Ақиқатқа қиянат жасама, достым! немесе қызыл империя кезінде батыр балалар құрған жасырын ұйымдардың тағдыр-талайы

Мен интернеттегі қазақ сайттарының бірінен Павлодарлық ақын Арман Қанидың 2009 жылы, өзінің 55 жылдығына арналған ғұмырнамалық мақаласындағы «Жас ұлан» туралы, сол «жасырын» ұйымнан қалған жалғыз «тұлға» мен деп, «үстірт» жазғандарын оқып, төмендегі себептермен 2009 жылдың 18 қазанында қолыма еріксіз қалам алған едім. Содан бері 10 (он) жылдай уақыт өтіпті. Сол кезде жазылған мақаланы қазір қайта қарап, жинақтап отырмын.
Біріншіден, бұл жасырын ұйымның құрылғанына емес «тарағанына», дәлірек айтқанда, сол қылышынан қан тамған К.Г.Б-ға «ұсталғандарына» биыл 19 қарашада (бұрынғы ноябрьдің он тоғызында) — 49 (қырық тоғыз) жыл толады екен.
Екіншіден, бұл «жасырын» ұйым 1968-69 жылғы оқу жылдарында Павлодар қаласындағы нөмір «үшінші», атап айтқанда, облыс аудандарынан келген қазақ балалары оқитындықтан облыстық қазақ мектеп-интернатында ұйымдастырылған еді. Сондықтан бұл ұйымның сол кездегі қазақтың оқушы ұл-қыздарынан тұратын мүшелері көп болатын.
Алайда Арман достым, олардың біреуінің де аты-жөндерін атауды, сонымен бірге ол ұйымның қалай құрылғаны жөнінде қысқаша мағлұмат беруді жөн көрмепті.
Мен Арманның өзімен сол кезде сөйлескеннен кейін, ұялғанынан ба екен мақала соңында «Асқар Сәрсенбай басшылық еткен, Май ауданында да жасырын ұйым болған» деген қысқаша мағлұмат берген болатын.
Дегенмен қандай әрекет болсын ол тіпті түкке тұрғысыз болса да, оның «негізі» сол сәл нәрседен басталуы әбден мүмкін. Сол себепті, мен келер ұрпақ үшін ақиқатқа қиянат жасағым келмейді. Сондықтан бұл «жасырын» ұйымның құрылғаны жөнінде, қысқаша мағлұмат бергенді жөн көріп отырмын. Және менің мұндай шешім қабылдауыма толық құқым бар деп те есептеймін, ал оқырман қауымның ол туралы пікірі осы мақаланы оқыған соң қалыптасатын шығар деген ойдамын. Алайда мен өзімді осы ұйым тұрғысынан «рухани ұстаз» ретінде дәріптегім келіп тұрған жоқ, себебі менің өзімнің армандарым да, жазбақтарым да, ұрпаққа арналған «аманаттарым» да, идея, жоба-жоспарларым да жеткілікті, құдайым тек соған жеткізсін.
Бірақ мен де Арман секілді қоғамда әлі де болса орын алып отырған мұндай әділетсіздіктерге төзе алмаймын. Осыған байланысты «Жас ұлан» жасырын ұйымның қалай құрылғаны жөнінде қысқаша мағлұмат беріп кетейін.

«Таң шапағы» жасырын ұйымы қалай құрылды?
Бұл «жасырын» ұйым, шындығында, 1968 жылдың жаз айларында, дәлірек айтқанда не шілде, не тамыз айларында құрылды. Арман ол кезде жетіден сегізге, мен болсам сегізден тоғызыншы сыныпқа көшкен кезіміз болатын. Ол біздің совхозға Павлодар облысы Май ауданы Ақшиман совхозына (сол кезде советтік шаруашылық болатын) ұмытпасам, жылқышы болып көшіп келген әке-шешесінің қолына оқушылардың жазғы демалысында келген еді. Мен ол уақытта қойшы-құдамыз марқұм Иманшәріптің баласы марқұм Өмкеннің отарына көмектесуге барған едім. Сол жазда мен Арманмен бірінші рет танысып, Алаш Арыстары жайлы сөз қозғап, қазақ тілінің мүшкіл халі туралы, қазақ ұлтының мүддесі жөнінде екеуміздің ойларымыз бір жерден шығып, достасқан едік!
