«АЛПЫС БАТЫРДЫҢ» АЙТАРЫ КӨП…

«Қазақтың алпыс батыры» деп аталған бұл құнды кітап әр қазақтың үйінде тұруға лайықты бола тұра, қазір қолға түспейтін сирек кітаптың қатарына кіріп кеткен. Себебі жеке баспа арқылы шыққан екі мыңдай дана аз уақытта оқырманның сұранысына ие болып таралып үлгерген. Сонда бұл кітапқа оқырманды қызықтырған не екен деп осы кітапты бастан-аяқ қарап шықтық. Әуелі байқағанымыз, кітаптың алғашқы бетінде  Алғы сөзден бұрын  тұрған тарихи эпиграммалардың өзі, өз ұлтының тарихына құштар оқырманды бірден елең еткізері сөзсіз екен.
«…Қазақ Ордасы билік құрған кезде үш жүзі бір хандыққа бағынып, 100 мың атты әскер шығара алатын күші бар еді. Ол кезде қаласы да, даласы да өз қолында еді. Қалай хан, сұлтандарға бөлінді, солай жоңғардың шапқыншылығына ұшырап, бәрінен жұрдай болды» И.К. Кириллов, 1737 жылы патшайым Анна Иоанова атына жолдаған баяндау хаттан үзінді.
«…Жоңғарлар кезінде Орта Азиядағы ірі сахара патшалығы болды. Ұйғырлар мен қырғыздар оның сұрапыл тегеуірінге төтеп бере алмай бірден бағынды. Ұзақ жылдар бойы жоңғарлармен табан тіресе қарсыласқан тек қазақтар ғана болды…»  Закота, әйгілі жапон ғалымы, «Россия және Орта Азия» атты кітабынан үзінді.
Жоғарыдағы тарихи деректе жазылған, 100 мың атты әскерді қажет кезінде шығара алатын елдің қаншалықты қуатты екенін ойлап көріңіз! Әрі оны дәл сондай қуатты әрі қарсылас елдің патшалығы айтып отыр. Олай болса, Атыраудан Алтайға дейін созылып  жатқан алып даланы шашау шығармай қорғай алатын осы жүз мың атты әскер түгел батыр емес пе?
Және анау жапон тарихшысы да таңғаларлық тарихи қорытынды жасап отырған жоқ па? Енді ғана алпауыт болуға қадам басқан Орыс пен Қытай империясы, Еуразия құрлығын мыңдаған жыл бойы уысынан шығармай ұстаған сахараның екі көкбөрісі іспетті Қазақ пен Қалмақты бір-біріне айдап салған қанкешті жылнаманы айнытпай аз сөзге сыйғызған.
Олай болса, сахара сайыпқырандары саналатын аса жауынгер жоңғарлардың жүздеген жыл бойы жасаған шапқыншылығына төтеп беріп, елі мен жерін сақтап қалған, сол жорыққа қатысқан қазақтың бүкіл жауынгерлері түгел батыр емес пе?! Олай десек, егер  тарихи деректер сақталған болса, «Қазақтың жүз мың батыры» тіпті, болмағанда «Қазақтың он  мың батыры», жоқ  дегенде «Қа-зақтың мың батыры» деген кітап шығара алатын едік қой. Бірақ өйту де қажет емес шығар, өйткені, қазір қазақ халқының аксиома сөзіне айналған: «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған кең байтақ қазақ жері», «Әр қадамына асыл бабаларымыздың адал қаны тамған туған жер» деген сөздердің өзі, сол барлық қазақ батырларының ең қысқаша тарихы емес пе?
