Астанада тұтанған баға білтесі

«Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес «Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ 2018 жылғы 21 шілдеден бастап қалалық және қала маңы қатынастарында астананың қоғамдық көлігінде жол жүру тарифтерінің өзгеретіндігі белгілі болды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабар таратты.
«Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қалалық қатынаста Астананың қоғамдық көлігінде жол жүрудің белгіленген тарифі электрондық жүйе арқылы төлеу кезінде саралануға жатады.
Жолаушылар мен багажды кәдімгі қалалық автомобильмен тасымалдау — қолма-қол ақшасыз электрондық жол жүру құжаты арқылы төлеу кезінде 90 теңге, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде 180 теңге. (Қазірге дейін 90 теңге болып келген) Жолаушылар мен багажды экспресс қалалық автомобильмен тасымалдау — қолма-қол ақшасыз электрондық жол жүру құжаты арқылы төлеу кезінде 180 теңге, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде 250 теңге (қазірге дейін 150 теңге болып келген). Бұл ретте жол ақысын электрондық төлеу жүйесі істемей тұрған жағдайда, жол ақысын электрондық жол жүру құжаты арқылы төлейтін жолаушы тегін жол жүруге құқылы. «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 7 жастан 15 жасқа дейiнгi балалар үшін қалалық және қала маңы қатынастарында астананың қоғамдық көлігінде жол жүру тарифі жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының елу пайызын төлеуді көздейді.
Осылайша Елордадағы «жолақы қымбаттайды» деген сыбыс расқа айналды. Негізінде мұндай «сыбыстың» қалалық маслихатта талқыға түскеніне де бірнеше ай болып еді. «Жанар-жағар май құнының тұрақсыздығы мен көлік қосалқы бөлшектер құнының қымбаттауымен байланыстырыла отырып қарастырылған» бұл тақырып қала халқына жайсыз естілгені бар. Депутаттардың кейбірі ашық қарсылық білдіргенімен әріптестерінің шешімінен аса алмаған сияқты. Біз осы мәселеге байланысты кейбір тұрғындардың пікірін білген едік. Еркінжан Сіламханұлы есімді қала тұрғыны бұл «жаңалыққа» аса қуанбағанын айтты. «Негізі жолақы қымбаттайды деген сөздің шыққанына біраз уақыт болды. Бұған да етіміз үйреніп кеткен. Біздің елде «мына нәрсе қымбаттайды екен, ана нәрсе қымбаттайды екен немесе пәлен басшы ауысады екен» деген сияқты сөздер алдымен ел арасына өсек болып таралады. Алғашында адамдар кәдімгідей абдырап, қарсылықтарын білдіріп жатады. Сосын үнсіз қалады. Яғни бірден қымбаттамайды. Өстіп жүріп адамдардың құлағына әбден сіңісті болып бітті-ау дегенде аяқ астынан өзгере салады. Тура сонда барып «талайдан бері осындай сөз шығып жүр еді, тегін емес екен-ау, ә?» — дейміз де кете береміз. Менің алаңдайтыным, жолақыға үстемеленген 90-100 теңге емес. Осыған ілесе азық-түлік те өсіп кетуі мүмкін. Олар өсті дегеніңіз бүкіл нәрсенің бағасының көтерілуіне әкеліп соғатын фактор. Енді бізде барлық нәрсенің бағасы өсіп жатса таңғалмаймын. Бұдан бұрын да бастан өткен тәжірибе. Себебі жолақы қымбаттады…»
Еркінжан Сіламханұлының күдігі расқа айнала ма жоқ па? Ол алдағы күннің еншісінде болмақ. Әзірге электронды төлемге дайын болсаңыз болды…

Ерқазы Сейтқали

(6)