Айзат Дүйсекеев: «Ойымда ең бірінші сарбаздың өмірі тұрды»

Апта басында Астанадағы Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінде егде тартқан ер адамды тілсіз жаудан арашалап қалған қос жауынгер марапатталды. Айдың, күннің аманында елорда тұрғынын ажалдан аман алып қалған сержант Айзат Дүйсекеевке «Құқықтық тәртібі әскеріне 25 жыл» және қатардағы жауынгер Александр Сущикке «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісі табысталды.

Бұл оқиға осы айдың 20-сы күні ымырт үйірілген шақта Бейбітшілік пен Молдағұлова көшелерінің қиылысында болған. Өрттің тұтанып жатқанын бірінші болып байқаған әйел азамат көше бойлап келе жатқан қос ұландық сарбаздан көмек сұрайды. Қас қағым сәтте шешім қабылдауға үйренген екі жауынгер жедел үйге кіріп, зейнеткер кісіні өрттен аман алып шыққан. Қара түтін подъезге тарағандықтан ұландықтар өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем келем дегенше тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барын салады. Абырой болғанда өртеніп бастаған пәтердің иесі тірі қалса, зейнеткердің қызы Вера Владимирқызы:
— Сарбаздарға алғысым шексіз. Олар болмағанда, әкем қазір тірі болмас па  еді. Жауынгерлердің ата-аналары мен командирлеріне жақсы тәрбие бергендері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бейбіт күнде де ерлік көрсететін, қысылтаяң шақта көмекке келер нағыз батырлардың барына қуаныштымын, — деп ағынан жарыла алғыс айтты.
Ресейден Астанаға келген Галина Бута — осы оқиғаның алғашқы куәгері. Ол сарбаздардың дер кезінде көмекке келуі өртті өршітпей әрі қарияның өмірін сақтап қалды дейді. Ал сержант Айзат Дүйсекеев:
— Әйел адам көмекке шақырған кезде ойымызда ештеңе болмады. Пәтерге кіріп барсақ, үйдің іші қара түтін, жерде әкеміздей адам есінен танып барады екен. Десе де, сол сәтте ойымда сарбаздың өмірі тұрды. Құтқарамыз деп жүріп сарбазға бір нәрсе болып қала ма деген де қорқыныш болды, — дейді.

Ерқазы Сейітқали, Ермұрат Назарұлы

(6)