Атырау Елордаға ерекше сый жасады

Астананың 20 жылдық мерекесіне орай аймақтардың Елордаға жасаған сыйлықтарының ішіндегі ең көрнектілерінің бірі Атырау облысы сыйға тартқан үлгідегі көпір болды. Есіл өзенінің екі жағалауын бір-бірімен жалғастыратын, жаяу жүргіншілерге арналған бұл көпірдің құрылысын «отандық құрылыс» компаниясы жүзеге асырыпты. Бұл туралы мерекеге дейін де ақпараттар таралып келген болатын. Осы туралы журналистерге берген бір сұхбатында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Елорданың 20 жылдығына  тарту  ретінде ұсынылатын көпір туралы қысқаша ақпарат бере келіп, жұмсалған қаражат төңірегінде де айтып еді. «Көпір жергілікті бюджет пен демеушілердің қаражатына салынып жатыр. Құны 6 миллиардты құрайды», — деген болатын Нұрлан Ноғаев. Ал құрылыс жұмыстарын атқарып жатқан компанияның басшысы Айдын Рахымбаев өзінің жеке парақшасында көпір құрылысы туралы аздап мәліметтер таратқан еді. Астаналықтарды елеңдетіп жүрген жағымды жаңалық ресми түрде 1 шілде күні көпшілікке таныстырылды. Көпірдің салтанатты ашылуына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп қатысты.  Мемлекет басшысы Көпірдің техникалық-пайдаланушылық сипаттамаларымен танысып шыққан Елбасы ризашылығын білдірді.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Нұрсұлтан Назарбаевқа көпірдің саябақ аймағындағы жаяу жүргіншілер легі мен велосипед желісін Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғайтынын баяндады.
— Егер көпірге жоғарыдан қарайтын болсақ, оның пішіні Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтынын көруге болады, — деді облыс әкімі.
Қазақстан Президенті жаңа көпір Атырау облысының лайықты тартуы екенін және оның елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет ететінін атап өтті.
— Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқан барлық өңірлерімізге алғыс айтуға тиіс. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек, — деді Мемлекет басшысы.
Көпірдің дизайны сәулет өнерінің әлемдік үрдісіне сәйкес келеді. Оның сырт келбеті заманауи үлгіге сай, ал жаяу жүргіншілерге арналған ішкі жағы жарық пен көлеңкенің қызықты көрінісін бейнелейді. Нысанның жалпы ұзындығы — 313,5 метр, ені — 10,5 метр. Көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілерге арналған үш метрлік жолақ, сондай-ақ, ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолақ бар. Көпір жабындысы үшін литакрил пайдаланылған. Бұл нысан ауа райы жағдайы ескеріле отырып салынған. Оны жобалағанда желдің әсері де есепке алынған. Салмағы — 1920 тонна.
Шара соңында ашық аспан астындағы амфитеатр сахнасында Атырау облысы  филармониясының  өнер  ұжымы  ұйымдастырған «Ұлы дала жүрегі — Астанама» атты театрландырылған концерттік бағдарлама көрсетілді.

Астананың 20 жылдығына  жеті облыс велосипед жолын сыйлады

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай, «Өңірлердің Астанаға тартуы» бағдарламасы аясында, Павлодар, Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Жамбыл қатарлы жеті облыс бірлесіп велосипед жолын сыйға тартты. Жол Есіл өзенінің сол жағалауы, ЭКСПО құрылыстары арқылы өтіп, қала бағының шаңғы-роллерлік трассасы мен Ильинка ауылынан басталатын «жасыл белбеу» арқылы өтетін велосипед жолын байланыстырады. Жалпы ұзындығы 56 шақырым жолдың ішінен павлодарлықтар Мәңгілік Ел – Тұран – Қонаев – Достық көшелері шеңберіндегі 11 километр жолды салды. 1 шілдеден басталған Елорда күні мерекесіне орай Елбасымыз Астананың 20 жылдығына аймақтар атынан ұсынылған «сыйлықтармен» танысқан болатын. Мемлекет басшысы сөз кезегінде ризашылығын білдірді.
— «Астаналықтар бұл объектілерді салуға қатысқан барлық аймақтарға риза болуы тиіс, Астананы бүкіл ел болып салдық, сол сияқты барлығымыз бірге қуануымыз керек».
Павлодар облысының атынан сыйға тартылған велосипед жолы демеушілердің есебінен, яғни ERG компаниясының қаражатына салынған. Берілген аймақта жаяу жүргіншілер жолы жаңартылды, велокөлікке арналған жаңа жолақтар салынды, жиектастар, пандустар, Wi-Fi-ға қосылған интеллектуалды отырғыштар, үстелдер мен басқа да шағын археологиялық пішіндер орнатылған.

