Адами капиталдың арқауы — рухани кемелділік

Рухани жаңғыру — халықтық мүддені әділетті қоғамға бастайтын айқын феномен. Біз Мәңгілік ел боламыз десек, ұлттық негізімізде бар төл мәдениетіміздің озық жетістіктері мен үлгілерін бүгінгі күнге қиюластыра отырып, халқымыздың санасына одан әрі құя  түсуге тиістіміз.

Халқымыз қайырымды, иман жүректі, зайырлы елге айналуы үшін абыройлы өмір сүрудің платформасын қалыптастыру да бүгінгі мұратымыз. Ол үшін мемлекеттік жүйе аппаратында ой тұтастығы қайта жаңғырып, ұлттың мүддесі жолында адал қызмет ететін,  халықтың қажеттіліктерін, мұң-мұқтаждарын қамтамасыз ететін білімді, еркін ойлы, қайырымды, ұлтжанды зиялылар қатарын молайта беруіміз керек. Әрбір қазақ баласы еркін, тәуелсіз болу үшін білім керек, дәулетті болу үшін кәсіп керек, қайратты, күшті болу үшін бірлік керек, ал мейірімді болу үшін көркем мінезділіктің жарқын үлгісін   ынталандыра түскеніміз абзал. Бұл бізге дейінгі ұлы бабаларымыздың өсиеті мен аманаты.
Рухани жаңғыру ұлттық дүниетанымымызды қалыпқа келтірудің әділетті қоғам құрудың негізгі аспектісі. Қазақстан жаһандық бәсекеде әлемдегі озық 30 елдің қатарынан орын алуды мақсат етіп отыр. Жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті ұлт қана өзінің ұлттық белгілерін, нышанын, мәдениетін сақтай алады. Елбасы «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен анықталады», дей келе, ел-жұртқа бәсекелестіктің қарымын мынадай белгілермен айқындайды. Олар біріншіден, ақпараттық-бағдарламалық технологиялардың қыр-сырын еркін игеру, екіншіден, көп тіл білу машығы, үшіншіден, Ұлы Абайдың «Адам баласына адам баласының бәрі — дос» деген қағидасына сай толеранттылық мәдениет иесі сынды азаматтық келбет бәсекеге қабілетті болудың басты шарты  екенін  түсіндіреді.
Ұлы ақын, ойшыл, хакім Абай Құнанбайұлының ұлағатты ойлары, өнегелі сөздері қашанда жадымызда. Оның шығармаларында адам бойындағы ең ізгі қасиеттер — адамгершілік, ар-ұят туралы айтқан асыл сөздері жетерлік.
Қазақстандық дамудың қандай да болсын межелеген маңызды мақсат-міндеттерінің қақ ортасында адами ресурстардың әлеуетін асқақтату ерекше назарда болуы да  сондықтан.  Адами қапиталдың арқауы рухани кемелділік пен азат болмыс-бітім.
Рухани-адамгершілік тәрбиенің өзектілігінің ұштығы  неде? Ел тәуелсіздігін алғанға дейін біз ұлт ретінде ұрпақ тәрбиелеу, ұлттық қасиетімізді дәріптеу, толық адам ретінде әлеуметтену мәселелерін тиіп-қашып болмаса, кең түрде талқылап халықтың санасына ұялата алмадық. Тәрбиенің де жақсы тұстары болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Рухани-адамгершілік тәрбиенің өзектілігі — ол барлық пән арқылы жеке тұлғаның адами қасиеттерді меңгеруін, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректе (Абай) болуын талап ететін, адамның өзін-өзі реттеуін, жүзеге асыруын, әлеуметтенуін қамтамасыз ететін ұлттық құндылықтар арқылы ата-бабамыздың қанында бар қасиеттерді бойға сіңіруді талап  ететіндігін ескермедік.
Бодандық психологиядан арылу, тәуелсіз елдің азаматы екендігімізді сезіну үшін де рухани жаңғыру қажет. Елбасы мақаласында тілге тиек болған Абайдың даналығы  біздің рухани мәдениетіміздің  бастауы. Ол мәдениет баршамызға ортақ. Осының бәрі жиылып, ұлттық бірегейлікті құрайды. Осы арада назар аударарлық  бір жайт, ұлттық бірегейлік, ұлттық код деген тек қазақтарға ғана тән болмаса керек. Бұл — барша қазақ жерінде  тұратын ұлттарды біріктіретін, отансүйгіштік идея төңірегіне топтастыратын күш болуы тиіс.  Алға басудың екі шартына — біріншісі, ұлттық код, яғни, ұлттық сипат пен бірегейлік және мәдениетті сақтау, екіншісі, өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту қажеттігіне мойынсұнуымыз керек.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында, «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», деген Президент пікірінің шынайылығы мен   ұшқырлығы тереңде  жатыр.
