Қуыршақ театры балдырғандарды бір қуантты

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай бас қаламызда ұйымдастырылған бірегей мәдени шаралар мен салтанатты кештерге жаз басынан бері  куә болып келеміз. Соның бірі Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Құралай Ешмұратова атындағы «ҚҰРАЛАЙ» II Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі десек, тәжірибе алаңы саналған өнер бәйгесіне Тунис, Босния, Герцеговина, Бельгия, Италия, Польша, Ресей, Түркия, Эстония, Сербия және Қазақстанның қуыршақ театрлары қатысқан болатын.

        Фестивальдің салтанатты ашылуында театр директоры, мәдениет қайраткері Талғат Есеналиев бастаған Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы салтанатты шеруден өтсе, өнер ордасы театр репертуарындағы режиссер Қ.Ешмұратованың сахналауындағы «ҚАҢБАҚ ШАЛ» xалық ертегісімен фестиваль шымылдығын түргенін айта кетейік. Қаңбақ шал – жас ұрпақты қарапайымдылыққа, ақыл мен адал еңбек етуге тәрбиелейтін кейіпкер. Ертегіде қаңбақ шал қара күш иелері қара дәу мен қызыл дәуді айлакерлік күшпен жеңеді. Дәулерді даңғой, ақылсыз, құр кеуделер ретінде мысқылдайды. Ал, қарапайым қаңбал шалдың мерейі үстем. Себебі, ол – ешкімге жамандық ойламайтын, өзінің адал еңбегімен, ақылымен күнелткен еңбек адамы. Қаңбақ шал – әлі күнге дейін тәрбиелік мәні бар халық даналығының куәсі.

                                                               «ҚАҢБАҚ ШАЛ» халық ертегісі

        Аталмыш қойылым шетелден келген театртанушылардың оң бағасын алса, Мемлекеттік қуыршақ театры дәл осы фестивальге дейін, нақтырақ айтқанда, 23-24 маусым күндері ару қала Алматының Астана қаласындағы мәдени күндері аясында гастрольдік сапар ұйымдастырып, елордалықтар мен қала қонақтарының назарына театр репертуарындағы үздік қойылымдарды ұсынған еді. 83 жылдық тарихы бар өнер ошағының «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» (авт. М.Дъячева, реж. К.Андреева), поэзияның шыңына жеткен М.Мақатаев жырлары арқылы театр артистеріқуыршақтармен бірге өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсететін «Мен деп ойла…» (реж. М.Тәуекелова) қойылымдарын тамашалаған кішкентай бүлдіршіндердің қуанышы, ата-аналарының жылы лебізі театр әртістерінің көңілін бір марқайтқаны шындық.

                                                           «Ана жүрегі» (авт. Е.Ионов, реж. А.Зайцев)

Сондай-ақ, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасында заңғар жазушы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісімен сахналанып, қатпарлы парақтардан киелі сахнаға қуыршақтар бейнесінде жол тартқан «Ана – Жер ана» (реж. Д.Жұмабаева) трагедиясы, қаншама ғасыр ағыны өтсе де, өмірдің кілтін ұстап, құндылығын жоғалтпаған бүгінгі таңдағы ана мен бала байланысын суреттейтін «Ана жүрегі» (авт. Е.Ионов, реж. А.Зайцев) қойылымдары да көрермен назарына ұсынылды.    

                                «Ана – Жер ана» трагедиясы (авт. Ш.Айтматов, реж. Д.Жұмабаева)

        Бүгінгі таңда талай республикалық, халықаралық фестивальдерді бағындырып жүрген өнер ұжымы алматылық көрермендерге рухани азық сыйлаумен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында гастрольдік сапарларды да жиі ұйымтастырып, өзге қалалардың өнер сүйер жандарына қызықты әрі қызғылықты қойылымдарды тарту етуді дәстүрге айналдырған.   

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ   

 

 

 

(43)