, кеңейтуге болады. Нәтижесінде, науқастың қан қысымы екі-үш айда қалыпқа келіп, жүрек ауруына шалдықпайтын болады.
— Ал сол қауіпті факторларды қалай анықтап, жоюға болады? Ол үшін қандай шаралар қолдану қажет?
— Адамды не мазалайтынын, жүрегі ауыратын-ауырмайтынын жан-жақты сұрап-біліп алғаннан кейін, оның қанының құрамын тексереміз. «Гемосканер» деген жапондық аппаратта қанның тамшысы мыңдаған есе үлкейтіледі. Емделушімонитордан өзінің қан жасушаларының қалай істеп тұрғанын көріп, қанының анализдерін екі-үш минутта біле алады.
Егер оның қанынан аурудың белгілері білінсе, науқас өзінің санасына өзгеріс жасап, «жазыламын» деп ниет етіп, денсаулығына деген жауапкершілікті күшейтуі қажет. Одан кейін дәрі-дәрмексіз бірнеше түрлі емдеу әдістерімен ем алуы тиіс. Олардың негізгілері: дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, уайым-қайғыдан арылу, фитотерапия — емдік қасиеті бар дәрілік шөптер қолдану халықтық медицинамен емделу. Бұның бәрін білікті мамандар түсіндіріп, көрсетеді. Жоғарыда айтылған елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасалған бұл емдеу әдістері — бірге, кешенді қолданғанда ғана нәтиже береді. Егер сырқаттың ауруы асқынған болса, онда дәрігерге қаралып дәрі-дәрмек қабылдағаны дұрыс.

Тамақты қалай ішу керек?
— Дұрыс тамақтану дегеніміз – қанды қоюландырып, тамыр түтікшелерін бітейтін қуырылған, майлы, тұзды тамақтардан шектеліп, керісінше, қанды сұйылтып, қан-тамырларын тазартатын тағамдар мен көкөніс жемістерді көбірек пайдалану деген сөз. Жалпы ,дұрыс тамақтанудың — еш қиындығы жоқ. Күнделікті бір мезгіл ботқа, әсіресе сұлыдан жасалған тамақты жеп тұрған дұрыс. Аптасына 2-3 рет балық жеп, сорпасын ішіп тұру керек. Шайды қантпен емес, балмен, лимонмен ішкен абзал. Жаңғақ, өрік-мейіз, айран, қымыз-қымыранның жүрекке пайдасы зор.
Бүгінде әлемде қайтыс болатын адамдардың 60% дұрыс тамақтанбаудан болатын аурулардан екенін ескерсек, мұның маңызы өте зор. Бірақ, адам дұрыс сапалы тамақтану үшін мамандармен кеңесіп алғаны абзал. Онсыз денсаулығына зиян келтіріп алуы мүмкін. «Ауру — астан» деп қазақ бекер айтпаған ғой. Мысалы, сарымсақтың жүрекке пайдасы зор. Бірақ, оны асқазан дерті бар адамдарға қолдануға болмайды. Балды барлық ауруға ем деп жатады, бірақ, қант диабетімен ауыратын адамдарға оның пайдасынан зияны көп.
Одан кейін, салауатты өмір салтын ұстанып, қан айналым жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі үшін адам мүмкіндігінше көбірек қозғалуы керек. Жүрек ауруларына тиімді дене шынықтыру жаттығулары мен массаждың, әртүрлі процедуралардың түрлері көп. Мысалы, орта жастан асқан жапондардың барлығы дерлік күніне 10-15 минут жылы ваннада отырады екен. Жылы судың қан тамырларын кеңейтетінін ескерсек, бұның да пайдасы орасан зор.

(Жалғасы бар)
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

(59)