Міне, осындай ойға жетелей жөнелетін «Алпыс батырдың» бетін ашқанымызда, ең әуелі алдымыздан айбынды АБЫЛАЙ  БАТЫР шығатыны сөзсіз ғой. Бірақ мұнда бізге бұрыннан таныс қасаң өмірбаян емес, ондаған қысқа да нұсқа аңыз жанрындағы деректер қызықтыра өз иіріміне тартып әкетеді: «Өз қолына тұқынға түскен Қазақ ханына жоңғар билеушісі Галдан Церен: «Қандай елдің басшысы басқалардан жоғары?» — деп сұрайды. Абылай іркілместен: «Қондакер, орыстың ақ патшасы, Еженхан, Галдан одан кейін мен өзім», — дейді. Сөйтіп, Қазақ елінің аталған елдермен терезесі тең екенін ескертеді, өзінің тұтқындығын елең қылмайды».
Осылайша, Жоңғар шапқыншылығынан басталған батырлар тізбегі Ресей отаршылығына қарсы көтеріліс батырларымен жалғасып, арасында Хиуа, Қоқан хандықтарынан елін қорғаған ерлер, соңында Алаш қозғалысына ұласқан батырларға дейін жеткізілген. Шын мәнінде мұндай батырлардың саны алпыс емес, алты жүзден кем болмаса да, ел есінен ұмытыла бастағандықтан, мұнда тәуел-сіздіктен кейін ғана атала бастаған ең атақтылары ғана қамтылғаны анық.
Мысалы, атақты Бөгенбай батыр туралы бір қызық дерек: «…Ертең соғыс басталатын түнде  жаңбыр жауады. Сол тас қараңғы түнде Бөгенбай қалмақ қолынан тіл алуға өзі барған. Ол қараңғыда жерге түскен инені көретін ерекше жанарлы адам екен. Сондықтан қандай қараңғыда жер танығыштығы да бөлекше болған. Ол қалмақтың батыры Аңғырақтың шатырына кіріп, үш мылтығын алып, күзетте отырған шерігін ұрып жығып өңгеріп әкетеді. Әлгі қолды болғаннан жауапты өзі алады. Сөйтсе олар әбден ашыққан, зеңбірекші еуропалықтар қашып кеткен, мылтықтарының оқ-дәрісі екі күнге жетер-жетпес. Және олар қазақ қолын өздерінен аз деп ойлаған, әскерін үшке бөліп, бір бөлігін қазақтың желке тұсына апарып қоймақшы…» жаудың осы құпияларын біліп, олардың алдын орап кеткен қазақ қосыны үлкен жеңіске жетіпті.
Қазақ тарихында аты аңызға айналған үш Жәнібектің бірі «Ер Жәнібек» немесе «Ақыр Жәнібек» деп аталады. Ол Абылай ханның оң тізесінен орын алған ең сенімді қолбасшыларының бірі болған. Әрі әулие алысты болжайтын көрегендігімен, батыстағы қазақ жұрты еріксіз Ресей бодандығын қабылдай бастаған кезде, бүкіл Керей тайпасынан бастап, Сыр бойынан үдере көшіп, шығыстағы Қалба тауына келіп қоныстанады. Осы арадан Алтай бетіне ең қиын асудан жол салып Өр Алтайға бет бұрады. Бұл асу кейін «Жәнібек асу» деп ел аузында қалған екен.
