Ердоған үшін сын сағаты енді туды

24 маусым күні Түркия мемлекеті тарихи шешім қабылдады. Мемлекетті басқару жүйесі өзгерді. Президенттің өкілеттігі артып, парламенттік жүйе әлсіреді. Журналист Айдын Енгин: «Бұдан кейін әлемнің ешбір елінде бұған ұқсасы байқалмаған «президенттік басқару жүйесіне» өтіп, күштік құрылымдардың тарапсыздығы туралы айтылмайтын, заң атаулы “президентке” берілген, автократия арқылы басқарылатын Түркия бар. Білім беру жүйесінен әскери қалыпқа, құқықтық мемлекеттен заңдарына шейін негізгі мәселелерде бұдан былай Ислами қағидаларға ашық басымдық беретін жаңа бір режимнің құрылу қарсаңындамыз» деп, «Жаңа Түркияның» қандай векторда дамитынын сипаттап берген болатын.

Осы күнге дейін Ататүрік заманынан бері келе жатқан саясат, билік басқаруда парламенттік жүйе болған еді. Ең алдымен, ол ─ ұлттық мемлекет құру саясаты. Түрік халқы Ататүркті санасынан өшірмей, әлі күнге дейін құрмет тұтатыны да осыдан. Ататүрк құрған мемлекет түрік тілінің басымдығы, түрік ұлтының басымдығы, басқа ұлттарды бірте-бірте түріктерге айналдыру, ассимиляциялау саясатын жүргізді. Азаматтық саяси ұлтқа айналу, оның ішінде барлық ұлттар өз ұстынын сақтап отырады деп келді. Кешегі күнге дейін Түркия үкіметі Еуропа қабылдаған адам құқықтары турасындағы құжаттарды мойындап, іске асыруға бел буған. Ол дегеніміз, саны жағынан аз ұлттардың тілін, мәдениетін, дәстүрін мойындау, басқа да қажеттіліктерін өтеу. Осы арқылы бірте-бірте күрд мәселесін оңтайландыра бастаған болатын. «Түркияның бүгінгі экономикалық өсімі Өзал, Демирел кезінде қолға алынған реформалар, орта және шағын бизнесті қолдау, Еуропамен және басқа да дамыған мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орнату саясатының нәтижесі енді ғана нәтиже беріп келе жатқан еді. Кез келген реформаның нәтижесі бүгін емес, ертең емес, 10 жыл, 20 жылдан кейін беретіні анық. Мұны ғылымда институционалды, институттық реформа», — дейді саясаткер Айдос Сарым. Бүгінгі Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның экономикадағы жетістігі Ататүрк құрған парламенттік басқару жүйесінің нәтижесіне тікелей байланысты болды. Өзал мен Демирел жасаған реформалардың нәтижесі де бар. Ердоған үшін сын сағаты енді туды. Бұдан кейінгі Түркияның экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей жауапты адам жалғыз өзі. Парламенттің министр, әкім, сот, прокуратура басшысын тағайындап, заң шығаруға мүмкіндігі жоқ. Бұдан кейін Түркия толығымен Ердоғанның бақылауында болмақ.
Ердоғанның «супер президенттік» басқаруды қолға алып, Түркияның 100 жылдық тарихында (2023 жыл) елдің басқару жүйесіне төңкеріс жасайтыны ешкімді таңғалдыра қойған жоқ. Соңғы төрт жылдағы болған елдегі саяси өзгерістерден ең алдымен осыны байқауға болады. Ердоғанның билікті басқару жүйесін кезең-кезеңімен өзгертіп, оппозицияның қол-аяғын біртіңдеп байлап отырды. «Алланың берген сыйы» деп бағалаған 2016 жылғы (15 шілде) «әскери төңкеріс» Ердоғанның пайдасына шешілді. Ердоған өте қысқа уақыттың ішінде қарсылас деп тапқан барлық мемлекеттік қызметкерлерді, оның ішінде сот, прокуратура, арнайы қызмет өкілдері, полиция, түрлі министрлік қызметкерлері, әскери шенділерді, ең соңында мұғалімдер мен дәрігерлерді де жұмыстан шығарып, күдіктілерді түрмеге тоғытты. Елде төтенше жағдай жарияланды. Түркияда жойылған ең маңызды институттың бірі — судьялар мен заңгерлер. Жоғарғы сот, Конституциялық кеңес Ататүрік идеяларын іске асырған топтар қоғамның негізгі қозғаушы күші болатын. Елдегі реформалардың дұрыс жүзеге асуын қадағалайтын басты орган десе болады. Төңкерістен кейін жоғарғы сот, прокуратура, Ата заң комиссиясының мүшелері бар 2700-ден астам заңгер төңкеріске қатысы бар деген желеумен жұмыстан шығарылды. Қарап отырсаңыз, мұның өзі үлкен «төңкеріс» деуге келеді. 2700 адамды бірден жұмыстан шығару немесе тұтқындау үшін Түркияға бір «әскери төңкеріс» қажет те болған секілді. Сол себепті де шығар, оппозиция 15 шілдені емес, «20 шілде нағыз төңкеріс» деп бағалады. Ердоғанның бұдан кейінгі қадамы да Атазаңды өзгерту үшін өткізген референдум болатын. Ердоған Түркияда «әскери төңкеріс» болмағанда, бүгінгідей «конституциялық төңкеріс» жасай алмас па еді? Кім білсін?!