Сол жазда біз бір-бірімізді сағынып тұратындай болып достастық, шамасы соның арқасында болуы керек, кезіндегі Кеңес үкіметінің қазақ ұлтын құрту, анығын айтқанда, «орыстандыру» саясатына қарсы тұру үшін екеуміз «Таң шапағы» деген мектеп оқушыларының арасында «жасырын» ұйым құрайық деп ұйғардық. Сөйтіп, Арман өзі көптен бері оқитын Павлодар қаласындағы облыстық «нөмір үшінші» қазақ мектеп-интернатында, ал мен болсам Ақшиманның 8 жылдық мектебін тәмамдаған соң, тоғызыншы сыныпты сол кездегі Киров мектебінде оқып жатып, ұйым құруға кірістік.
Осылай «Таң шапағы» деген атпен құрылған «жасырын» ұйым мектеп оқушыларының арасында үгіт-насихат жұмысымен айналысып жатты. Сол кезде, Киров мектеп-интернатының меңгерушісі қызметін атқарған Төлеген деген жолдасымның әкесі, менің әкемнің жақын жан досы, марқұм Шәкен Сыздықов деген ақын әрі ұлтжанды ағамыз, шамасы жиналған жерде қызу талқыға салатын тақырыпқа байланысты «осы сендерде бір жарайын деп жүрген бомба бар ма?» — деп жиі ұрсатын еді.
Киров совхозындағы ұйымның белсенді мүшелері марқұм Оспан Айтқазин, Төлеген Шакенов, Хамзин Төлеухан, Қайыржан Темірғалиев, Тоқтар Салқанбаев және Адрақов (атын ұмыттым), Төлеухан Әбділдиндер болатын.
Келесі жылы Оспандар оныншы сыныпты бітіріп кеткен соң, мен де келесі сыныпты Май ауданының орталығы болған Белогорьеде, қазіргі «Көктөбе» селосында оқыдым. Сонымен, бұл кезде де Павлодар қаласындағы Арманмен кейде өзімен, кейде соғыс уақытында болған партизандар секілді «байланысшы» арқылы да хабарласып тұрдық. Өкінішке орай, келген «байланысшылардың» аты-жөндері жазылып, тіркелген жоқ. Бірақ олар мектеп-интернаттағы ұйымның мүшелері болатын.
Кезінде біздің Кеңес Үкіметін құрған большевик партиясының бағдарламасы секілді, өзіміздің де жасаған «минимум», «максимум» Бағдарламамыз болған еді. Ол Бағдарлама үш сатылы «нұсқаудан» жинақталған болатын, бірінші сатысы — үгіт-насихатты мектеп оқушыларының арасында жүргізіп, балалардың көкірегін ашып, санасын оятып, намысын ұштау. Әсіресе, сонда біздің жанымызға қатты батқаны қазақ тілінің қолдану аясын қасақана тарылтып, пайдалану мүмкіншілігін барынша шектеп келе жатқан, сол кездегі Кеңес Үкіметінің «орыстандыру» саясаты болатын.
Бұл ұйымның басты мақсаты — осы сұрқия, залым саясатты өзіміздің білгенімізше әшкерелеп, жастардың санасына сіңдіру керектігі жазылған. Шамасы, сол кезде қоғамда орын алған осы әділетсіздіктер әсер етті ме, шынымен біздің қатарымыз күннен-күнге өсіп, көбейе берді. Бұл әсіресе, Павлодар қаласындағы нөмір «үшінші» мектеп-интернатта бірден дүркіреп кетті, оның себебі, біріншіден бұл жерде басқа аудандардан жиналған балалар саны да көп болған еді, екіншіден осы Павлодар қаласының, өзінің туған ауданынан тіпті өздерінің совхоздарынан қоғамда орын алып жатқан осындай әділетсіздіктерді көрген жастар өмірге деген сенім-ұстанымдарын мүлдем өзгертіп, ақ адал жүректеріне өз ұлтының рухы мен намысын берік ұялатты.
