Үлескерлердің көз жасы аздап құрғағандай

Астана әкімдігінде кезекті апта сайын өтетін аппарат жиыны өтіп, онда үлескерлік құрылыс, дезинсекция, құқық қорғау және көше тазалығы мәселелері қаралды. Бұл туралы Астана әкімдігінің сайты хабарлады. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі бойынша баяндаманы бірінші болып Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун жасады.

«Есіл-1» ТК даулы нысаны пайдалануға берілді және 162 отбасы пәтермен қамтамасыз етілді, бұл 500-ден астам тұрғынның белгіленген тәртіппен құжаттарын рәсімдей алады деген сөз», — деп хабарлады С.Хорошун. Оның айтуынша, ВАК-тың соңғы апталардағы отырысында 13 объекті қаралған. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС өкілетті компаниясымен 4 шілде күні «Проектная компания «Карой строй маркет» ЖШС мен «ТК-Жағалау» ТҚК бірлесіп, «Жағалау 4» (полигон 4) даулы нысанының құрылысын бірлесіп аяқтау туралы келісімшартқа қол қойылғанын хабарлады.
Тұрғын үй құрылысы қарқын ала бастаған кезден тартып елімізде алаяқтықтың асқынып кеткені белгілі. Осылардың ішінде Астана мен Алматы қалаларындағы алдамшылық әрекеттердің асқынғаны соншалық 2008 жылдың кезінде бұл іске Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі араласқан болатын. Осыдан кейінгі жерде үкіметтік органдардың араласуымен аздап саябырлаған үлескерлер дауы 2016-2017 жылдарға келгенде қайтадан қарқын алды. Өткен жылы БАҚ-тарда таралған мәліметтерге қарағанда, бір ғана Астананың өзінде 9 мыңға жуық үлескер 50-ден астам құрылыс нысандары үшін соттасып жүр екен. Шағымданушылардың сөздері әртүрлі. «Әлі жетпеген ақыретшіл» демекші, алданған адамдар айналып келіп компаниялардың жауапкершілігі мен үлескерлердің құқық-тарын қорғайтын заңдардың шикіліктері көп екенін алға тартып мемлекетті кінәлауға дайын. Шынымен де қолды болған кәсіпкерлердің бір ортақтығы жеке бастарына тіркелген құнды мүліктердің тым аздығы деуге болады. Халықтың миллиардтаған теңгесін қызыл кеңірдектен асырып жіберген алаяқтар 5-10 жылын абақтыда «демалып» шыққасын ары қарай да әп-әдемі өмір сүріп кете беретін көрінеді. Мұндайда үлескерлер өздерімен тоқтамға отырған компаниялардың сот шешімімен банкротқа жіберіле салуынан да қорқады. Астанада осындай даулы мәселелердің соңы кейде топтасып аштық жариялауға ұласқан кездері де болған. Осындай «лақтырылып» қалған үлескерлердің проблемаларын шешу үшін қала әкімшілігі аяқталмай қалған құрылыстың артын жиыстыратын инвестор іздеу мәселесін де ептеп қарастырып көрген еді. Өкінішке қарай бұл әрекет те жарыған нәтиже берген жоқ. Ақыры күн санап күрделіленіп бара жатқан мәселені шешу үшін Үкімет қаулы шығарған еді. Кейін келе «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң қабылданды. Сөйтіп Астанадағы проблемалық үлескерлік нысандар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынатын болып көңілі қаяу адамдар сәтке болса да байыз тапты. Сонымен қатар 2017 жылдың 26 желтоқсанындағы үкімет қаулысымен Астанадағы тұрғын үй құрылысының проблемалық нысандарын салып бітіру үшін республикалық бюджеттен 40 млрд. теңге бөлінетін болды. Сөйтіп қалалық әкімшілікке бағынышты құрылыс компаниялары құрылып, тоқтап қалған құрылыстардың жұмысын аяқтап шығуға кірісіп жатыр. Осындай игі бастамалардың нәтижесінде қатарынан бірнеше жыл соттың табалдырығын тоздырып жүрген үлескерлердің алды пәтер кілтіне ие бола бастады. Жоғарыда сөз болып отырған 162 отбасының қуанышы да соның бір дәлелі. Алдағы уақытта бұл үрдіс өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

Ерқазы Сейтқали

(10)