2017 жылы сәуір айында болған референдумда өте аз пайызбен жеңіске жеткен Ердоғанды саясаткерлер «Түркияны екіге бөлді» деп сынаған болатын. Президенттік басқару жүйесіне қарсы дауыс берген 49 пайыз оппозициялық партияларға үміт сыйлады. Әсіресе Измир, ел астанасы ─ Анкара, тіпті Ердоған көркейткен Стамбул секілді үлкен қалалар референдумда Ердоғанның бастамасына қарсы дауыс берді. Референдум болсын, кешегі өткен сайлауда болсын, медианың күші қатты сезілді. Ердоған «супер президенттік» билікке дейін-ақ 200-ге жуық медиа құрылымдарын жауып, 260 журналистің қолына кісен салды. Түркияда кезең-кезеңімен медианы түбірі жойылды. Халыққа дұрыс ақпарат жеткізетін бейтарап БАҚ қалмады. Сайлау науқаны жүріп жатқанда Ердоғаннан басқа үміткерлерге үлкен телеарналарға шығуға мүмкіндік берілмеді. Мысалы, ТРТ секілді мемлекеттік арна Ердоған, Ердоғанның өткізген митингтерінен 181 сағат уақыт бөлсе, Мұхаррем Инжеге 15 сағат, президенттік таққа үміткер жалғыз әйел Мерал Акшенерге 3-ақ сағат уақыт берілген. Ал түрмеде отырған Салахаддин Демирташқа 15 минут қана. Мемлекеттік арналар былай тұрсын, CNNturk, NTV секілді жекеменшік арналар да басқа үміткерлердің митингілерін тікелей эфирде көрсетуге батылы жетпеді. Ердоған өзінің бағдарламасын халыққа толық жеткізе алды. Ол мемлекеттің коммуникациясынан бастап транспортына дейін барлық мүмкіншіліктерін пайдаланды. Ал басқа үміткерлердің құқығы шектелді, кей қалаларда миитинг өткізу рұқсат берілмесе, кей қалаларда жарық сөндірілді. Олардың халықпен жүздесуіне толық жағдай жасалынбады. Бұл жайында «Washington Post» газеті жазды. Түрмеде отырып сайлау науқын жүргізген Салахаддин Демирташ «Біреулерлер 100 митинг өткізсе, мен 100 туит жаза алдым» деген болатын.
Жоғарыда Түркияда кезең-кезеңімен медианы түбірі жойылды деген болатынбыз. Не үшін? Сайлау қорытындысын жариялайтын да мемлекеттік «Анадолу» ақпарат агенттігі болатын. Жоғары сайлау коммиссиясы сайлау жәшіктерінің 35 пайызы ашылды деп ақпарат берсе, «Анадолу» агенттігі барлық телеарналарға 80 ашылды деп ақпарат беріп жатты. Жоғары сайлау коммиссиясы 50 пайыз ашылды десе, «Анадолу» агенттігі 90 пайыз ашылғанын жайлы жалған ақпарат таратып, Ердоған өзінің қайта президент болып сайланғанын жариялайды. 2015 жылы 7 маусымдағы парламент сайлауында Ердоғанның партиясы төмен дауыс алып, қайта сайлау өткізуге мәжбүр болған еді. 2015 жылғы сайлауда «Анадолу» ақпараттық агенттігімен қатар «Cihan» ақпараттық агенттігі де сайлау нәтижесін жариялаған болатын. Бүгінгі күні Түркияда «Cihan» секілді дербес, тәуелсіз ақпарат агенттік жоқ. Сол себепті де кешегі сайлауда медиа мен әлеуметтік желі арасында үлкен күрес жүрді. Ердоған өзінің президент болып қайта сайланғанын жариялап жатқанда, оппозициялық партия өкілдері өз жақтастарына сайлау жәшіктерін тәрк етпеуін, халық дауысының толықтай саналып бітуін күту, телеарналардың манипуляция жасап жатқанын халыққа туиттер әлеуметтік желісі арқылы жеткізді.
