Жолың болсын, жас ақын!

Ақтілек Абайқызы

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Мақаш ауылында 1998 жылы 10 желтоқсанда дүниеге келген.
Әбу Сәрсенбаев атындағы қазақ орта мектебінің түлегі.
Қазіргі таңда Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің журналистика мамандығы бойынша 2 курс студенті.
Жанына қаламды серік еткен жас ақынның төл туындылары басылым беттерінен төбе көрсетіп тұрады. Олардың бірқатары аудандық «Серпер», Облыстық «Атырау» газетінде, Республикалық «Ұлан», «Үркер», «Мектеп мерейі», «Тәуелсіздік тірегім теберігім» атты газет-журналдарда, Республикалық «Жастар жырлайды» жыр жинағында өлеңдері жарияланған.
Бірнеше сайыстар мен жыр мүшəйраларының жеңімпазы атанған жас қаламгер республика көлемінде бағындырып үлгерген. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық байқауының Гран-При иегері.
Ақын Фариза Оңғарсынова атындағы шəкіртақы иегері.

Ақтілек Абаеваның біраз өлеңдерін оқыдым. Жасынан ойы үлкен, әдемі нәзіктігі мен қайсарлығы қатар өрілген жыр-шумақтарына тәнті болдым. Ақындықтың желпу берсең лапылдай кететін ғажайып ұшқындары сезіледі. Бірақ өмір ол ойыншық емес, өмір, ол — өмір! Өмірде бәрі де кездеседі. Өкініш, қуаныш, махаббат, сезім, сағыныш… бәрі, бәрі. Айтайын дегенім, ешқашан өкінбейік. Өмірің әлі алда, тек қана қиыншылыққа мойыма, алдыңа мақсат қой, биікке самға. Тек алға! Сен — адамсың. Сен бәрімен де теңсің. Тек қана ішіндегіні ақ қағазға армансыз ақтара алар бақытты ақынмінезді адам болып жаратылғансың. Бұл қасиет Алладан берілген. Соны қадірле. Сені басқа біреулер  сырттай білгенмен, іштей қандай адам екеніңді түсіне бермейді.
Қызғаншақтық, көреалмаушылық, іштарлық өнерде оздырмайды, осыны біліп қой. Сол үшін, әрқашан өмірде қарапайым, өлеңде ерекше болып қалу керек! Бала болып қалу керек, ал үлкен болып үлгересің.
Абай ата айтпақшы, «Адамзаттың ең жаманы — талапсыз» Әрдайым өз жүрегіңді тыңда. Қазіргі жастарда зор мүмкіндік бар. Неістегің келеді бәрі дайын. Үйірмелер, ғаламтор, веб-сайт ішінде бәрі бар. Ойын камера… және кітап оқығың келсе электронды кітаптар бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман! Ойың озық болсын, Ақтілек!

Мылтықбай Ерімбетов, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі,
«М-Талант» баспасының
директоры, «Мырзашөл» журналының бас редакторы.

Өлең сүйген жүрекпен…

Аппақ қарда қаралықпен қоштасып
Ант ішкен ем берілмейм (ін) деп ой-мұңға.
Мен содан соң жалғыздықпен достасып,
Жалғыздықтың еніп кеттім қойнына.

Жұбатуға кеудемді әлсіз танамын
Жан-жараның емі бар ма? Наламыз!
Жат көретін жалғанымның талабын
Жүрегімді аяп кеттім шарасыз.

Тоңып жүріп байқамайсың, тозасың.
Өксігеннен саған қанша аһ ұрдым.
Дүрліксең де жамау жүрек соғысың
Үлпіліңнен үркіп бара жатырмын.

Бекзат күнді аңсағаным айып па?
Өлеңімнің өресін кеп өпкенде.
Бәрін тастап кетсем бе екен ғайыпқа
Ақ жаңбырлар аманатын төккенде.

Пәтуасыз ұсынып кеп тәтті уын,
Жетіміндей текпілейді тағдырым.
Таба алмайтын араласам бақты мың,
Бағзыдағы бақытым ең барлығың.

Елең етер ессіздікке ермес ем,
Кемшілікті ар сотына жазыңдар.
Мен бәрібір өлең үшін күн кешем,
Ғұмырыма барма әділ-қазылар.