«Жасырын» ұйымның белсенді мүшелері үгіт-насихат жұмысына «Алаш қозғалысының» қайраткерлерін, оның ішінде Әлихан Бөкейхановтың айтқандарын, Міржақып Дулатовтың «Оян, Қазақ!» және Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» деген, тағы басқа да Алаш Арыстарының «аманаттарын» пікір-таластарда жиі пайдаланды.
Мұның бәрін біз республикаға танымал суырыпсалма ақын, кезінде өзі де «халық жауы» болып сотталған, алайда Жұмабай Тәшеновтей ақиық Арыстарымыздың арқасында «жазасын» жартылай өтеген Нұрлыбек Баймұратов секілді, 1934 жылы мұғалімдер институтында Қажым Басымовтан дәріс алған өзімнің Әкем — Ғабдраш Сәрсенбайдан, тағы басқа да ауылдың қазыналы қарттарынан білген едік.
Бұл да бір ұлтымыздың ұрпақ сабақтастығының өшпейтін белгісі, ұмытылмайтын нұсқасы секілді. Осылай үгіт-насихат жұмысы жастардың арасында қызу талқыға түсіп, белсенді түрде жүріп жатты.
Бағдарламаның «екінші» сатысы — Павлодар қаласындағы Индустриальный және Педагогикалық институтпен бірге, техникум, училищелердің студенттеріне шығып, ұлттық мүддеге негізделген үгіт-насихат жұмысын жандандыру болатын. Сол уақытта бір ұлттық мүдденің жолында жұмысшы-шаруа мен студенттер қоян-қолтық араласып кетті.
Енді «жасырын» ұйымның үгіт-насихат жұмысының «үшінші» сатысы сол кезде Қазақ Республикасындағы екінші мемлекеттік университеті саналған Қарағандының мемлекеттік университетінің түлектері арқылы, Алматыдағы мемлекеттік университеттің студент-жастарымен тығыз байланысқа шығып, ұлттық мақтаныш сезімін тұрақты түрде орнатсақ деген мақсат-мұрат, мүдде болатын.
Ал бізге Қарағанды университетінің студентеріне шығуға ой салған, осы университеттің тұңғыш ректоры қызметін атқарған ұлтжанды Евней Арыстанұлы Букетовтың (жатқан жері жаннатта болсын!) «Қараша үйден-университетке дейін» — деген ұлағатты мақаласы болатын. Шындығында, өткен ғасырдың 1970 жылдары, Кеңестік жүйенің кезінде «қазақ болғанның өзі — мамандық!» — дейтін еді. Қазір ұйғыр халқы бұл сөзді «ұйғыр ұлт емес — мамандық» деп өздеріне аударып алғанға ұқсайды. Сөйтіп, ұйғыр халқы да осылай өзінің ұлттық мүддесін көздейтін секілді.
«Төтенше оқиға» және «Жас Ұлан» ұйымының құрылуы мен ақыры
Алайда айлар өткен сайын өз ұстанымдарына мүлтіксіз сенімді болған оқушыларды мұндай мардымсыз, іс-әрекетсіз, өзгеріссіз, сонымен бірге, бірқалыпты «жансыз» үгіт-насихат жұмыстары жалықтырып жіберген көрінеді.