Хош делік. Ердоған қайта бес жылға сайланды. Ердоғанның билікте отырғанына 16 жыл болды. Тағы да 5 жылға сайланып, 21 жыл ел басқару мүмкіндік алды. Түркияның жүріп өткен 16 жылы Ердоғанға тікелей қатысты. Мейлі ол жетістік болсын, мейлі сәтсіздік болсын. Бүгінгі күні Түркия экономикасы анау айтқандай жақсы емес. Сарапшылардың пікірінше экономикалық дағдарыс Түркияда енді басталды. 1 доллар 5 лира (342 теңге) шамасында. Сыртқы қарыз 452 млрд. доллар, ішкі қарызбен қосқанда шамамен 600 млрд доллар. Банктердің сырттан алған қарызы 186 миллиард долларға жеткен. Бұның 103 млрд. доллларын 12 ай ішінде межесі толған қарыздарды құрайды. Қызығы, Ердоған билікке келгенде Түркияның сыртқы қарызы 130 млрд. доллар шамасында болған екен. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Ердоғанның президент болып сайланғаны дұрыс-ақ. Дегенмен Ердоған үшін бұл жеңіс қуаныш сыйлайтын жеңіс емес. Елді күтіп тұрған экономикалық дағдарыстан алып шығуға міндетті ─ Ердоған үкіметі. Себебі ол елді 16 жыл басқарып. Оппозициялық партиялардың елді дағдарыстан алып шығуға қауқары жетпейді-мыс, арнайы бағдарламалары, тісқаққан экономист мамандары жоқ деп есептейді. Moodys (Moody’s Investors Service), Standard & Poor’s, Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттіктері Түркияның несие жазбасын төмендеткен болатын. Жыл басында лираның АҚШ долларына шаққандағы бағамы 3,78-ді құраса, бес айдың ішінде көрсеткіш 4,87-ге жетті. Түрік валютасы 25 пайызға дейін құнсызданды. Орталық банк екінші деңгейлі банктерге беретін пайыз мөлшерлемелерін 16 пайызға көтеріп, лираны тұрақтандырмақ болған. Дегенмен 16 пайыздық мөлшерлеме валюта бағамын тұрақтандыруға шамасы жетпеді. Дәл бүгінгі күні 1 АҚШ доллары 4,62 түрік лирасын құрап отыр. Түркияда валюта бағамы саяси полемикаға, саясакерлердің мәлімдемелеріне, әсіресе Ердоғанның сөздеріне байланысты жиі өзгеріп отырады. Сайлаудың да бұған әсері бар. Дегенмен президенттік-парламенттік сайлау өткеніне бір жұмадан артық уақыт өтті. Валюта бағамында ешқандай өзгеріс жоқ. Түрік кәсіпкерлері компанияларын жауып, шетелге кетуге мәжбүр. Бірнеше мың түрік миллионерлерінің алпауыт компанияларын жауып, шетелге бас сауғалап кетуі әлемдік басылымдардың назарында. Үкімет тарапынан жасалатын рейдерлік жиілеп кетті. Заңның дұрыс орындалуы қадаланбаған соң, әділ сот шешімі болмаған соң, түрік кәсіпкерлерінің үкіметке деген сенімі азайған. Мұндай жағдайда шетелден инвестиция келеді деп күту, соған сенім арту ақылға сыймайды. Мемлекеттің ашықтығына, соттың тәуелсіздігіне жіті мән беретін шетелдік компаниялардың авторитарлы жүйедегі мемлекеттерге инвестиция құюы екіталай. Ердоғанның алдында үлкен сынақ тұр. Ол ─ президент, әрі «премьер-министр». Енді Ердоған электоратына елдегі саяси, экономикалық дағдарыстың себебін «мұның барлығы сыртқы күштердің әсері» деп сендіріп, ақтала салуы екіталай. Салық пен сайлаудың арасында өмір сүретін түрік халқы үшін әмиянның қалың болып қала беруі маңызды.

Бауыржан Карипов

(387)