«Патша» қорғаны зерттеліп жатыр

Қазақтың жері қандай кең болса, тарихы да соншалық тереңде десек артық емес. Бір ғана Астана қаласының аумағын шарлап шықсаңыз шежіреге толы көне заманғы қорымдарға кезігесіз. Еңбегінің нәтижесін кітаптан не музейден көріп-білетін археологтар ел мен жер тарихының ашылмаған сырларын ақтаруға тағы бір бекініпті.

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен елорда іргесінде орналасқан патша қорғанында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зерттеушілер тобы екі аптадан бері бас алмай қорғанның жоғарғы қабатындағы шамамен 2,5 мың жылдық тарихы бар 7 зиратты қазу үстінде. «Бұл қорған қазіргі заманғы мегаполистің аумағында сақ дәуірінде де тіршіліктің болғанына дәлел. Ал жерлеу рәсімі бойынша зираттар 15-16 ғасырларға жатқызылды», — дейді қазба жұмыстарымен айналысып жатқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Есіл археологиялық экспедициясы мамандары. Яғни, жерлеу рәсімінен мұсылманшылық ғұрып көзге ұрып тұрғандықтан археологтар бірауыздан осындай тұжырым жасаған. Сондай-ақ екі моладан әшекейлер табылса, біріншісінен қола сырға мен күміс жіп шықты. Ал әйел адамның қабірінен неке жүзігі табылды.
Қорған Қарағанды қаласына барар жолдағы Күйгенжар шатқалында орналасқан. Бүгінгі таңда сақтар қорғанының шет жағында қазақ зираты бар. Таспен көмкерілген қорғанның биіктігі 4 метр болса, диаметрі — 60 метр. Оның гранит плиталары Нұра өзенінің жағасынан алынғаны белгілі. Зираттардың қай ғасырға тиесілі екенін топырақтың түсіне қарап анықтаса да, ғалымдардың нәтижелі жұмыс жасауына кедергі болып отырған бір жайт бар. Мәселе қорымның бұған дейін тоналуында дейді олар. Қорымның дәл ортасында біршама ойыңқы жерлер бар. Бұл 2010 жылдан бері жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарына жататын қорғанға бұған дейін де өзгелердің қолы тигенін айғақтайды. Күш-жігерін қазба жұмыстарына сарп еткен археологтар жақын күндері басқа да құнды жәдігерлердің табылып қаларына сенімді.
Патша қорғаны — «Киелі Қазақстан» жобасы аясында Астанада биыл зерттеу жүргізу жоспарланған 4 археологиялық ескерткіштің алғашқысы. Ал жыл соңына дейін Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен тағы 3 аумақта қазба жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

(20)