Бір елеулі іс-әрекеттер жасалмай, құр сөзбен осылай қуырдақ қуырып отыра береміз бе деген ұнамсыз келіспеушіліктер де жиі шыға бастаған. Мұндай «жағымсыз» хабар «байланысшы» балалар мен Арман арқылы бізге де жетті. Біз оны қолдамадық, дегенмен, Арман ол жастардың айтқанға көнбей ширығып тұрғанын, оларға нақты, тиянақты дәлел керектігін де жасырмай жеткізді.
Қазір ойлап қарасам, біз сол кезде қаладағы ұйым арқылы «екінші» сатыға көтерілген екенбіз, бірақ «үшінші» сатыға жетер ме едік, жетпес пе едік, әлде, шамасы осылай жете алмай да қалушы ма едік, сондықтан осындай ерте ойластырылмаған аяқ-асты жасалған «төтенше оқиғаның» нәтижесінде, бұл «жасырын» ұйымның тарих бетінде қансыз «ізі» де қалды.
Енді, осы жазылған «төтенше оқиғаны» рет-ретімен айтар болсақ, ең алдымен бұл ұйым «Таң шапағы» деген атауды оқушылардың өздеріне лайықтап «Жас Ұланға» ауыстырып алған. Бұл бір.
Екінші құр даурығып жүре бергенше, бір көрнекті іс-әрекет жасау керектігі жайлы нақты шешім қабылданған. Сонымен «Жас ұлан» жасырын ұйымы 1969 жылдың 7-қарашасында басқыншы орыс ұлты мен Кеңес Үкіметіне қарсы «үн-парақ» тарату жөнінде оқушылардың жазғы демалысынан кейін шұғыл «шешім» қабылдайды.
Ертеңінде қала жұртшылығы сол кездегі Октябрь көтерілісіне арналған митингіге шықпақшы болып жатқанда, автобус аялдамаларының бәрінде Кеңес үкіметіне қарсы «үндеулер» әр жерде шашылып жатқан.
Осылай «Жас Ұлан» жасырын ұйымы «үн-парақты» басқан машинканың «құпия» коды арқылы 12 (он екі) күннің ішінде ұсталды.
Мен бұл туралы өзімнің «Тәуелсіздік туралы толғау» атты өлеңімнің «Жас Ұлан» «жасырын ұйым болған» деген тарауында былай деп жазған едім.
Сол кезде «Көк-төбе» селосында, дәлірек айтқанда, 1969-70 оқу жылдарында бұрынғы Целиноград облысы Ерейментау ауданынан бізге келіп оқыған Боранбай (ағасы), інісі Дауылбай Мұқашевтер ұйымның белсенді мүшелері болатын және қаладан келетін «байланысшыларды» көбінде осылар қабылдайтын еді.
«Жастыққа шіркін, не жетер,
Албырттық шақта алқынған.
Күндерім өтпесін бекер,
Жақсылыққа тек талпынған.
Жастардың бәрі жаны қас,
Әділсіз іске шешілген.
Саясатты бірақ кәрі-жас,
Жәй түсінгеннен кеш білген.
Саясат та перде секілді,
«Керегін» жауып тұрады.
Сенген жұрт кейін өкінді,
Қайғысын тартып, жүр әлі.
Уақытша бұғып, бүгілген,
Намысы қайта тірілді.
Құрсаудың шеті сөгілген,
Алайда «ызғар» білінді.
Тілден де Қазақ айырылды,
Енді несі, қалды екен?
Қанаты елдің қайырылды,
Сауғалап жанын жат мекен.
Жүрекке демін салғандай,
Кеудесі елдің тарылды.
Қандала қанын алғандай,
Сарғайып, солып, арылды.
Не істерін жастар білмеді,
Жылап тұрып-ақ, айтса да.
Намыстың шоғын үрледі,
Ызғары «қарып» жатса да.
Осы оймен «ұйым» құрылды,
Келешегін тек, кім білген?
Жастарда намыс тірілді,
Ішінде жатып, бүгілген!
Соңында тілді алмаған,
Парақтап «үндеу» таратты.
Айтарға сөзі қалмаған,
«КГБ»-ны жерге қаратты.
