«Жаңғыруға» шақырып дабыл қаққан Дәурен Сатыбалды кім? немесе қызыл пәпкінің құпиясы

Мен ол кісіні тоқсаныншы жылдардан бері тек сырттай ғана білемін. Бірақ жүзбе жүз танысқан емеспін. Шашы қудай, дембелше бойлы, тік жүретін ол кісі мені жақында өзі іздеп келді. Ол да мені сырттай біледі екен. Таныстық, мені назар аудартқан нәрсе Дәурен ағаның қолындағы ауыр дорба. Танысқан соң ағамыз дорбасының ішіндегі заттарын ақтарды. Қағаздар бумасы, жуан дәптерлер және қалыңдығы бес елідей қызыл пәпкі. Қалың дәптердің бірін ашқанда ұқыпты жазылған маржандай сөздер бірден менің көзіме оттай басылды. Ол күнделік болып шықты. Күн сайынғы басынан кешкен оқиғаларды, жағдайларды ерінбей осы күнделікке күнбе күн жазатыны көріп тұр. Мұны тарихи ақиқат күнделігі деп те атауға болатындай. Бір өтірігі жоқ күнделік. Мұнда ағамен кездескен мыңдаған адамдардың есімдері бар.
— Мұндай күнделік дәптерлерді алдымен осылай жазып шығамын. Ерінбеймін. Әрбір ұсақ-түйек детальды қағазға түсіремін. Толғаннан кейін баспаханаға апарып, мұқабасын қалың картонмен қаптатып, кітап сияқты жасаймын да үйге барып жинап қоямын.
— Сонда олардың бәрін том кітап етіп бірін қалдырмай жинай бересіз бе?
— Иә, бірін қалдырмаймын. Қазір олардың саны өте көп.
— Бөлмеге сыймай тұрған шығар. Кейін архивке бересіз бе оларды? Кейін сіз дүниеден өткенде оларды кімге қалдырасыз?
— Әзірге білмеймін. Мен өзім дүние жинамаймын. Байлыққа қызықпаймын. Менің жинаған бар байлығым халқым және осылар…
Қызыл пәпкінің ішінде негізінен газет, журнал, кітап қиындылары ұқыпты түрде тігілген.
— Сен мен туралы жазарсың, жазбассың, оны өзің білесің. Мен туралы, ұлтым туралы мәселелерді осы қызыл пәпкіден табасың.
Дәурен аға өзінің де, өзгенің де уақытын қатты қадірлейді екен. Үйренетін-ақ нәрсе. Қысқа-қысқа және нақты сөйлейді «Уақытыңды алған жоқпын ба?» — деп сұрайды да, тез бұрылып шығып кетеді. Әдетте біздің қазекең бөлмеге кіріп алған соң қай-қайдағыны айтып уақытыңды «ұрлайтыны» анық қой. «Ешкімнің уақытын ұрламайықшы, ағайын!» Ондай жақсы қасиетті Дәурен ағадан үйренейік дегім келеді осы жерде.
Қызыл пәпкіні ақтарып отырып көзім жеткен нәрсе әрбір қазақ өз ұлты үшін күреспесе, онда «Өмір сүріп жүрмін!» — деп мақтанудың қажеті жоқ. Мәселен Дәурен ағамыздың сыртқы тұрпатына қарасаң қарапайым ғана адам. Сырттай қарасаң ештене бітіріп жүрмеген сияқты. Бірақ ол кісінің өміріне үңіле қарасаң ұлты үшін, мемлекеті үшін қаншама ұлан асыр істер жасағанына көзің жетеді. Базбіреулер сияқты бір іс тындырса кеудесін соқылап мақтанбайды. Үндемей жүріп үйдей, жо-жоқ таудай мәселелерді шешкен.
Дәурен аға туралы республикадағы барлық ірі басылымдар жазыпты. «Мәңгілік ел болуды мұрат еткен», «Алдыңғы толқын ағалар», «Ізгі іс», «Намыстың наркескені», «Ұлттық мұрат жолынан айнымаған», «Қара қазақ баласы, Хан ұлына теңгерлік», «Ұлт үшін туған ұл»… Міне, бұлар ол кісі туралы мақалалардың тақырыптары. Олардың бәрін тізбелемедік. Әрине, сіз Дәурен ағаны білмейсіз. Себебі ол атақты жазушы, әнші, актер емес. Жай ғана қоғам қайраткері. Шындықты, ақиқатты дәл дер уақытында айта біледі. Ойларын нақты түрде жүзеге асырады. «Тура биде туған жоқ» дегендей оның бұл шыншылдығын билік те жақтырмауы мүмкін. Бірақ санасады. Иә, онымен санасып мемлекет талай толағай істерді жүзеге асырған. Факті ме? Шет жағасын айтайық. Бір айтатын мәселе ағамыз Қазақстанның болашағын жасағанда оған ұлттық мүдде тұрғысынан сараптай қарайды.
1. Тіл мәселесінде оның жасаған істері көп. Тіл туралы заңның балама нұсқасын дайындап, 1989-1997 жылдары қазақ тілінің мемлекеттік дәреже алуына бір кісідей үн қосты. Әрине, тіл майданындағы күресін ол кісі бір сәтте тоқтатқан емес.
