Дәрігерлер балалар онкогематологиялық қызметінің дамуы мен келешегін талқылады

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Педиатрлар Одағы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Алматыда  онкогематологиялық қызметтің 25 жылдығына орай  «Балалар онкогематологиялық қызметінің дамуына 25 жыл: жетістіктері мен келешегі» деген тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Халықаралық деңгейде өткен жиынға Ресей, Түркия,  Швейцария, Беларусь, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және т.б. 12 елден әлемнің ең мықты деген онколог-дәрігерлері мен онкология және гематология саласының жетекші мамандары қатысты. Шараға сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың, ТМД елдері практикалық денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, ата-аналар қауымдастығы, қоғамдық ұйымдар, еліміздің барлық аймағынан медициналық ұйымдардың өкілдері мен онколог-дәрігерлері қатысты.
Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Балаларға диагностикалық және емдік көмек көрсететін онкологиялық және гематологиялық бейіндегі Педиатрия орталығындағы бөлім 115 төсек-орынға арналған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі  онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың мәселесіне ерекше назар аударады. Педиатрия орталығындағы балалар тегін емделеді. Мемлекет қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен  толық қамтамасыз етіп отыр.
Жиында Балалар онкогематологиялық қызметінің жетістіктері мен келешегі туралы арнайы баяндама жасаған Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаева:
— «Қазіргі кезде Педиатрия орталығында балалардағы барлық қатерлі ісіктерге емдеу жүргізіледі. Соңғы 25 жыл ішінде балаларға онкогематологиялық көмек беру жетістігі әлемдік емдеу деңгейіне дейін жетті. Қазақстанда балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуымен, соңғы 25 жылдағы дамуы жіті лейкозға шалдыққан науқастардың өміршеңдігін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Ақ қан ауруына шалдыққандардың  82 пайыздан астамы, ал қан ауруының ең қауіптісі саналатын миелойдты түрінің 62 пайызы жазылды. Балалар онкогематологиялық орталығының 25 жылдық тарихында көптеген жоғары білікті мамандар даярланды», — деп атап өтті.
Халықаралық конференцияның ашылуында Педиатрия орталығы ұжымын Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ж.Кенжебаева, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар мен орталықтың әріптестері мен достары балалар онкогематологиялық қызметінің 25 жылдығымен құттықтады. Шараның ең әсерлі сәті «жаман ауруды» жеңген пациенттердің құттықтауы болды.
Бұрындары қанның қатерлі аурулары емделмейтін ауруға жататын және бұл қатерлі дертке шалдыққан балалар 1 жасқа дейін ғана өмір сүрді. Қазіргі таңда елімізде онкологиялық дертке шалдыққан бүлдіршіндерді аман алып қалу үшін барлық амалдар қарастырылуда. Жыл өткен сайын бұл ауруға да тойтарыс беріле бастады. Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының «Онкогематология» бөлімі ашылған уақыттан бері осы қауіпті кеселдің алдын алу, науқасты емдеумен айналысып келеді. Құрылғанына 25 жыл толған бұл бөлім  ғасыр індетіне айналған онкологиялық ауруды емдеп, талай бүлдіршіндердің ата-аналарына қуаныш сыйлап, үміт отын жағуда.
«Қазақстанда бала обырын емдеудің әрі қарайғы жетістігі дер кезінде ерте анықтауға, біздің мамандардың бірлескен халықаралық білім беру және ғылыми жобалар мен емдік технологияларды жетілдіруге, оның ішінде гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауға белсенді қатысуына байланысты», — дейді мамандар.
Қазақстанда 2017 жылы алғаш анықталған қатерлі ісіктер саны 610 баланы құрады, оның 39%-ы жіті лейкозға және 61%-ы тығыз ісікке шалдыққандар. Жылына орта есеппен алғанда республикалық орталықтарда қатерлі ісікке шалдыққан 5000-ға жуық бала емделеді.

Карипов Бауыржан

(8)