Қарап отырсақ, хакім Абай XIX ғасырдың аяқ шенінде халқымыздың бойындағы жағымсыз қасиеттерді көрсетіп, қатты сынға алған екен. Қара басының қамын ойлайтын, біреуді алдап, біреуді арбап күн көрушілерге, өзінен күшті әкімдер алдында жағымпаздықпен көзге түсіп қалуға тырысушыларға Абай мейлінше қарсы болыпты. Ұлы ойшылдың айтқан ойларының, көтерген өзекті мәселелерінің бүгін де маңызды, күн тәртібінен түспей отырғандығын атап айтқымыз келеді. Қазір де қоғамда алдау-арбау, ұрлық, тағы басқа келеңсіз жайттар орын алуда.
Бүгінде біздің еліміздегі рулас, туысқандық, біреудің ығында болу, өзгеге арқа сүйеп күн көру сияқты жиіркенішті әрекеттерді де көріп жүрміз. Бір сөзбен айтқанда сыбайластық жемқорлық әрекеттері сияқты жаман қасиеттерге жоғарыдағы  жағымпаздық синдромдары себеп болып отырғанын естен шығармағанымыз абзал. Ал рушылдық дерті сан ғасырлар бойы қазақ жұртымен біте қайнасып келе жатқан, елдігімізге сызат түсіретін кертартпа үрдістердің бірі болып отырғандығы шындық. Руына, тегіне қарамастан, адамзаттың бәрін бауырым деп, «қалың елім қазағым, қайран жұртым» деп жырлап өткен хакім Абайдан артық асыра айтқан ешбір жан жоқ шығар!
Әрбір ұлт өз ата тегін, руын білуі шартты  ұғым. «Жеті атасын білмеген жетімдіктің белгісі», «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген қазақ халқында ұлағатты сөз бар. Алайда рушылдық дертін қоғамдық-саяси салада саясаттың шекпеніне айналдырмай, тек әулеттік, ағайындық жүйеде өз тұғырында тұрақтаса болғаны.
Жершілдік, рушылдық байыппен   қарағанда,  шектен  шыққан аса залалды дерт емес сияқты. Бірақ та оның астарындағы тамыр-таныстық, жең  ұшынан жалғасып, бүгінде белең алып кеткен жемқорлық ұлы Абайдың өз заманында айтып, мәнін күні бүгінге дейін жоймаған «пайда ойламай, арды ойлау» қажеттілігін басшылыққа алса, еш артықшылығы болмас та еді.
Абайдың өзі өмір сүрген XIX ғасырдың екінші жартысында айтқан сөздері бүгінгі күніміздің дабылы  еді. Ақын өз заманында біздің қазіргі қоғамның тұрпайы дертін айтып, өлеңдерінде парақорлықтан аулақ болудың, пайданы емес, арды ойлаудың жолын  көрсетіп  беруін қалайша ескермеуге болады? Жас ұрпақты еңбексіз келетін жеміске емес, еңбектеніп, тер төгу арқылы келетін адал еңбекке, елжандылыққа тәрбиелеудегі «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деуі бүгінгі күннің  үндеуі  емес пе?
Жаман істерден, өтіріктен, қанағатсыздықтан ұял, тура сөз, ізгі тілек, жақсы бастамадан  ұялма. Кейбір адамдар ұяламын деп, ойлаған мақсатын орындай алмайды. Ұят — иманның жемісі. Демек, қай жерде ұялып, қай жерде ұялмауды білгенің жөн, қайсысы жақсы болса, соны істеу қажет. Негізінде жақсылықтың бастапқы шарты — ар-ұятты сақтауда, жамандықтың бастапқы шарты — ар-ұяттан айырылуда.