2. Тоқсаныншы жылдары тәуелсіздігімізді алғанымен мемлекет те, халық та не істерін білмей дағдарып қалды. Міне, осы кезде 1992 жылы Дәурен Сатыбалды «Жаңғыру ұлттық өркендеу» орталығын ашты. Осы жылы 11 қаңтар күні Алматы қаласында өткен құрылтайға 12 облыстан делегаттар қатысқан. Міне, содан бері бұл орталық Қазақ мемлекетінің орнығуына, егеменді ел өміріндегі әрбір елеулі оқиғаларға мен ұлт мүддесіне сай істерге, сондай-ақ, реформалық өзгерістерге орай тынымсыз жұмыс жүргізіп келді. Мәселен Парламент ұсынған «Жер туралы» заңның жобасы екі жылдай тартысқа түсті. Осы мақсатта Дәурен Жұмаділ — Есір «Жер дегенде жанпида» деген топ құрды. Олар «Жер туралы» заңның қазақ тілінде жазылған балама жобасын әзірлеп, ұсынды.
3. Тоқсаныншы жылдары Ауыл күйреп, жұмыссыздық басталып, қазақтар қалаларға, әсіресе, Алматы қаласына үдере көшті. Осы қиын шақта Дәурен Сатыбалды бастаған топ үйсіз-күйсіз жүрген жандарды қамқорлығына алып, олардың жер алып, баспаналы болуына ықпал етті. Дәурен ағамыз бастап «Баспанасыздар» одағын құрды. Қазір Алматы қаласының үлкен бөлігіне айналған «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2», «Думан», «Алтын бесік» ықшамаудандарының құрылуына Дәукеңнің зор үлесі бар.
4. «Ауылға араша» ұйымының дүниеге келуі елді мекендердің қайта көтерілуіне деген Дәурен ағаның таудай талабы еді.
5. Өзіндік идеологиясы бар ұлттық мемлекет құру ағаның өмір бойғы арманы. Сол арман негізінде «Стандарт моделі немесе егеменді мемлекетті қалыптастырудың негізгі идеясы» атты бағдарламасы жазылды. Ол бағдарлама тек жазылған жоқ. Оның мемлекеттік тұрғыда жүзеге асуына қоғам қайраткері ағамыз аянбай еңбек етіп жүр.
Жалпы Дәурен Сатыбалды ағамыз бір нәрсе бастады ма, оның жүзеге асырылуына бар күш-жігерін салады. Және ол бастамалар өмірде салтанат құрып, жатқандығына талай мәрте куәгер болдық. Ендеше бұл идеясы да Құдай қаласа әлі-ақ жүзеге асуы әбден мүмкін.
Қоғам қайраткері ағамыздың мамандығы ерекше қызық та жауапты мамандық екен. Оны жұрт №1 топырақ зерттеуші маман деп атайды. Бір кездері көрші Ресей ғалымдары дүниежүзі топырақтанушылардың Алматыда өткен симпозиумында Хабаровск қаласының ғалымы В.И.Рослякова ағамыздың еңбегін Нобель сыйлығына ұсыныпты. Бірақ Дәукең ағамыз саясатпен айналысып оған мән бермейді.
— Мен қандай іс жасасамда ұлтым үшін жасадым. Күнкөріс мәселесін екінші мәселе деп ұқтым. Сондықтан Нобель сыйлығын алмағаныма өкінбеймін. Кезінде Нұрқаділов облыс әкімі болып тұрғанда орынбасарлығына шақырды. Бармадым. Еркіндігімді артық көрдім. Айтпақшы өз күшіммен ғылыми қондырғылар-приборлармен зертхана жасаған едім. Қазір ол талқандалып кетті. Ондай зертхана қазір жоқ.
***
Дәурен ағамыз қасиетті дорбасын арқалап бүгін тағы да келді. Бұл жолы белгілі ақын Рафаэль Ниязбековтың «Жаңғыру» орталығына арнаған өлеңін әкеліпті.
Жаралған қызуынан от дененің,
«Жаңғыру» — жылы желі көктеменің.
«Жаңғыру» самғағаның көкке сенің,
«Жаңғыру» — самғағаным көкке менің.
Құс тілді сайрасын деп қара орманы,
«Жаңғыру» — байтақ елдің жаңа арманы.
Жаңғырып келе жатқан жоқ па түгел,
Адамзат жер бетінде жаралғалы!
Көзінде жандар барда күн күлмеген,
Жамандық барын сірә, кім білмеген?!
Ағаштың тілінде еркін сөйлеп келген,
«Жаңғыру» — домбыра үні күмбірлеген.
Тірлікте жан болмаса, жүрегі өлген,
Жақсының бөліне мен тілегі елден?
Жүзінен көктем ескен, шұғыла өскен,
«Жаңғыру» — Рухың сенің түрегелген!
(2000 жыл, сәуірдің 4-ші жұлдызы)
Иә, бұл Жаңғыру — халықтың арманы. Сол зор, таудай арманды арқалап Дәурен ағамыз, әне жаяу кетіп барады. Үнемі ой үстінде жүретін ағама зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледім.

Ертай Айғалиұлы

(33)