Қазақстан Президентінің туған күніне орай шетел мемлекеттері басшыларының құттықтаулары

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқыны жоғары екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Қытай – тату көршілер әрі көп жақты стратегиялық серіктестер. Мен Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының даму барысын жоғары бағалаймын және Сізбен бірлесе отырып, өзара қолдауды әрі қарай нығайтуға, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұштастыруға бағытталған ынтымақтастықты тереңдетуге, екі ел халықтарының игілігі үшін жұмыс істеуге дайынмын», – делінген жеделхатта.

***

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қазіргі Қазақстанның жоғары жетістіктерінің, табыстары мен жеңістерінің бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тікелей байланысты екенін айтты.

«Өзіңізді халыққа адал қызмет етуге арнаған, еліңіздің болашағы мен әр азаматтың тағдырына алаңдайтын басшы ретінде таныттыңыз. Сіз шын мәніндегі адами және іскерлік қасиеттеріңіздің, әділ де талап қойғыш басшыға тән талантыңыздың арқасында тек Қазақстан мен біздің өңірде ғана емес, сондай-ақ одан да шалғай жерлерде зор құрмет пен жоғары беделге ие болдыңыз», – делінген жеделхатта.

Ш.Мирзиёев екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің әрі қарай да дәйекті түрде дамып, жан-жақты нығая беретініне сенім білдірді.

***

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Қазақстанды одан әрі өркендету және дамыту жолындағы қызметіне толайым табыс тіледі.

«Тәжікстанда халықтарымыздың арасындағы тарихи қарым-қатынастардың, достық пен құрметтің тұрақты дамуына қосқан Сіздің жеке үлесіңіз жоғары бағаланады. Біз Астанадағы жуырда өткен келіссөздер мен кездесулер барысында Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы көп жақты ынтымақтастықты жаңа маңызды уағдаластықтармен нығайттық. Олардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы елдеріміздің стратегиялық серіктестігін жан-жақты бекемдеудің факторы болатынына сенімдімін», –делінген жеделхатта.

***

Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга өзінің құттықтау жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарын дамытуға қосқан жеке үлесін атап өтіп, Циндао қаласындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті барысында өткен екі жақты кездесудің нәтижелеріне оң баға берді.

«Мен Сіздің сауда-экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай ілгерілету үшін бізде зор мүмкіндіктер бар деген пікіріңізбен келісемін. Біз алдағы уақытта ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларында өзара белсенді ықпалдастықты дамытуға дайынбыз.

Сізге зор денсаулық, ал достас Қазақстан халқына бақ-береке тілеймін!», –делінген жеделхатта.

akorda.kz

(7)