«Абайдың  ашылмаған сан-қырлы тұстары көп. Неге көп? Себебі Кеңес дәуірінде Абайдың шығысын айтқызбай тастады. «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» дегенде  ұлы ақынның жұмбағы қайда жатыр? Жазушылар өзінше тауып жатты. Ал Абайдың жұмбағы шын мәнінде шығыста, шығыстың ішінде өзі жасаған «Толық адам ілімінде»   жатыр. Әлемде біз мақтайтын ақын көп. Бірақ оларды біз хакім дей алмаймыз. Бірақ  біз Абай ақынымызды үлкен махаббатпен хакім дейміз. Әдетте хакім деп Аристотель, Әбу Насыр әл-Фараби сияқты данышпан адамдарды айтады. Кеңестік жүйе Мұхтар Әуезовтың абайтану концепциясын  неге бұзды? Себебі, бізді рухани тамырымыздан ажырату керек болды. Осылай деп ой толғаған Мекемтас Мырзахметов ағамыз біздің қолымызда қазақ баласын рухани кемелдікке  жетелейтін үлкен құрал тұрғанын айтады. «Ол Абайдың толық адам туралы ілімі. Кімде-кім Абайдың осы толық адам ілімін меңгерсе, ол өзінің жан дүниесін, жүрегін тазалайды. Жүрек таза болғанда, Алланы тануға, басқа нәрселерді тануға жол ашылады. XXI ғасыр көгіндегі абайтануды біз осы тұрғыдан қарауымыз керек. Ендігі зерттеу осылай қарай бұрылады», — дейді ғалым.
Ұлтына адал қызмет етіп, ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстануға өсиет айтқан ұлы  ақынның сөзі өміріміздің шамшырағы. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының басты мақсаты Отанын сүйетін жеке тұлға тәрбиелеу. Жас ұрпақты осы бағытта тәрбиелеу үшін барлық  рухани  шараларды Абай  сөзінің құдіреті аясында өткізуіміз қажет.
Жас ұрпаққа әлеуметтік бағдар беру үлкен жауапты іс. Жоғары оқу орындары  студенттеріне, оқушыларға Абай сөздері әсер етуі үшін оқу орындарында, мектептерде пікірталас, топтық жұмыстар, әдеби кештер, тренингтер,  диспуттар өткізу орынды болмақ.
«Өзің үшін еңбек қылсаң өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», — деп Абай айтқандай, нағыз адами құндылықтарды меңгерген жасөспірімнің Мәңгілік Елдің азаматы болып шығары сөзсіз.
Абай шығармалары арқылы жеке тұлғаның нағыз адам болуын, ізгі қасиеттерді ұлттық тұрғыда меңгеруін, ар-ожданды сақтап, адамдарға риясыз қызмет ету, мінез-құлықты жетілдіру сияқты міндеттерді көздейді.  Абай «Ойға түстім, толғандым, өз мінімді қолға алдым», — дейді. Осы өлең жолдарының жас ұрпаққа берер өнегесі адам баласының өз мінез-құлқын көре білу қабілетімен, жеке тұлға ретінде танылу қасиетіне үндейді.
Қоғамның құндылығы оның азаматтарының заманауи келбеті арқылы танылады. Ал азаматтың келбеті оның мәдени болмыс-бітімімен айқындалады. Мәдениет — мінез-құлықтың сауыты. Өзінің ұлттық бастауынан нәр алмаған мәдениет — тамырсыз бәйтерек.
Бізді кісілік пен кішіліктің жайы бүгін де ойландырмай қоймайды. Дамыған өркениетті елдердің мінез-құлық тәрбиелеудегі табыс кілтінің біріне айналған прагматизм қазақ топырағына да жат емес еді. XIX ғасырдың соңында, XX ғасырдың басында қазақ қоғамы жаңа формацияға түбегейлі бет бұрған тұста хакім Абай мінез-құлықтың басты дұшпанына «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек пен бекер мал шашпақты», ал басты серігіне «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды» жатқызған еді.
Ұлы Абайдың 18-қарасөзінде көрсетілген: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» деген терең мағыналы ойларын XXI ғасырдағы заманауи шындықтың бедеріне қарай қайта жаңғыртып  алды.
Абай даналыған жас ұрпаққа қалай ұқтырамыз? Ұлт  көсемі Ахмет Байтұрсыновтың: «Исі қазақ Абайды білуі тиіс», — деуі тегіннен-тегін болмаса керек. Жас ұрпаққа осы сөздің мағынасының өзі өнегелі іс. Сөз арқылы жас ұрпақ санасына сілкініс жасау әр  адамның парызы болса керек.  Ұрпаққа  қазақтың ұлт ретіндегі бейнесі қандай болуы керек екенін ұғындырып, адами қасиетке жат қылықтар жөнінде Абай болып ой тастау, әрине, сөзге тоқтайтын әрбір қазақ баласына әсер етері сөзсіз. Мәңгілік Ел азаматы болуға ұмтылған қазақ баласының бойында ата-бабамыздан келе жатқан қайсарлық, уәдеге беріктік қажет. Мәңгілік Ел идеясын, әсіресе, әдебиет сабақтарында көбірек айтуымыз қажет.

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

(16)