Маңғыстаулықтар бас қаламызға «Достық үйін» сыйға тартты

Елордасы Астананың 20 жылдық мерекесіне орай «Өңірлердің Астанаға тартуы» бағдарламасы аясында 1 шілде күні қалада көптеген жаңа нысандардың салтанатты ашылуы болып өткен еді. Солардың қатарында Маңғыстау облысы да көпұлтты Қазақстанның астанасына арнап «Достық үйін» сыйға тартты. Мерекелік шара барысында осы қуаныштардың куәсі болып, ақ батасын берген Елбасымыз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Достық үйіне арнайы барып, сәулеттік ерекшелігімен танысып, ішін аралап қайтты. Сондай-ақ елорданың этномәдени орталықтарының өкілдерімен және Маңғыстау облысының көрнекті қоғам қайраткерлерімен әңгімелесті.
— «Еліміздің барлық өңірінде Достық үйлері бар. Онда облыстардың этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Енді бас қаланың да Достық үйі болады. Сіздерді осы айтулы оқиғамен құттықтаймын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысына Достық үйінің эскиздік жобасын таныстырды. Онда кітапхана, музей, халықтық қолданбалы өнер шеберханалары, конференц-зал және тілдерді оқыту орталығы үшін арнайы орындар қарастырылған. Ғимараттың жалпы аумағы — 4 мың шаршы метр. Жобаның іске асырушысы — «Достық-Қазақстан» қоғамдық қоры. Осы игі шара аясында, Маңғыстаулық қоғам қайраткерлері Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа “Елбасы және Маңғыстау” атты жаңа кітапты тарту етті. 1000 дана 5 бөлімнен тұратын тарихи хронологиялық кітап — Елбасының қамқорлығымен Маңғыстау өлкесінің облыс мәртебесіне қайта ие болуы, тәуелсіздік жылдарындағы облыстың гүлденуі және киелі түбектің өткен тарихы жайлы сыр шертеді.
Бұл публицистикалық повесть — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Қоры ұйымдастырған «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» республикалық конкурсында жүлделі екінші орынға ие болды. Су жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі Астана концерт залында қала тұрғындарының қатысуымен өтті.
Астананың 20 жылдық мерекесіне ерекше дайындықпен келген Маңғыстаулықтар, «Жаңғырған Маңғыстаудан — жасампаз Астанаға» атты мәдени шараларымен Арқаның төрін ән мен күйге бөлеп жатыр. Ал 4 шілдеде «Этно ауыл» ұлттық мәдени кешені мен «Қазанат» ипподромында Маңғыстау облысы шығармашылық ұжымдарының концерті өтеді.

Астананың көркіне көрік қосқан «Жетісу» саябағы

1 шілде Астанада мерекенің басталуы спетті болды. Бұл күні Мемлекет басшысы қаладағы жаңа нысандармен танысып, бас қаланың 20 жылдық мерейтойына орай аймақтардың жасаған сыйлықтарына ризашылығын білдірді. Ендігі жерде бас қаладағы көрікті демалыс орындарының бірі — «Жетісу» саябағы деп аталмақ. Бұл — «жер жәннаты Жетісулықтардың», қаланың 20 жылдық мерейтойына арнаған ерекше сыйы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барып, саябақты аралап қайтты. Облыс әкімі Амандық Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа саябақта Алматы облысының көрнекті орындарының бәрі көрініс тапқанын айтты. Оның кіре берісінде Жетісуді бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан, сондай-ақ, тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған «Тенгри» алаңы, шаған аллеясы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар.
Қазақстан Президенті мен көрермендер үшін сахнада Алматы облысының танымал әртістері және этномәдени орталықтарының өкілдері өнер көрсетті.
Шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы Астананың мерейтойына керемет саябақ тарту еткенін және оның елорда тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналатынын атап өтті.
— «Бүгінде барлық облыстар көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Өйткені Астана — бүкіл Қазақстанның жетістігі. Бас қала құрылысына өңірлердің бәрі атсалысты және қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген адамдар өмір сүреді. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал біз салдық», — деді Қазақстан Президенті.
Нысан құрылысы 4 аймақтан тұрады. Онда жаяу серуендеушілерге арналған демалыс орны мен субұрқақтар бар. Сондай-ақ Алматы облысының символы болған «Апорт» алаңы, тауды бейнелейтін жоталар мен демалыс орындары орналасқан. Аллея 6 бөліктен тұратын «Тәңірі» алаңына жалғасады. Онда әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңы, Қайыңды аллея, «Таңбалы Тас» петроглифті тастары, «Шарын шатқалы» орналасқан. Алаң ортасында Қазақстанның өңірлерін бейнелейтін түрлі өсімдіктер мен гүлдерден, бұталар құралған Қазақстан картасы тұр. Алаң арқылы қолдан жасалған «Балқаш көліне» құйып жатқан жасанды Іле өзені өтеді. Осы аумақтың барлығы тыныштықта демалуға арналған. Ал спорт пен белсенді демалысты жақсы көретіндер үшін саябақ арқылы өтетін 1200 метрлік велосипед жолы ұсынылған. Ол қыста шаңғы жолы ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар саябақта көптеген түрлі спорттық алаңдар бар. Мұнда қыста сырғанақ алаңына айналатын роллердром, сырғанауға арналған жоталар, үстел ойындарына арналған орындар және басқа да көптеген қызықты дүниелер жасалған. Сондай-ақ саябақта қозғалысы шектеулі жандарға да қолайлы жағдайлар жасалған. Осыған дейін «Арай» саябағы аталып келген баққа осы рет 2 мыңнан астам жаңа ағаш отырғызылды. Келушілерге қолайлы болуы үшін саябақта үш қырлы светодиотты стеллалар орнатылып, олар қай бағытта қалай жүруге болатынын көрсетіп тұрады.

