Үш тұғырлы тіл жайында ата-аналар не дейді?

Мүтәлләп қажы Ғабдоллаұлы, білім саласының ардагері:
— Үш тұғырлы тілді балабақаша, бірінші сыныптан бастап оқытуға түбегейлі қарсымын. Бастауышқа дейін ана тілін қазақша оқысын. Ары қарай қай тілде оқыса да үлгереді. Тілі шығып, миы жаңа жетіле бастаған баланың басын өзге тілмен улауға әсте болмайды. Ана тілінен нәр алмаған бала, ұлтын сүйетін ұлан бола алмайды. Анасын құрмет тұтпаған адам, басқаны, яғни отанды сүйе алмайды. Жаңа өркендей бастаған Қазақстанға олар қарағысы, елге қайтқысы келмейді. Себебі, оның бойында ананың сүтінің нәрі, қазақтың қанына біткен тілі жоқ. Қай ұлт болсын, ана тілін білмесе бәрі бекер.

Абзал Токанов, тәуелсіз журналист:
— Үш тұғырлы тілдің енгізілуіне қарсымын. Себебі туған ана тілімізді білмей жатып жаңа ғана мектеп табалдырығын аттаған балдырғандар бірден орыс тілін, одан ағылшынша тілін сындыруы жөн болмайды. Өйткені, ана тілін әлі дұрыс танып үлгермеген балаға бірінші сыныптан бастап-ақ ағылшынның қосылуы баланың дұрыс дамуына кері әсерін тигізеді. Әрине, қазақ «Өзге тілдің бәрін біл…» деп басқа тілді білудің жаһандық заманда ағылшын тілінің орны мен басымдығы бары рас. Дегенмен оны баланың аздап есейген кезінде қолға алғаны жөн сияқты.

Қуаныш Оспанов, ақын, жас әке:
— Үш тілді оқытуды балабақша түгілі 1 сыныптан оқытуға түбегейлі қарсымын. Ұлым өткен жылы 1 сыныпта оқыды. Қаншама қиындық туындады десеңізші! Кирилицамен қосып ағылшынша үйренген /латын/ әріптерін араластырып жаза беретін болды.  Бұл миы толмаған баланы шатастырып, білімін тежеу деген сөз. Қазақ тілі орыс тілінен көш кейін қалды. Ағылшын тілі орыс тіліне қарағанда қажеттілігі әлемде алда. Ағылшын керек десе, орыс тілін кейінге шегеріп  бастауыштан соң оқыту керек. Үш тіл балаға ауыр және қазақ тілінде сөйлеу, жазу дегеніміз қазақ тіліне жасалған зор қиянат.

Қаратай Байкенұлы, тіл маманы:
— Мемлекеттік тілді білу — өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі ғана емес, мемлекеттігімізді сақтаудың бірден-бір тірегі. Басқа тілді білген еш артық емес. Тек, өз тілімізді жоғалтып алмасақ болғаны. Көп жерде қазақ тілі, әсіресе солтүстік өңірде,  орыс тілінің тасасында қалғанына көріп отырмыз. Осыны көре, біле отырып, ағылшын қосылса не боламыз деп, үрейлену орынды. Бірақ, ағылшын тілін үйренуге, үйретуге ешкімде қарсы емес. Тек, ойлау қабілеті жетілген соң бастауыш сыныптан кейін оқытса құба-құп болады.

Қалқабай Темдег, ұстаз:
— Үш тілде  оқыту жайлы көз қарасым екі түрлі.
Себебі, баланың тілдік дағдылары ерте қалыптасу үшін бастапқы сыныптардан бастап оқытқаны жөн деймін. Ал екінші жағы  баланы  физиологиялық тұрғыдан алып қарағанда үш тілді қосып оқыту қиын деп ойлаймын. Балаға  ең алдымен өз ана тілінің қадір-қасиетін бойына сіңіріп санасына құю керек.  Бірақ әр баланың әртүрлі қабілеті бар. Олар тілді меңгеріп кетеді. Ойлау қабілеті кемшін, тілі мүкіс балалар үш тілді бірдей меңгеріп кетуі өте қиынға соғады. Қазіргі оқып жатқан балалар ағылшын тіліндегі  латын, орыс тіліндегі кирилше әріптердің айтылу, дыбысталуы бөлек болғандықтан сауат ашу кезінде бала  шатастырып алады.

Лиза Хурманхан, ауыл мұғалімі:
— Бастауыш сыныпта баланың тілі ана тілінде қалыптасуы керек. Үш тілмен негізі қаланған бала ана тілінің мейіріне қанбайды. Ұлтының тілін, ерекшелігін сезінбей қалады.
Бізде ағылшынша оқытып жатыр, нәтижесі жаман емес сияқты. Ал балалар өз тілінен гөрі жат тілді жақсы көре бастағаны байқалады. Оларда не кінә бар? Оң солын танымаған сәби ғой. Болашақтары қорқынышты, ағылшынша сайрағандарына мәзбіз, ертең өз немеремізді түсінбей қалатынымызды ойламаймыз. Ал тілі жоқ ұлт жойылады.

Аслан Оспанов, журналист:
— Қазіргі заманда барлық технология тілі, яғни бағдарламалардың кодтары ағылшын тілінде жазылған. Жаңа технологияны меңгеріп, жаңа заманға сіңісу үшін тіл білу керек. Тек ағылшын тілін ғана емес бірнеше тілді меңгеру технология саласы үшін өте маңызды. Қазіргі таңда ғаламторсыз күнді тіпті елестете алмаймыз. Сонымен қатар шет-елдермен әртүрлі типтегі қарым-қатынас өте маңызды болып саналады. Сондай-ақ дамыған елдер қатарына кіру үшін ел экономикасын жоғары деңгейге жеткізе білу қажет.
Көштен қалмай емес, оның алдында болуға тырысуымыз керек. Кейбір дамыған елдерде ағылшын тілі 5 сыныптан оқытылса, біз одан ерте бастағанымыз жөн болады деп есептеймін.

(22)