Атом қуатын қолдану — саналының ісі немесе ғылымдағы бедеулік төрден орын алмауы үшін…

Рас, материя атаулыда атом энергиясынан зор қуаттысы кездеспейді. Атом ішіндегі ядроны 1911 жылы ағылшын ғалымы Резерфорд ашқалы бері өткен кезең аумағында сол ядроның ішкі-сыртқы құпиясы энергетикалық негізде әбден зерттеліп, практика жағынан да кең көлемде қолданыс тапты дейсіз. Еуропалық аймақта оның бәрі әскери мақсат үшін актуалды мәселе боп, бомба түрлерін болмаған деңгейге жеткіздірді. Сол қаруларды сақтау мен қуаттылығын сынау кезінде ең ақыры Мұзды мұхиттың үсті де науқаннан тыс қалмады. 

Ғылыми-техникалық прогрестің шарықтау кезеңі дүниежүзі бойынша жарылғыш заттарды өндіру жарысымен айшықталғаны өткен ғасырдың үлесіндегі күй. Сол қатарда ядролық бомбалар басты құзырда. Яғни, атом энергиясын бүгінгі адамзат өзін-өзі құртуға жоспарлады. Анау Атом электр станциясы әскери мақсаттағы істермен салыстырғанда, бұл ортада қалдық принциптегі бірдеңе. Сондай қалдық принципте жасалған нәрсенің қайсысы да «илеуі қанбаған қамыр». Бұндай «қамыр» кез келген салада бар. Бұл шындықты осы кезеңдегі ғылыми-техникалық прогрестің бет-ажары ретінде ашық айтуға болады. Өйткені осыдан төнген экологиялық зардаптың бәрі асқындау шегіне жетіп болды. Сондай «шикі қамырдың» өмірдегі практикалық ізі Чернобль апаты өткен аймақта жатыр. Әйтсе де, осы Чернобль апаты бұл өмірде мүлдем көрініс бермейтіндей оқиғаға жатуы мүмкін бе еді? Ондай қиялдағының мүмкін емесіне екі мысал келтірейік:
Атом қуатын алғаш рет қолдануға ұмтылған бастапқы кезеңдегі державалық мақсат әскери бағытта болды. Сондықтан да атомды зерттеу физикасы бомба түрлерін техникалық шыңына дейін бірден шығарып берді. Күшті державаларға тән техникалық қуатты ең алдымен, бомба жасау жарысы айқындады. Осындай фондағы АЭС мәселесі, әрине қалдық принцип болатын. Сондықтан да техникалық жағынан опалы емес.
Атомның құрылыс теориясы ХХ ғасырда өмір сүрген Нильс Бордың арқасында пайда болғаны рас. Десе де, жалпы түрдегі еуропалық ғылыммен байланысты ашық айтылмай тұрған шындықтар бар. Физика ғылымындағы қателіктердің бәрі бүркеулі келді. Енді міне, соның бәрін бүгінгі заман талабына сай қайтадан қарап түзетпейінше, Атом энергиясын АЭС бойынша тиімді ете алмайсыз. Чернобль апаты еске түсуін тоқтатпайды. Теорияда жіберілген қателіктер практикалық іс кезінде протон зымыран тасығышымен «Шатл» кемелерін де апатқа жиі ұшыратып жүр. Яғни, осы кезеңге дейін жасырын келген ғылымдағы қателерді бұдан ары қара й да жасыра беруге лаж қалмады дегенің.
Ақтауда жұмыс істеп тұрған АЭС-ты кеше не себептен тоқтаттық? Енді келіп, дәп сол жерде жаңа АЭС тұрғызуды шетелдік мамандардан сұраудың қажеті не? Осы сұрақтың басын ашып алмайынша, АЭС мәселесін сөз ету баянсыз.
