Сайрагүлдің қорғаушысы Елбасынан араша сұрады

Алматы облысы Панфилов аудандық сотында, заңсыз шекара бұзғаны үшін ҚХР азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Келесі сот 23 шілде күні аталмыш ауданда жалғасады. Сайрагүл соты бойынша газетіміздің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы жазған болатын.

Сайрагүл Сауытбай өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап отыр. Сайрагүл   Қазақстанның мемлекеттік шекарасын бұзу себебін 2016 жылдан бері ҚР азаматтығын алған отбасымен қауышу, сонымен қатар, бұдан әрі ҚХР тұру мүмкін еместігі себебімен  түсіндіреді. Қытай мемлекеті ШҰА округінде аз ұлт өкілдері, оның ішінде этникалық қазақтарға қатысты жаппай адам құқығын бұзу фактілері орын алған.
Ол туралы халықаралық құқық қорғау ұйымдарының есептерінде де көрсетілген.
«Сайрагүл Сауытбай елден шығарылған жағдайда ҚХР қылмыстық заңнамасына сәйкес, оны өлім жазасы күтіп тұр», — дейді адвокаты Абзал Құспан. Себебі Сайрагүл Сауытбай  ҚХР-да мемлекеттік қызметте болған және ҚХР Коммунистік партиясының мүшесі екен.
Сонымен қатар этникалық қазақтарға арнап салынған концлагерь қызметшісі ретінде, әрі  ҚХР мемлекеттік құпияларын білген екен.
«2018 жылдың басынан бастап саяси лагерь деп айтылған тау арасындағы түрмеде қызмет еттім. Ол жерде 2500-дей адам бар. Одан бөлек тағы да екі лагерь бар дейді. Қазақстанға келіп, сот залында  саяси лагерь, ол жердегі адамдар саны, ұлт салыстырмасы  жайлы айтуым мемлекеттік құпияны жария ету болып табылады», — деген болатын Сайрагүл Сауытбай сот залында.
Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан бірер күн бұрын фейсбук парақшасында Елбасының атына ашық хат жариялаған болатын.  Қазақстан Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе  ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға қосылған ел, оны 1998 жылы ратификацияладық, сонымен қатар, 2006 жылы Азаматтық және саяси бостандықтар туралы Халықаралық пактіге де қосылған. Аталған халықаралық шарт нормалары кез келген азаптау мен қатыгездік орын алу қаупі бар елдерге адамды беруге, шығаруға тыйым салады.
Қазіргі кезде Сайрагүл Сауытбайға қатысты қаралып жатқан іс және ҚХР ШҰАО-гі этникалық қазақтардың жағдайы тек елімізде ғана емес, сонымен қатар әлем бойынша кеңінен талқыланып, қоғамдық резонанс тудыруда, — дейді адвокат. Ашық хатта Елбасының Халықаралық шарттар нормаларының орындалуын қамтамасыз етіп, Сайрагүл Сауытбайды ҚХР-ға бермеуге ықпал етуін сұраған.
Осы тұрғыда еліміздің Сайрагүл Сауытбайды Қытайға бермеу туралы шешім қабылдауы Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы, тәуелсіз және құқықтық мемлекет ретіндегі беделін нығайта түсетінін алдыға тартады. ҚХР тарапының ерекше қызығушылық танытуы себепті Сайрагүл Сауытбайға мерзімінен бұрын азаматтық беруді дұрыс деп санайды.
Бұл орайда, редакциямызға келіп түсіп жатқан хаттар мен қоңырау шалып хабарласушылар да, Сайрагүлдің басындағы жайтты жеке тағдыр ретінде емес, елдік тұрғыдан қарастырып, қалай да оң шешімін табу керектігін айтады. Шынында да елдігіміз сынға түскен сәт келгендей…

Халық Қорған

(10)