«Жас ұлан» ұйым жасырын,
Кеңестік жүйе кезінде.
Жастардың жинап, жан сырын,
Қалдырды соқпақ ізінде.
(1969 жылдың күзінде)
Таратқан үндеу атқан оқ,
Бәрі де бір-ақ, Ел үшін!
Ерлікте үлкен-кіші жоқ,
Жарқыным сен, соны түсін!
Қарсылық үндеу шашылған,
Кеңестік жүйе тезіне.
Бұл да бір «үкі» тағылған,
Қазақ Тәуелсіздігіне — дей отырып, жанды жаншып құм қылған темір құрсауды жарып шыққан халқымыздың ғасырлар бойы ұмытылған «Тәуелсіздік — тәтті сезім» екенін дәлелдеудің өзі де артық шығар деп есептеймін!
Оларды құрған батырларды ұмытуға тиіс емеспіз!
Алайда менің айтайын дегенім бұл емес, достым!
Кәмелетке толмаған оқушы балаларды «қолға түсірген» Кеңес үкіметі кезіндегі қылышынан қан тамған үш әріп: «Бұлардың аржағында қытай тыңшысы тұр», — деп әуре-сарсаңға түскен еді. Сол уақытта «сендердің қолға түскендеріңді айтып», бізге бірінші болып хабар берген, сенің тікелей тапсырмаңды орындаған, кейін кенеттен қайтыс болған, марқұм Әпкең еді ғой. (Өкінішке орай ол кісінің атын ұмыттым.)
Менің бұл жазғандарыма марқұм Әпкеңнің де аруағы риза болар, «жатқан жері жаннатта болсын!» — дегім келеді.
Марқұм Әпкең маған: «Осы жасырын ұйымға қатысты барлық құжаттар мен ұлтшылдық тұрғысындағы барлық өлеңдерінің көзін жойсын», — деген сенің хабарыңды да жеткізген болатын.
Дегенмен сен өз сөзіңді ұстадың, бірақ «үндемес» бәрібір маған да шыққан еді ғой. Оның себебін мемлекеттік қылмыскерлерге арналған құралмен білгенін, кейін өзің айтқан едің ғой.
Әрине сөз жоқ, Арман бұл жерде сен ғана қатты ауыртпалықты көтердің, менің білуімше, мектептен шығарылған, комсомолдан қуылған басқа балалар болған жоқ. Әсіресе, «үн-парақты» басқан машинканың иесі болған қыздың, (өкінішке орай, оның кім екенін және ол қыздың аудандық сотта тергеуші болған ағасының да) тағдыры не болғанын әлі күнге дейін білмейміз. Бұл да бір өкінішті жайт!
Әрине, бұл жерде орын алған осы олқылықтар осыдан отыз жыл бұрын айтылмағандықтан, сіз бен біз үшін кешірілмес күнә секілді. Бұл бір. Бұл ұйымнан қалған жалғыз тұлға «мен» деп жазғаның да пендешілікке бой алдырғаныңды көрсетіп тұрғандай. Тым болмаса, «үндеудің!» сөзін құрастырып, аялдамаларға таратқандардың тізімін берудің де дұрыс екендігін ойламапсың ғой, достым. Барлық адамзат баласы бағзы заманнан әділеттікке, адамгершілікке, адалдыққа ұмтылса да, өмір бойы құлдық пендешіліктен, пенделік болмыстан арыла алмай келе жатқан секілді, неге?!
Қадірлі Арман достым!
Тәуелсіздігін алып, дербес мемлекетін құрғанымен қазақ халқының «ұпайы» әлі де болса толық түгенделіп жатыр ма?!
