Абайды қорлаған Нұрлан Байділдә заң алдында жауап берсін!

«Алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық», — деп ұлы Абай бүгінгі қазақтың өзара ырылдасқан қиқым күйін болжап айтқандай. Содан да данышпан бабамыз «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» дегені хақ. Алайда Абай қазіргі кей қазақпен де «мыңмен жалғыз алысарын» сезді ме екен?! Жоқ, өз қазағының қайсыбір ұрпағы қаралаған бұл «төркіні белгісіз айқаста» Абайдың «жалғыз алысуына» күллі қазақ баласы жол бере қоймас!

Жә, ретімен баяндайын. Ағымдағы жылдың 24-25 шілде күндері бүкіл әлеуметтік желілерден, белсенді сайттардан Нұрлан Байділдә есімді азаматтың мәлімдемесі тек қазақты ғана емес, адамдық қасиеті бойында, ар-иманы жүрегінде түюлі  жандарды тіксіндіріп тастады. Екі күн бойы KYN.KZ, SMARTNEWS, Qamshy.kz  сайттары қазақты құтқарушы «періштенің» ұлағатын тауып алғандай жарыса бөліскен жазбалар көпшілік оқырмандардың наразылығын тудырды. Жаппай наразылық білдірген халық өкілдері әлеуметтік желілерде толассыз жазып жатты. Енді сол Нұрлан Байділдә есімді атақтыға айналған «атақсыз арлының» әр сөзіне дәлелмен жауап берейік.
Qamshy.kz ақпарат агенттігі жариялаған жазба «Абай 21 ғасырда өмір сүрсе, ары кетсе блогер болар еді» деп аталады. Бұған берер жауабым — бүкіл әлем мойындап, бас иген Абайды блогер бейнесінде ғана көру — наданның ісі. Наданға арнап қандай уәж айтасың?!
Екіншіден, «танымал кәсіпкердің бұл пікірі қоғамда резонанс тудырды» деп атағын айға асырған Нұрлан Байділдә Абай турасында жақ ашпас бұрын, Абайдың өз тілінде сөйлегені жөн еді. Ол өзі жариялаған бейнежазбасында орысша шүлдірлеп, Абайдың 1-қарасөзінің орысша нұсқасын оқып тұр. Және өзінше, тек өзінің тар өресімен таразылаған болды. Атап айтқанда, «Мен Абайды ұлы адам деп санамаймын», — деп сандырақтады. «Батыр болды ма, әлде ел басқарды ма, тіпті бір ауылды да басқармаған», — деп есінен адасты немесе алжасты. Дәл осы сөзіне тарихи дәлел — Абай 1876-1878 жылдары болыс сайлауында жеңіп шығып, Қоңыр-Көкше еліне болыс болады. Яғни, Нұрлан кәсіпкердің «білімі тасып», «ол тіпті ауылды да басқармаған» деген сандырағын тарихи шындық мүлде теріске шығарып тұр. Кімнің қолтығына бүріккен суынан «шабыт» алса да, Нұрлан тым болмаса Абай туралы титтей бір деректі де дөп басып айтуға да қауқарсыз. Бұл оның орысша былдырын Абайды қаралауға арнағаны мақсатты болғанымен, Абай мұрасы жөніндегі білерінің шамалы екенін айғақтайды. Абай болыс болған, бір ауыл емес, болыстық басқармаға қарасты ондаған ауылды әділ билегенін қазақ тарихы қашан да растай алады.
Үшіншіден, сайттар «танымал кәсіпкер» деп дақпырттаған Нұрлан Абайдың әкесі Құнанбайды «красавщик» деп кекештенді. Орыс тілін де аса жетік білмейтінін осы бір «красавщик» сөзімен «білдірмей» байқатып алған «білімді кәсіпкер» Құнанбайдың жеті атасына дейін «красавщик» емес, қара қылды қақ жарған әділ болыс, басқарушы тұлға болғанын білмесе керек. Сөзін жұптап алмай, қалың елдің алдына бейнежазбамен көлбеңдеуі қай сасқаны? Нұрланды «дайындаған мықтылар», (солай деп ойлаймын) оның аузынан шығар сөзін де неге «сайлап» бермеген?
Төртіншіден, қара суды теріс ағызған Н.Байділдә «Абай 45 жасқа дейін ештеңе істемеген. Ол әйелдерді жақсы көрген, өлең шығарған», — деп өресіздігін анық көрсетті. Абайдың саналы ғұмырында қазақ үшін, жалпы адамзат құндылығы үшін жасаған игі істерін тізімдемей-ақ қояйын. Басты айтарым — Абайдың махаббат лирикасына арнаған өлеңдерінің шетін де қаужай алмайтын Нұрланның данышпан Абайды «әйелдерді жақсы көрген» деп көргенсіздікпен ел алдына шығуы — түлен түрткеннің белгісі. Оның өзі емес, сыртында «түрт, шайтан, түрт» деп тұрған «әлдекімнің» барына сенімім кәміл. «Жай ғана өлең шығарған», — деп жайдақ атқа теріс мінгізгісі келген Абайдың тұтас адам баласы мойындаған ұлы ақын екенін бұл поэзиядан, жалпы өнерден еш түйсігі жоқ «кәсіпкер Нұрлан» қайдан білсін? Ал Абай 4-қара сөзінде «Өнерсіз — иттің ісі» депті. Өнері жоқ, өнерді бағалай алмайтын надандықты хакім осылай атапты. Ендеше, Нұрлан, жөніңізді біліңіз! Абай мен қазақ — біртұтас ұғым. Абайды ешкім емеске теліп, оны жоққа шығармақ болған әрекетіңіз — ұлтты арандату, бүтін бір елді жікке бөлу, ақпараттық тұрғыда адастыру. Бұл әрекеттің салмағы қандай екені заңда қарастырылған. «Өзі жоқтың көзі жоқ» деп аузыңа келгенді құса берсе құп» деп әлдекім бұл «танымал кәсіпкерге» ақыл берген сыңайлы. Алайда жұрт алдында жеке адамның, тіпті бір топтың, ұлттың беделін түсіретін, жала сипатында айтылған тұрпайы, дәйексіз ақпарат қылмыстық іс болып табылады.
