БЕКЗАТ БЕЙНЕ қаламдастардың шапағаты немесе Ж.Кенжалиннің бойындағы кеңпейілдік қасиет

Менің шығармашылық өмірімде және жеке басымдағы тосын жайттарға қатысты ықпалы болған әйгілі қаламгерлерді әрқашан еске аламын. Олардың алғашқысы, әйгілі Тахауи Ахтанов еді.
Белгілі қаламгер Олжас Сүлейменовтың досы Сайын Мұратбековтың қарамағында қызмет еттім. Сәкең басшылық еткен «Халық конгресі» газетінің «Экология және полигон» бөлімінің меңгерушісі болдым.
Атағынан ат үркетін, хандық дәуір әдебиетін зерттеуші әйгілі «Алдаспан», «Аласапыран» кітаптарының авторы Мұхтар Мағауинның қарамағында оншақты жыл еңбек еткенім есімде ерекше қалды. Ол кісі басқаратын «Жұлдыз» журналында жүрген кездерім шығармашылық еркіндікті, шынайы іздену мен харекеттенудің ұмытылмас күндері болып қалды. Мұхаңмен ағалы-інілі, туыс жақындай болып кеттім. Мұхаң жазғандарымды ұсынсам болды, кезекті нөмірге оқымай-ақ жібере салатын. «Аталарың Әлмерек, Райымбектің аруағы қолдасын», — деп қашанда риза көңілмен тілектес болды. 1999 жылы «Жұлдызда» жүргенде «Түркістан — 1500» халықаралық шығармашылық конкурсының лауреаты болдым. Сыйлық қасиетті Түркістан қаласында тапсырылды. Менің ой, ұсыныстарым Құдай тағаланың құлағына жеткен шығар, Түркістан жақында облыс болып құрылды.
Өзім қарамағында қызмет еткен осы Тахауи, Сайын және Мұхтар ағадан қаламгерлік қызметіме байланысты, шығармашылық еңбегіме қатысты бір кінәнарат сөз естімедім. Тіпті, қызметкер ретінде олардан ескерту алмадым. Бір ұжымда қас-қабақтан түсініскен сыйласқан күндер қас-қағымда өте шықты.
Соңғы қызмет еткен «Ақиқат» журналында керісінше жанымды күйзелтіп, көңіл күйді түсірген оқиғалар болды. Аманхан Әлімов редактор болып келген алғашқы аптада неге екені белгісіз ол маған қатты шүйлікті. Журналда қате кеткен жоқ, баспаханада менің кесірімнен төтенше жағдай болған жоқ. «Сұхбат сұрақтарың» дұрыс емес деп бас директор, әрі редактор Жұмекеңе — Жұмабек Кенжалинге кіріп салған жерден қызметтен кетуімді одан талап етті. Жұмекең өте мәдениетті әрі сабырлы, терең ойлайтын ақ-қараны ажырата алатын кеңпейіл еді ғой. «Түсінісіп, тіл табысып, дау-дамай шығармай жүргендерің дұрыс қой», — деп сыпайы ғана ескертті. Ақындар әрқашан алабұртып тұрады ғой. Соңында Аманхан қатты кеткені үшін менен кешірім сұрады. Сөйтіп, екеуміз жарасып, достасып кеттік. «Аманхан мен Ораздың арасында айқас жүріп жатыр» деген гу-гу әңгіме тарап кеткен еді. «Ер шекіспей бекіспейді» дегендей, Аманхан екеуміз соныңда ағайынды кісілердей сыйластық. Менің зейнетке шығу қуанышым Аманханның тұсында болды. Ұжымда жақсы атап өтілді. Ақын досым редактор Аманхан тебірене сөйлеп, сыйлық тапсырды. «Ақынға айтар ақыл көп, теңтектік керек аздаған», — деп Қадыр ақын текке айтпаған ғой. Екеуміз бір-бірімізді кешірдік, кек сақтамадық. Бәрі ұмытылып кетті.
Белгілі журналист, көсем сөз шебері, қайраткер, бекзат тұлға Жұмекең жайында естелікті әйгілі қаламгерлерден бастауымның өзіндік сыры бар. Мен үшін Жұмекең де солардың қатарындағы әйгілі қаламгер, асыл дос, аяулы азамат болатын. Оның өмір жолы, еңбегі, басшылық қызметі айтыла жатар. Алдымен ол адамдық қасиетіне кір шалдырмаған Алланың иманы кәміл, жүрегі таза пендесі болатын. Өйткені, жұма күні туғандықтан атын Жұмабек деп қойған болу керек. Аманхан екеуміздің арамыздағы кикілжің Жұмекеңе де салқынын тигізді. Ұжымда екі адамның арасындағы текетірес, тартыс басталғанда, Жұмекеңнің көңіл күйі бұзылып, жүйкесіне күш түсті. Құдай сақтағанда іс насырға шаппады. Бір күні Серікқали Хасен Жұмекеңе келіп, «Ана екеуі татуласты» дегенде Жұмекең қатты қуанады. Көңіл күйі көтеріліп, төбесі көкке екі елі жетпейді. Бұрынғыдай емес жаны жадырап, жандүниесіндегі жаман ой кетеді. Жұмекең бәрін жүрегімен қабылдайтын. Сондықтан теріс қылық, дау-дамайды, ұрда-жық мінезді ұнатпайтын.
Мамыр-2 мөлтек ауданында көрші тұрдық. Кейде жұма күндері Б.Момышұлы көшесіндегі мешітке келіп, Құдайға құлшылық ететін. Көбіне сәске түс кезінде баратын. Көрші болғандықтан ілесіп, менде баратынмын. Мереке кездері, тойларда ол мені машинасына мінгізіп, үйге әкелетін. Жүргізушісі Бақыт ұстамды, артық сөзі жоқ, қарапайым қазақтың өзі болатын.
Жұмекең бір үйде оншақты баланың үлкені болды. Әкелері сияқты оларды өзі тәрбиеледі, жөн көрсетті, жұмысқа орналастырды. Фараби дейтін інісімен етене жақын араластым. Жұмекең «Ақиқатта» редактор болып тұрғанда нөмір сайын менің мақала, эсселерім жарияланды. Алдағы нөмірдің жоспарын жасағанда «Ореке, не ұсынасың, әулиелер жайында жазғандарын бар. Білемін, нөмірге кетеді», — деп тез жоспарға енгізетін. 2006-2009 жылдары менің жазғандарым нөмір сайын жарияланды. Әсіресе, Д.Қонаевтың оқырманға беймәлім тылсым дүниеге толы ғұмыр тағылымы жөніндегі эссе, мақалалар журналдан түскен жоқ. Бірде марқұм, Жұмекеңнің жерлесі Қоғабай Сәрсекеев: «Ораз, сен қорықпайсың ба? Қонаев туралы көп жазатын болдың», — деп тосын сауал қойды. «Мен жазғанмен, оны журналға жариялап жатқан мына Жұмабек ініңіз. Редактор қолдамаса, «Қонаев жайындағы жазғандарым жарияланбас еді», — дедім. Жанымда Жұмекеңнің өзі тұрған. Кезінде Димекең туралы жазғандарымды жариялаудан бас тартқан редакторлар болды. «Ақиқатта» Димекең толассыз жарияланды. Айта берсем Жұмекеңнің маған деген көзқарасы, еңбегімді бағалауы ерекше болды. Соңында мені «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамының «Алтын қалам» сыйлығына ұсынды. Сөйтіп, осы сыйлықты алғаш мен алдым. Ол кезде Бас директор Мереке Құлкенов сыйлық белгісін тапсырды. Салтанатты жиында екеуіне алғысымды айттым. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», — деген. Жұмекең жайында әлі айтылады, жазылады.