Өлең үшін мен өмірге ғашықпын,
Ал өлеңде қалмау  керек бақ жанбай.
Жаулап алса жұпыны өлең жасық мұң,
Сұстан келіп, тұстан төнер қанжардай.

Шығу үшін қоюланған түнектен,
Өмір үшін беттей бердім қадамды әр.
Өлең үшін жаратылған жүрекпен,
Мен сіздерді жақсы көрем адамдар.

Қырық шілтен қорғамаса ғайыптан,
Төселгеннен сақта, құдай, табанға әр.
Алақандай жырмен ғана айыққан,
Жүрегімді жылатпаңдар адамдар!

Ал өмірдің шындығы…

Терем десем телмірер тармағымды,
Кезім бар ма құшатын арда күнді?!
Көз алдымда жүргендер көңілде жоқ,
Сарсаңның да әуреге салғандығы!

Қасы емес асы көрер қармағымды,
Бұл күнде барлық тірлік барға үлгі!
Жиында жиырылар жақын үшін,
Тістеп жүрмін шарасыз бармағымды!

Қайтейін құзыры жоқ таңдарымды,
Асылдан артық көрдім жан-жағымды!
Бір-ай, бір-күнді себеп қылып,
Табанға төсей салды арманымды!

Кезің қайда күрсініп қалғанымды,
Ұғынатын ұлы күш бар ма сүлгі?
Сүйреліп кеп құр сүлдем сүйенгенде,
Артпашы е-ее-ей Жасаған, салмағыңды!
Көздесем де алыстан алмағымды,
Түтетіндер тосады бар маңымды.
Ақымақ боп ақиқат іздеп жүрмін,
Ал өмірдің шындығы-жалғандығы!

Мен қазақпын!

Мен қазақпын ұрпағы Көк Түріктің,
Тамшысы бар бойымда тектіліктің.
Ұлықтаған өрлігін ұлылардың,
Ұмытпаған дәстүрін ескіліктің.

Мен қазақпын халықтың бағын ойлап,
Ұрандатқам ұрыста Абылайлап.
Абай сынды алыптан тарағанмын,
Кететұғын жыр десе жаны жайнап.

Мен қазақпын мейірбан жанға құмар,
Жүректерін тек ізгі жандар ұғар.
Бойларында жаудан да қаймықпайтын,
Әлия мен Мәншүктің қандары бар.

Мен қазақпын жүректе ар-иманын
Таза ұстаған, сол жайлы сан ойладым.
Намысы бар кеудемде және сосын
Мінезі бар өршілдік Фаризаның.

Мен қазақпын бәріне бауырмалмын,
Досты сатсам, Тәңірім, жанымды алғын.
Жанымдағы жандардың амандығын,
Тілеуменен бастаймын таңымды әр күн.

Мен қазақпын бір сырлы, сегіз қырлы,
Ән-күйменен жүрегім егіз сынды.
Сайрандаған сал-сері тұқымымын,
Жайрандаған айналам тегіс нұрлы.

Мен қазақпын Алаштың айбынымын,
Жақындатқан көктегі Айды бүгін.
Кірбің салмай халықтың көңіліне,
Айналдырар шаттыққа қайғы-мұңын.

Мен қазақпын, қыздарын жылатпаған,
Жөн-жосықсыз өзгеге кінә артпаған.
Жақсылыққа әрдайым үйір болып,
Жақсылардан бір қадам жырақтаман.

Мен қазақпын қариясын құрметтеген,
Ақ жаулығын анамның кірлетпеген.
Іштен шыққан жауымды қарғап-сілеп,
Күшпен жығып жатпаймын күндеп те мен.

Мен қазақпын сүйенер Жаратқаны,
Жүзін бұрып Құбылаға қаратқаны.
Құлшылық қып жалықпай әр түн сайын,
Құлшылықпен ататын әр ақ таңы.

Мен қазақпын досқа адал қасымдағы,
Менің сенен достарым асыл бәрі.
Мен қазақпын брымды аялаған,
Місе тұтқан бағымды басымдағы.

Мен қазақпын, өлгем жоқ! Қайта келдім,
Иесімін осынау байтақ елдің.
Киесімін ән-күй мен өлең-жырдың,
Айта бергім келеді, айта бергім…

(9)