Жетпіс жыл бойында әскери және өзге де ғылыми-техникалық текетіреске түскен АҚШ пен КСРО атом бомбасын жасауда нағыз күндестер болды. Сонымен бірге АЭС жүйесі бойынша да бұл екеуі бірін-бірі аңдудан тынбаған. Уақыт өте келе осының зардабы ТМД тұсындағы АҚШ-тың мінезінен көрініп жүр. ТМД елдерінде болған АЭС атаулыны американдық зерттеу орталығының жас мамандары кейінгі ашық есік тұсында жабыла ақтарып шықты. Ақтаудағы АЭС-ты американдық неше жас маман қанша жыл бойы жатып-тұрып зерттеді. Содан соң барып бұл АЭС-тың жұмысы тоқтатылды. Тегінде кез келген АЭС түрін дүние жүзі бойынша тінти жүріп зерттеу АҚШ-тағы мамандардың әскери мұратынан екені жасырын емес. Сондықтан да олар зор дайындықпен келген өте сауатты инженерлер. Ал енді біздегі АЭС ғылыми-техникалық жетістіктің сауатты туындысы емес деп кім айтты? Оның ішкі сыры американдықтардың алдында бүге-шігесіне дейін ашылуы біздегі нендей кіріптарлықтан?
Қазіргі прогрестің модасына айналған интернет жүйесіне жаппай қосылу машақаты да өзінің бастапқы сәтінде әскери мақсатқа бола құрастырылғаны жасырын емес. Атом энергиясын жалпылама қолдану жағы да әскери мақсаттағы меншік болатын. Содан соң барып АЭС жүйесін өмірге келтіруі екінші қатардағы жұмыс болды. Десек те, АҚШ-тың жас мамандары кез-келген мемлекеттегі АЭС орталықтарын соңғы 15 жылда белсенді тінтуге түскендері біз ойлағандай ғылыми қызығушылықтан тумаған жұмыс. Интернет жүйесіне қосылған қазіргі жас балапандарды тиесілі сәтінде саусақ ұшында ойнату бір орталықтан ертең қалай басқарылмақ болса, жер-жердегі АЭС жүйелерін де бір ноқтамен бағындырту — бүгін қарастырылып жатқан актуалды мәселе. Жалпыға қамқоршы ортақ әкеміз Иранға осындай себептен де өкпелі. Есігін айқара ашып қойып, атом энергиясын пайдалану жолындағы құпияларды қолына оңай ұстата қоймағаны үшін кінәлі.
Шалшыққа отырып қалудың ғылым саласындағы қаупі біздің мемлекетке төніп тұр. АЭС жүйесіндегі ғылыми-техникалық құпияны АҚШ-тан жасырмай ұстауымыз АҚШ-тың келешегіне тиімді. Біздегі осындай ашық есік жайдақтығы кешегі КСРО-да болса, анау Байқоңыр кешені жасалынбас еді. Советтік ракета-техниканың бір әкесі С.П. Королев өз кезінде бүгінгі біздің ғалымдар секілді АҚШ-қа барып ақылдасқыш болса, онда әлгі «Союз» кемелері тұрмақ жай ракетаның сұлбасы да жасалынбас еді. Әуелім теоретик-физик А.Сахаровтың өзі де дәп қазіргі біздей, әсіре АҚШ-шыл болса, сутегі бомбасын ойлау түгілі нейтронның қасиетін түсінуге де шама жетпей сұлайтын едік. Келіп-кеткен шетелдіктерге өзіндегі ғылыми орталықтардың бар есігін ашып қойғаны дамушы мемлекеттердің басты соры — ертеңгі күні өздері отыратын шалшықты қазіргі сәтте ұйымдастырып жатқанын байқамау.