Бесіншіден, SMARTNEWS сайты «Нұрлан Байділдә Абай Құнанбаевтың жалған образдағы адам», — деді, атауымен құрғақ рейтинг қуалаған жазбасында кә-сіпкер Нұрлан «Абай Кеңес өкіметі ойлап тапқан жасанды пьяр образ», — деп мүлде есіріктенді. «Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында Абай бірде-бір істі соңына дейін жеткізбеген» деп «кемеңгер кәсіпкер» айды аспанға шығарды. Бұған айтар уәжім мынау «Абай жолы» роман-эпопеясын оқымақ түгіл, оны қолына алып та көрмеген дүбәра кәсіпкердің Абай жайлы сөз қозғауға хақы жоқ. Абайға тіл тигізгенін Нұрлан өз бейнежазбасында: «Мен Абайды қаралағым келмейді. Бірақ ақиқатты айтар уақыт жетті», — деп мойындап тұр. Сондағы айтпағы кімнің ақиқаты? Ақиқаты сол — Абай ұлы ақын, қайталанбас сазгер, көркем аудармашы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ жазба әдеби тілінің негізін салушы, ағартушы, саяси қайраткер, жүрегінде ұлттық жалыны бар әр қазақтың рухани Темірқазығы.
Нұрлан сөзінің соңында «Абайға еліктеген ұлт мықты болмайды», — деп бетпақтанды. Енді, тек қазақ қана емес, әлемде Абай есімінің қалай ардақталып отырғанына дәлел келтірейік.
Абай есіміне көше, саябақ беру, ақынға арнап ескерткіштер орнату әлемде кең қанат жайған. 1988 жылы Киев қаласында Абай атындағы көше ашылған. Абайдың 170 жылдық мерейтойы құрметіне орай Белоруссияда «Абай жалпақ әлемде салтанат құруда» атты сайт өз жұмысын бастаған. Лондонда «Абай үйі» бар. Египет пен Францияда ғұлама ақынның ескерткіштері қойылған. Алыс-жақын түркі тестес елдердің барлығында дерлік Абай атында көшелер мен ескерткіштер бар. Алыс Үндістанның астанасында да Абай атында көше бар. Берлиннің орталық көшелерінің бірі де ақын атымен аталады. Мәскеуде де данышпан атын алған көше бар. Бұның бәрі бүкіл дүниежүзінің Абай есімімен сусындап, адамдықтың бір атасы Абай деп біліп, қасиет тұтып отырғанын көрсетеді Нұрлан «қазақ оған еліктесе, мықты болмайды» деп тон пішкен, «ұлы емес» деп ұятсыздықпен өршеленген сөздерінің еш ақиқаты жоғын әлем елдерінің Абай есімін аялап, оның рухани мұрасынан үздіксіз сусындап жатқаны айқын дәлел.
Мұқағалиды «ішкіш» деді. Анау бір жылы Абайды «қортық» деп тантыды. Енді қайталап келіп, қасиетті ұлт тұлғаларына, қала берді адамзат ардақтыларына қайта ауыз салды. Және ең сұмдығы — бұл дақпырттың елдің назарына үздіксіз, жүйелі ұсынылып, еш жүген-құрық көрмеуі. Жүген-құрық жоқ демесін. Ол бар. Яғни, ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабында дәл осы Нұрлан кәсіпкердің «әйгілі әрекеті» қылмыс деп танылады. Кәсіпкер үшін де, қазақты, қазақтың Абайынан бастап өзге де ұлыларына тіл тигізіп, қазақты жерге қарату мақсатын көздейтін өзгелер үшін де сол бапты сөзбе-сөз келтіріп отырмыз.
ҚР ҚК-нің 174-бабы: «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру»
1. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, сол сияқты азаматтардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін олардың діни көзқарасы, тектік-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік қатыстылық белгілері бойынша насихаттау, егер бұл әрекеттер жария немсесе бұқаралық ақпарат құ-ралдарын немесе телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып жасалса, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Кәсіпкер «кәсібін жасап» Абайымызға қазақтың арына тіл тигізді, қорлады. Оны өмірі ештеңе жасамаған деп дүбәра ақпарат таратты. Бұл әрекетінен қылмыстық құрам істің қасақана жасалуынан әрі оның әлеуметтік желілер арқылы кең тарауынан мен мұндалап тұр. Нұрлан Байділдә, Абайды сыбайтындай сіз кімсіз? Кәсібіңіз ұлыларды «ұрып-соғу ма?» Нұрлан Байділдә, сен ұлттық намысты шабақтап арандатушысың ба, әлде ел арасын ала тайдай бүлдіруді мақсат тұтқан «әлдебір» топтың айтағына ерген ермегісің бе? Қайсысы болсаң да, оны анықтауды заңға қалдырдық. Абайын, арын қорлап, қазақтық намысын таптап жатқанда, бей-жай қала алмаған әр қазақтың, тіпті бар қазақтың ойы да осы деп білемін. Абайды ешкім еместей көрген Нұрландай көзін шел басқан бағзыбіреулер өз әрекеттеріне заң алдында жауап берсін!

Айзат Рақыш

(22)