Тіпті, таза Мемлекеттік Тілде жазылған төлқұжат куәліктің өзінде дұрыс жазылмайтынын екінің бірі біледі. Себебі қазақтың ұлттық өзгешелігіне, ерекшелігіне байланысты аты — алдында, тегі — соңында жазылуы керек емес пе?! Тәуелсіз қазақ мемлекеті Біріккен Ұлттар Ұйымының толық мүшесі болғанымен, өзіндік ұлттық ерекшелігіне байланысты халықтардың дүниежүзілік қауымдастығынан өзіне тән ерекшелікті талап ете алмай отыр ма, жоқ әлде, дәлелдей алмай отыр ма?!
Мысалы, Абай ақын десек, қазақтың екінің бірі біледі. Ал ақын Құнанбаев десек, көбі білмеуі мүмкін. Сол секілді, поэт Александр десе, көбінің білмеуі мүмкін, ал енді поэт Пушкин десе бәрі білетіні анық.
Осыған байланысты бұл арада дұрысы қазақ халқының мәңгілікке арналған тиянақты тұжырымдамасы, себебі адамның аты — ол жеке тұлғаның нақты анықтамасы. Жасампаздықты да жасайтын оның «тегі» емес, жеке Тұлғаның нақты өзі.
Бірақ біз дүниежүзіне өзіміздің осы Бабадан қалған нақты ұлттық тиянақты тұжырымдамамызды ең өкініштісі дәлелдей алмай отырған секілдіміз.
Ал енді, ең сорақысы тіпті дәлелдейтін ниет те жоқ секілді. Сондықтан бұл қалыппен қазақтың рухы қайтып көтеріледі?!
Бұған қоса, осындай келеңсіздіктердің шешілмей жатқан түйіндері, қазақ емес Қазақстан Республикасында әлі де болса жеткілікті. Ендеше, біздің ұсақталған пендешілігіміз жараса ма, достым?!
Негізінде, Қазақ халқы «жасымның жеткеніне емес, қадірімнің кеткеніне налимын», — деген екен.
Әрбір ұлттың қандай халық екені оның салт-сана дәстүрінен танылса, рухани дүниеміздің қуаты болған халқымыздың ұлағатты ұрпағына әспеттеп қалдырған мыңжылдық «аманатын» да жақсы білеміз.
Осыған байланысты Қазақ халқы Мемлекетті құраушы ұлт ретінде өрісі кең өрелі де қуатты, саналы да парасатты болмысын көрсетуге міндетті деп есептеймін.
Сол себепті «Алыста, не алыс?» — деген сұраққа «білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ» деген дана халқымыз осыған меңзеген секілді.
Бірақ «білімділік — жоғары оқу орнын бітіргендік емес, ол сөздің құдіретін «тани» білетінділігі және сөздің парқына «тоқтай» білетінділігі, қысқасы «білімділік — біліктілік!» екенін де дәлелдейді.
Бұл да бір қазақ ұлтының ерте кездегі таза мемлекеттік Далалық демократияның «Ұлылығы!», — дегім келеді.
Қазір біз бүкіл ғаламды шарлап кетсек те, сол дәуірдегі таза Мемлекеттік Далалық демократиямыздың «Ұлылығына», әлі де болса жете алмай жатқан секілдіміз.
Өзекті өртеген өкініш те сол!
Сондықтан халықаралық «Qazaqstan Zamany» газетінің бастамасымен өткізгелі отырған, бұрынғы «жасырын» ұйымдардың 50 жылдық, жарты ғасырлық ғұмырына арналған, «Кеңес кезіндегі «жасырын ұйымдардың қазіргі кезеңдегі қазақтың ұлттық мемлекетін қалыптастыруда атқаратын рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясын толығымен қолдаймын.
Осындай салихалы да сабырлы халқымыз тұрғанда Қазақ Елі әлемде әлі де болса талай «қазақ ғажайыбын» жасайтынына да, адамзат баласының төрінен өзіне лайықты орнын алатынына да толық сенімдімін.
Құдайым, тек соған жеткізсін!!!

АСҚАР СӘРСЕНБАЙ

жазушы-әлеуметтанушы,
Алматы қаласы.

(27)