КӨКТЕУБАЙДЫҢ ХРОМ ЕТІГІ

«Әзілің жарасса атаңмен ойна» деп қазекең бекер айтпаған шығар. Расында да, бүгінгі әзілдер мен өткен ғасырдағы әзілдердің арасы жер мен көктей. Өй дейтінім, құда мен құдағиының, жездесі мен балдызының, қайынысы мен жеңгесінің, құрдас пен құрдасының арасындағы әзіл-қалжыңның жөні бір бөлек еді ғой! Орайы келгенде бүгіндері жетпістің желкесіне шыққан Көктеубай Тұрарбеков деген құрдасыма жас кезімізде жазған жарасымды әзіл-қалжыңдарымды оқырмандарға қаз-қалпында ұсынып отырмақпын.

 

Ауылдағы атқамінерлердің көпшілігі ол кезде (нақтырақ айтқанда өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында) аяғына хром (қырым) етік киетін. Онда да ондай нарқы қымбаттау етікті қолы жеткендер ғана сәндікке киетін. Қолы жетпегендер керзі етіктің қонышын қайырып, қара креммен қатырып майлап, қыста да, жазда да «жалғанды жалпағынан басып», шырт түкіріп шіреніп жүретін.
Сондай хром етіктің біреуін Көктеубай деген құрдасым біраз жыл аяғынан тастамай, «армансыз» киді. Үйлі-баранды болып, дәрежесі аздап жоғарылаған сонау бір ағыл-тегіл астық мол болған жылдары колхоздың басшылары оған:
— Сен жас болсаң да ұйым-дастырушылық қабілетің бар. Биыл астық бітік өсті. Қазақстан Отанымызға миллиард пуд астық тапсырамақ. Соған сен де комсомол ретінде өз үлесіңді қосуың керек. Қырманға қырман меңгерушісі болғын, — деп сенім артқан.
Ол кезде Көктеубай құрдасымның жалындап тұрған албырт кезі. Аяғында асфальтта жүрсе шиқ-шиқ етіп «шиқылдап жүретін» хром етігі. Есеп-қисаптың адамы болғандықтан қолтығында қыстырып жүретін қара былғары портфелі. Қазақша айтқанда «туф» деген түкірігі жерге түспейді». Өзі сұр бойдақ кезі.
Етім тірі болғандықтан ба, Мәдениет үйінің меңгерушісі болып жүргенімде шаруашылық басшылары маған да тапсырма беріп:
— Сен бала есепке жүйріксің. Астық өлшеуге барып кел, — деп Көктеубай басқарған қырманға жіберді.
Расында да, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қазақстан Отанға жыл сайын миллиард пуд астық тапсырып жүрген кез. Көре алмайтын көршілес «одақтас» көртышқандар қарындары нанға тойған соң дандайсып, Қазақстан диқандарының осындай ерлігіне көз аларта қарап, дандайсып, дақпыртты.
Онда біздің шаруамыз шамалы ғой. Өзімізге жүктелген комсомолдық тапсырманы орындауға тырыстық. Аяғына хром етігін киген Көктеубай құрдасым қырман меңгерушісі болды. Хром етіктің бір жақсысы атқа мініп, қызды ауылға қырындай барсаң тобығыңды тоздырмайды, тау-тау болып үйіліп жатқан астықты кешіп жүрсең де қонышыңнан дән құйылмайды.
Бастық адам не істемейді. Қолынан келіп тұрғанда «қонышынан басып», реті келсе қарамағындағы қыз-келіншектерге ептеп көз қырын салып қоятын шолақ белсенділер де болатын ауылда. Бірақ аяғында хром етігі бар Көктеубайдың ондай оғаш қылығын байқаған емеспін. Солай бола тұрса да «әй, осы құрдасымды бір қатырайын» деген оймен достық рәуішпен «Көктеубайға» деген әзіл өлең шумақтары өз-өзінен көмекейге орала кеткені бар емес пе::
Хром етік киіп ап,
Қыдырасың Көктеубай,
Қыз-келіншек көргенде
Құбыласың Көктеубай,
Бүйте берсең пәлеге
Ұрынасың Көктеубай, — деген «классикалық» жыр жолдары ойыма сап ете түсті. «Отыз тістен шыққан сөз отыз отаулы үйге тарайды» демекші, табан астында ойдан шығара салған осы шумақтар ауылдастарымның арасына ауадай жайылып кетті.
«Құрдастың құны бір» демекші, Көктеубай өзіне арналған осы «достық әзілді» естігенде бәз біреулер сияқты намыстанып, ертоқымын бауырына алған атша туламай, керісінше екі езуі екі құлағына жеткенше, ішек-сілесі қатқанша мәз-майрам бола күліп, «жылы қабылдап», жылы шырай білдіргені бар. Қазіргі кезде қазақтың осындай қалжыңсүйер, «терісі қалың», жаны жайсаң жігіттерінің қатары азайып бара жатқандай.

Нұртан
ТӨЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ,
Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі

(15)