Тәрбие деген ұшы-қиыры жоқ ғаламат

Тәрбиеші болу оңай ма, қиын ба? Сондай-ақ кез келген адам тәрбиеші, мұғалім бола  ала ма? Нағыз тәрбиеші болу үшін қанша уақыт  оқу  керек?.. Міне, бұл жұмысқа байланысты басқа да осы тәрізді сұрақтарды тізбелей беруге болар еді. Себебі, тәрбие деген нәрсенің ұшы-қиырына жету тіпті де мүмкін болмаса керек. Өйткені ол күнбе-күн заманмен бірге толығып, тереңдеп, әрі жаңарып  отыратын  жанды процесс, интелектуалдық  дүние емес пе?.. Ал біздің әңгіме — нағыз тәрбиеші қандай болуы керек, әрі ондай жандар бізде бар ма деген сауал төңірегінде аз-кем болжау ғана…

Әлбетте, жақсы мамандар, нағыз тәрбиешілер бізде бар. Оның жарқын мысалын кез келген мектеп өмірінен табуға болады.
Жас кезімде Шұбар ауылында (Талдықорған облысы) интернатта жұмыс істеген бір мұғалима жайында естіп, таң қалғаным бар. Ол өз сабағына тексерушілер (директор, завуч, не жоғары жақтан, әрі көбінше олар ескертпестен келетін ғой) қатысып отырғанда, тақтаға  ешқашан жақсы оқитын оқушыларды шығармайды, керісінше — ең нашар үлгеретіндерді орнынан тұрғызып сабақ  сұрайды екен. Ол мұғалім ешқашан өз рейтингі үшін қам жемеген. «Кластың үлгерімі төмен дәрежеде» деген ат аламын деп жасқанбаған. Шын жағдайды жасырмаған. Есесіне, ол кісіден оқыған оқушылар ішінде математикадан үлгермеген  не  бұл пәнді ұнатпайтын бала болмаған. Сол ұстазының жолын қуып, сол сияқты адал да әділ болған мамандарды көзіміз көрді.
Ал қазір әңгіме сол ұстаз тәрізді қиын пәндердің бірі саналатын математика саласын таңдап, бұл ғылым бастауында балаларға терең білім беруге ұмтылған жанның бірі — Риддер өңірінде туып, Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, қияндағы кішкентай қала, ел картасына да әлі ене қоймаған, темір рудасы өндірілетін Қаражал деген жердегі шағын мектеп түлектеріне ұстаз болған Сақып Шәпиқызы Арбиева жайында еді.
Сақып — өзі мектепте оқып жүргенде өте белсенді оқушы болды. Ол барлық пәндерге  жүйрік еді. Әрі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Бір ғажабы, дауысы да  керемет еді. Адамға сирек бітетін нағыз сопраноның өзі болатын. Оның өз ойында сол кездегі ВГИК-ке бару да (Мәскеу) жоқ емес-ті… Әйтсе де «барғызбасың барғызбас» деп бекер айтылған ба?.. Соғыс пен одан кейінгі  ел тірлігі… Әкесі майданнан жараланып, жарымжан боп оралды. Үйдегі ауру-сырқау  бала-шаға… Бұл  сол шақтағы  көптің басындағы жадау тұрмыс…
Бірақ Сақып әкесі мен анасының, бауырлары мен әпкелерінің сүйіспеншілігіне шомылып, бауырмал жүректер бауырында еркін өсті. Ал анасын Сақып «нағыз энциклопедияның өзі» деп санайды. «Ол кісі мақалдап, мәтелдеп сөйлегенде, оның айтқандарын мүлт жіберу мүмкін емес-ті» деп еске  алады. «Бар болса — бер», «Береген қолым алаған», «Тірі  жанды  ренжітпе», «жалқауланба», «өтірік  айтпа» деген қарапайым  сөздері Сақыптың жан-дүниесіне бала  кезден  әбден сіңген, жатталып  қалған нәрселер. Кейін дағды-мінез болып қалыптасқан дүниелер.
Осындай таза бастау-бұлақтан мейірі қана сусындаған Сақыптың отыз жылға жуық өмірін табан аудармай  мұғалімдік  қызметке, тәрбие ісіне, ал  соңғы жылдары Алматыдағы жетім балаларға  арналған мектеп-интернатта аянбай  еңбек етуі — сондықтан да болар.
— Жетім бала дегенді естігенде жүрегімді аяныш сезімі билейді. Олардың жағдайын түсінуге, әрқашан көмектесуге тырыстым. Мемлекет тарапынан да олар қамқорлыққа  алынған ғой. Осыны да  ұқтыруға көңіл бөлдім, — деді ол бір әңгімесінде.
— Әйтсе де  өзіндік  қиындықтар да аз болмаған шығар…
— Иә… Себебі олар әкеден не анадан, кейде екеуінен де айырылған, жүректері жаралы, күрделі тағдыр иелері емес пе? Мәселен, бір жасөспірім болды. Әуелде ұйқыдан бас алмайтын, «Тұр, тамаққа баратын кез болды», — деп оятсам, «қазір», — дейді де, екінші жағына аунап түсіп  ұйықтай береді. Ренжитіндері қаншама. Қыңырлары да жеткілікті.
Қашатындары да бар-ды. Әрине, бәріне режимді ұқтыру, тәртіпке келтіру оңайға түспеді. Бірақ қазр солар бір-бір мамандық алып, оқу-оқып, өз жолдарын тауып кетті. Міне, біз үшін сол қуаныш.
Осындайда есімі Европаға белгілі, әйгілі дәрігер, педагог, жазушы Януш Корчактың өмірі еске түседі. «Сәбиді кішкентай демесең, ол да кісі, кішкентай Адам…», — деп жазған еді ол. Баланы бала демей, өзіңе тең адамдай санау — тәрбие процесінің бір ерекше түйіні сол шығар деген ойдамын.
Сақып Арбиева оқушы балалар арасында да, оқытушы-ұстаздар арасында да жоғары  беделге ие бола білді. Менің қолыма ойда жоқта ұжым-қызметкерлерінің Сақып туралы жазған пікірлері түсіп қалды. Онда мынандай сөйлемдер бар екен. «Ол мектептегі әдемілік пен сұлулық символы», «жүріс-тұрыс, сөйлеу мәнерінің шебері», «өз проблемаларымызды айтып барсақ та   тыңдай біледі, көмегін аямайды (ол завуч еді), «ешқашан қолымызды қайтармайды», «біз жыласақ бірге жылап, қуансақ балаша бірге қуанады»…
Міне, осынау жүрекжарды пікірлерден соң, Сақыптың ресми мақтаулары мен марапаттаулары, өсу жолдары мен қызмет деңгейі жайында сөз қозғауды  артық  деп  санадық.
Негізі, жетімдерді жебегеннен артық не болсын. Жалпы, тәрбие деген — ұшы-қиыры көрінбейтін ғаламат  емес пе, сондықтан олар  нағыз иманды  істі  атқарып жүргендер болар…

Кәмила Құдабаева, жазушы,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
В. Пикуль атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың
лауреаты.

(17)