Ақ патшаның отаршылығына қарсы шыққан ең әйгілі батыр Кенесарының алғырлығын орыстар да еріксіз мойындаған. Ашық соғыста ала алмаған соң не қилы тұзақтар да құрылған, соның бірі: «Тұтқыннан қайтарылған Кенесарының ханымынан  патша сый-сияпат жібереді, онымен қоса ою-өрнегі құлпырған көкшұбар сандықты хан өз қолымен ашсын деп, кілтімен қоса жібереді. Кенесары ашпаққа ыңғайланғанда, жанында отырған Ахметжан Кенесарының қолынан ұстай алып, Тақсыр, осы патша бізге дұшпан емес пе, абайлап ашсақ қайтеді, дегенде Кенесары да тоқтай қалып, анадай жерде көрініп тұрған төбешікке сандықты қойғызып, үйде отырып садақпен көздеп атып қалғанда, сандық төбені қопарып үлкен жарылыс жасаған екен…»
Сыпатай батыр, халқына асқан зұлымдық, зорлық көрсеткен Қоқан хандығынан елін азат үшін өмірін арнаған, шапқыншылықта ерлігін көрсеткен, бейбіт күнде би-шешендігін танытқан  біртуар алып екен. Келбеті мен мінезі былай суреттеледі: «Атандай зор денелі, құлағының үлкендігі сүйемдей, омырауының түгі  бір түп жусандай, құлағына қырау тұрып қалса оны қамшының сабымен қағып түсіреді екен. Сөзге де шешен, сөзінің салты «Төле бидей әділ жоқ, айтқанында кәдік  жоқ», деп мақалдайды. Жақтырмаған адамын «әй, әңгүдік» деп, жақтырғанын «міне, жігіт!» дейтін көрінеді. Құс ұйқылы,  аса сақ кісі екен. Өзі өте шаруақор кісі болыпты, құмды қыстап, қоңыр адырды күздеп, ат ерін алмай, түйе қомын шешпей көшіп-қонуды мұрат еткен. Содан меншікті жайлау, қыстауы болмапты. Әр төбеге қазық қағып, оба үйіп жүре берген. Осы күнгі «Сыпатай қайнары», «Сыпатай обасы», «Сыпатай қорасы», «Сыпатай жотасы», «Сыпатай қорығы» деген жер аттары халықтың батырға қалдырған құрметі болса керек, бұл әрине көшеге орнатылған ескерткіш-бейнеден де қымбат, шынайы екені анық…
Міне, осылайша мұнда қам-тылған алпыс батырдың тарихи образы, жаңа айтқанымыздай туған халқының оларға қойған рухани ескерткіші десе болады. Өйткені бәрін ұмыттыратын, жалған атақтарды мүжіп жоқ қылатын уақыттың  сары желінен олардың даңқының бүгінге дейін аман жетуінің өзі ақиқаттың дәлелі. Сондықтан жүздеген жыл бойы ел есінде сақталған  сол асыл батырларымыздың аңыз сөздерде сомдалған ерен келбеті, дегдар мінезі, дана ақылы, жаужүрек ерлік істері нағыз жанды ескерткіш, кейінгіге үлгі өшпес өнеге дейміз.
Олай десек, нақтылы мағынасымен айтқанда «Алаштың алпыс батыры» әр отбасының үй кітапханасында тұруға тиісті  рухани тәрбие құралы. Бұл кітапты үй іші болып оқып, жатқа білетіндей болған кезде біз ұрпағымызға әлгі айта беретін отансүйгіштік деген ізгі қасиетті бойына сіңіре аламыз.
Бұл кітапты егер осы мақсатта бағалай алсақ, қазір мектептерде әдетке айналған «Бәленбай ақынның, Түгенбай жазушының оқуы» дейтін шаралардың қатарына қосу қажет. Оны мектептің үлкен-кіші демей бүкіл сыныбы түгел оқи алады және қай оқушы қанша батырды жатқа біледі, деген жарыс ұйымдастыруға да әбден болады. Яғни, бұл кітапты мектептің тарихи, әдеби, шешендік сөз өнері, рухани тәрбие бәрін қамтыған қосымша оқулығы секілді қолданса, қазіргі күннің басты ұранына айналған «Жаңғырудың» нағыз өзі болатыны сөзсіз.
Сөз соңында айтарымыз, белгілі журналист-жазушы, балалардың мерзімдік басылымдарында ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі сөз зергері  КЕҢЕС  ОРАЗБЕКҰЛЫ бұл кітапты келесі басылымында толықтырып «АЛАШТЫҢ  ЖҮЗ  БАТЫРЫ» деп  баспаға ұсынбақ екенін естідік.
Ондай жағдайда алдыңғыдай жеке баспадан аз данамен емес, мемлекеттік бағадараламаға енгізіп, жеткілікті данамен шығарып, жоғарыда ұсыныс қылып айтқанымыздай елдің рухани игілігіне айналдырса дейміз!

АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ

(11)