Түйін: немесе «Түркістан тақырыбы»

Мен «Ақиқатқа» ауысқаннан кейін де «Түркістан тақырыбын» одан ары жалғастыр-дым. Бас редактор Жұмекең менің қасиетті қала жөніндегі жазғандарымды нөмір сайын жариялап отырды. Әсіресе, «Екінші Меккедегі мінәжат», «Қожа Ахметтің қасиеттері», т.б. оңтүстік өлке жайында жазғандарым оқырмандар назарына ілінді.
Бірде әзілдеп: «Жұмеке сізді әулиелер рухы жебеп желейді. Қызметте өсесіз. Міржақып көкең жазған Түркістан түбінде бір аймақтың орталығы болады немесе жеке өлке атануы да мүмкін», — дедім. Кейін басқа басылымға («Әділет» газеті) жарияланған мақалада мұны тереңірек толғап жазғаным есімде. Басында өзімнің «Ақиқат» журналына ұсынған едім. Кейін жаңадан келген редактор бұған онша мән бермеді. «Жетінші ықылым немесе Түркістан қалай түрленеді?» атты қаламгерлік болжам мақаламда Түркістанды бүгінгі өркениет талабына сай қалай өркендетудің мәселелері қозғалады. Басында Мұхтар Мағауин қолдап, кейін Жұмекең риза болған «Түркістан тақырыбы» соныңда мәреге жетті. Ең бастысы Түркістан облыс орталығы болып құрылды. Сондықтан Жұмекең жөніндегі естелігімнің соңында мұны ерекше еске алуды жөн көрдім.

Ораз Қауғабай, жазушы,
«Түркістан — 1500» халықаралық
шығармашылық конкурсінің иегері,
Д.Қонаев атындағы Еуразия академиясының профессоры

(18)