Ақылбек Күрішбаев: «Бармақ басты, көз қысты» мінезден қашан арыламыз?

Жемқорлық, мәселені тамыр-таныспен шешіп, әділетсіздікке жол беру, кісі ақысына ортақтасу бүгінгі қоғамның дерті десек те, шипа дарымай жатқандықтан, бойымыз үйреніп кеткеніне де біраз болды. Мұндай «көлеңкелі» тақырып еліміздің білім жүйесінде екі күннің бірінде ұшырасып тұратыны ақиқат. Әсіресе, жаңа оқу жылы басталар шақта жоғары оқу орындарында лауазымды көкесі барларды грантпен сыйлау, ақшасын асырып бергенге жатақханадан орын алып беру секілді науқандық жұмыстардың қоса жүретіні бар.
Студенттердің де, ата-аналардың да көңілі ала-құйын болатын дәл осы күндері қарапайым мұғалім емес, ақ халатты дәрігер де, экономист не саясаткер емес, білдей бір ЖОО-ның басшысы білім саласындағы заң бұзушылық, асыра сілтеушілік жөнінде қысқаша ойын әлеуметтік желіде талқыға салды. Бірнеше ақпарат құралдары жексенбі күні түсіп кететін рейтингілерін экс-министр, Астанадағы «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ Басқарма Төрағасы Ақылбек Күрішбаевтың әлеуметтік желідегі жазбасы арқылы бір көтеріп алды. «Әңгімесін» «Университет ректоры ретінде менің қабылдауыма адамдар әр түрлі сұрақтармен келеді…» деп бастаған А.Күрішбаев мырза:
…Лауазымды қызметкерлер, құқық қорғау мекемелерінің өкілдері жəне т.б.: «Емтиханның бағасын қойғызып берсеңіз…», «Тест тапсыру кезінде тексермей кіргізуге болмай ма?», «Студент тәртіп бұзып оқудан шығып кетiп едi, алайда, оқуда қалуына көмек көрсетсеңiз…», т.б. өтініштерін айтады. Олар «бұл мәселе заң аясында бекітілген ережеге сәйкес қана шешіледі» деген жауапты ренішпен қабылдайды, — дейді.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген Төле бидің нақыл сөзі Күрішбаевтың көңіліне бала күнінде-ақ қонғаны осы жазбасында анық көрініп тұр. Мұндай әділ ісін өзі түзу адам ғана ұялмай айта алатын болса керек. Желі қолданушылары да бұған таңданыстарын айқын білдіріп жатса, А.Күрішбаевты етене жақын танитындар оның министр кезінде, одан бұрын және кейін де өте әділ болғанын растап жазды. Тіпті, бір қолданушы «Шынымды айтсам оқып отырып, өз-өзіме сенбей отырмын. Жаңбырлы қараңғы түнде жарқылдаған найзағайға ұқсатып. Күні кеше үлкен қызметтегі (кезінде ректор да болған) ел ағасы бір оқытушының қағазына қол қойдыру үшін жүгіріп жүр. Бұған дейін де бірнешеуі алдыма талай келген (болмаса алдарына келтірткен). Өз басым үлгі боларлық тұлға көрсем қуанатын жағдайға жеттім» деп ағынан жарылды.
Жақсы сөйлеу және жаза алу да — бір өнер. Дегенмен, «Ісіне қарап сөзін алатын» заман келмеске кетсе де, сол таныммен өмір сүретін адамдардың аз да болса бары қуантады. Мәселен, А.Күрішбаев қысқа ғана жазбасын былайша түйіндейді:
…Осындай жағдайлар ойға қалдырады. Бұл адамдар мемлекеттiк қызметте жұмыс iстейдi. Әрине, заңның бәрін біледі. Бірақ, өз жақындарына келгенде, неге заңды айналып өтуі керек? Жастар осындай әрекеттерді көріп бұзылмай ма? Аға буын ретінде жастарға «бесіктен» әділдікті үйретуді неге ойламаймыз? Меніңше, қоғамда тәртіп орнатып, болашағымызға шын жанашырлық көрсеткіміз келсе, жаңаруды өзімізден бастауға тиіспіз! Осындай «бармақ басты, көз қысты» мінезден қашан арыламыз?..
Ал, сіз, оқырман, бұл сауалға қалай жауап бересіз?
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

(142)