Сыр өңірі Астанаға «музей» сыйлады

Елорданың 20 жылдық торқалы ойына Қызылорда облысы зымыран-ғарыш техникасы музейін сыйға тартты. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш орталығының аумағында орналасқан ашық экспозицияны ҚР Президенті Н.Назарбаев арнайы аралап, Қызылордадан келген көпшілікпен де тілдесті. Сонымен қатар Елбасы ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің мүмкіндіктерімен толығырақ таныса келе, ғылым мен жаңа технологияларды дамыту ісіндегі ғарыш өнеркәсібінің маңыздылығын ерекше атаған болатын.
— Менің тапсырмам бойынша француз тарапымен бірлесіп, жасанды жер серігін құрастыратын зауытты іске қостық. Жуырда өзіміздің жер серіктерімізді құрастыруға кірісеміз. Бізде зымыран ұшыратын құрылғы бар, 2022 жылға қарай «Зенит» зымыраны дайын болады. Осылайша, ғарыш өнеркәсібіміз жаңа технологиялық деңгейге көтеріліп, Қазақстан толыққанды ғарыш державасына айналады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Астананың 20 жылдығына сыйға тартылған зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясында «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштарының, сондай-ақ «Боран» орбита кемесінің үлгілері қойылған.

Жанға тыныштық, тәнге сергектік сыйлайтын бақ

Климаты қатаң, жаздың өзінде жеңіл киінуге мүмкіндік бермейтін Астананың ауа райы тұрғындардың алшаң басып, емін-еркін серуендеуіне қашан да кедергі. Десе де, қала болғасын, оның үстіне жерінің көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын мемлекеттің бас қаласында ботаникалық саябақтың болмауы мүмкін бе?
«Сәлемнің де сәті бар…» демекші, былтыр көшеттері отырғызылып басталса да саябақты толықтай пайдалануға берудің сәті биыл, яғни, дәл Астананың 20 жылдығына дөп келіпті. Жуырда мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев елорданың жаңа нысандарымен танысу барысында Астана қаласының сол жағалауында орналасқан Ботаникалық баққа барған болатын. Бақты аралай жүріп, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының өкілдерімен әңгімелесіп, бас қаланы және бүкіл Қазақстанды көгалдандыру үшін жүргізілген жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Президент елорданың көшірілу тарихы мен жаңа астананы салудың негізгі кезеңдері жөнінде айта келіп:
— Астана төңірегінде орман өспейді деп үнемі айтылатын. Бірақ бүгінде мұндағы 83 мың гектар жерге отырғызылған ағаштардың биіктігі 20-25 метрге дейін жетті. Жыл сайын орман алқабының аумағы бес мың гектарға ұлғайып келеді. Осы орманды «Шортанды-Бурабай саяжай аймағымен» қосқымыз келеді, — деді.
Сонымен бірге елбасы Н.Назарбаев «Ботаникалық саябақтың» ортасында орналасқан оранжереяға да арнайы бас сұғып, оны отандық және халықаралық мамандандырылған институттардың ғылыми әлеуетін пайдалана отырып әрі қарай дамыту қажеттігін баса айтты. Бұдан бөлек, ҚР Президенті Астананың 20 жылдық мерейтойына Шығыс Қазақстан облысының сый-тартуы ботаникалық бақтың сәнін келтірген, жарық шашқан музыкалы субұрқақты да тамашалады.
Негізінен бақ аумағында велосипед жолы, жүгіруге арналған жолақ, спорттық жабынды, жаяу жүргіншілерге арналған көпір және жасанды су қоймасы бар. Көгалдандыру аумағының жалпы көлемі 613 мың шаршы метрден асады. Мұнда Еуропа, Азия және Солтүстік Америка елдерінен әкелінген алуан түрлі бұталы өсімдіктер мен ағаштар бар.

Астана қаласында ашылған «Almaty balabaqshasy»

2 шілде күні ҚР Президенті Н.Назарбаев Астана қаласының сол жағалауында орналасқан 240 орындық жаңа балабақшаға барып, еліміздің болашағы саналған балдырғандармен тілдесті. Бұл білім мекемесінде балалар шығармашылығын дамытып, олардың демалысын ұйымдастыруға арналған музыка залы мен ойын алаңдары бар. Алматы қаласының елордасы Астананың 20 жылдығына тартуы саналған «Almaty balabaqshasy» балабақшасы 12 топтан тұрады. Әрбір топтың Алматы қаласымен байланысты тақырыптық атаулары бар. Балабақша интерьерінің дизайны Алматының белгілі көшелерімен және даңғылдарымен танысуға, сондай-ақ қала тарихы жөнінде мағлұмат алуға мүмкіндік береді.

 Ерқазы Сейтқали
Ермұрат Назарұлы

(23)