Ашып айтар болсақ, Қазақстанның ғылыми-техникалық потенциалы еуропалық бодандықтан босатылмайынша, жергілікті жердегі АЭС жүйесі Чернобыль апатын ойыңызға сәт сайын салып мазаны алары анық. Жалпы алғанда ғылымдағы бодандық желбуаз жүктілікті ермек еткізетін пәле. Кітапханалардағы сабан диссертациялар осының дәлелі. Шетелдік еңбектерге сілтемесін жасап, адал көшірген бос сөзді макулатура ортамызда тола. Бұндай күйдегі біз бәсеке жолына қалай шығамыз? Егемендік сәтіндегі ашық есік принципінен соң біздегі ғылымды бедеулік баспайды деп кім уәде береді? Кіндік пен сегізкөзді ашып жүрген жас әйелдердің қайсысы да болашақтағы бедеулердің санын толтырушылар екенін өздері білмейді. Ғылымдағы бедеулік төрден орын алмауы үшін де ондағы кіндік пен сегізкөзін мезгілінде жауып ұстау абзал. Бейбіт өмірге қызмет ететіндей атом энергиясын сонда ғана толық игересіз. Дей тұрғанмен, қазіргі сәтте мынандай үш элементарға талдау жасау қажет-ақ.
1. Мектептегі физика оқулығынан осы кезге дейін түспей келген атом теориясын оның авторы Нильс Бор не себептен қате берді? Осының жайын қазақстандық физиктер әлем алдында айқындап беруі тиіс. Ондай істерге лайықты ақылды бастар бізде жеткілікті.
2. Сұйық нәрселер үшін ең орнықсыз күй «тамшы бейнелі» қалпында ашылады. Осыны біле тұра, бүгінге дейін сол тамшы бейнесін ядроның пішінін түсіндіруде қолдану сол ядроның ішкі жағындағы беріктік күйін қалай танытып келді? Ондай пішіндегі ядродан жойқын қуатты энергия қалай шығады? Физикалық жағынан алғанда тамшы бейнелі дегенің үзіліп түсуге ұмтылысы ең әлсіз байланыстағы. Жер мен екі арадағы жекпе-жек әсерлесуде жердің тарту күшіне төтеп бере алмай, жеңіліс тапқан сұйық бөлшегі тамшы түрінде төмен құлайды. Ал енді Атом ішіндегі ядроны осындай деңгейдегі әлсіз нәрсе деп айтуға болмасын оның энергия қуаты көрсетіп жүр. Сонда әлгі тамшы бейнелі ядро моделі мен ядролық энергиясының жойқын қуаты бір-біріне қарама-қайшы кейіпте екенін көре тұра ол жайында неге шатасып жүрміз? Осының басын ашу керек.
3. АЭС жүйесінде қалыптасқан «2 Джоуль мөлшердегі басқа энергияны жұмсап, 1 Джоульға тең атом энергиясын алу» дағдысы экологиялық зардапты асқындау шегіне жеткізді. Экономикалық жағынан да бұл өте тимісіз екенін осы кезге дейін неге ашып айтпайсыздар?
АЭС жүйесінен шыққан шайынды сулар мен өзге де келеңсіздіктер қоршаған ортада толып жатқан қолайсыздықты туғызып келді. Бұрынғы Шевченко — Ақтаудың сыртқы жағындағы үлкен көлемді ойпатта жатқан белгісіз түсті көлшіктің айналасында қандай тіршілік бар? Ұшқан құс маңына жоламастай бірдеңе. Әлі де осындай қалдықты АЭС тұрғызыла бере ме? Әлгіндей 1 Джоуль атом энергиясын алуға бола 2 Джоуль басқа түрдегі энергияны шығындау — жомарттық емес, ғылыми-техникалық дүмшеліктің белгісі. Екі теңгені біреуге беріп, одан бір теңге қайтарып алу сізге ұтымды ма? Физикалық ортадағы ондай үлестен энергия диссипациясы асқындауда. Экологиялық зардаптың ерекше түрі осыдан туындап келді. Жалпы алғанда Атом қуатын қандай жағдайда қолдану керек болса да саналы ақыл-ой қажет.

Мағрипа Жылқыбаева,
физика-математика ғылымдарының
кандидаты, доцент

(17)