ӘЧ: « ЕҢ ҮЗДІК ЖАС ОЙЫНШЫЛАР»

   «Жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» демекші, футболда да тәжірибелі ойыншылардың өзін шаң қаптырып, ерекше ойын өрнегімен көзге түсіп жататындар қай кезде болмасын табылады. Десе де, футболшыларды атақ-даңқтың неше түрінен кенде қылмайтын ФИФА жастар жағына әлем чемпионаттарының тарихында «Ең үздік жас ойыншы» мәртебесін 2006 жылға дейін бермей келіпті. Бәлкім ұмытты немесе жас өрендер елеусіз қалды.
Футболда біз тамашалап жүрген әлемдік, халықаралық турнирлердің санатында U-19,  U-21 секілді 19, 21 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы чемпионаттар да бар. Алайда кейбір жұлдызы жарқырап, маңдайының бағы бес елі болып бапкер көзіне түскен, әйгілі Пеле сияқты 17 жасында жарқ ете қалатындар теңбіл доп додасында жиі ұшырасады. Жуырда ФИФА-ның ресми сайты 1958-2002 жылдар арасындағы барлығы 12 әлем чемпионатында алаңға шыққан жас ойыншылардың тізімін жасап, дауысқа салған-ды. Сөйтіп, Швеция-1958 турнирінің жартылай финалында Франция қақпасына 3 гол соғып, хет-трик жасаған, финалда алаң иелері Швеция құрамасының қақпашысының осал тұсын екі рет дәл көздеп, дубль жасаған даңқты Пеле «Ең үздік жас ойыншы» деп танылды. Ерекше айта кететіні, футбол королі атанып кеткен Пеле сол жылы небары 17 жаста болса, бүгінде пентакампьон болып шіреніп отырған Бразилия құрамасы Скандинавия түбегінде тұңғыш рет әлем чемпионы атанған болатын.
Дауыс берушілер бұдан кейінгі Мундиаль турнирлерінің ең үздік жас ойыншылары ретінде кілең 20-21 жастағы, атап айтқанда, Флориан Альберт (Венгрия), Франц Беккенбаур (Германия), Теофильо Кубиньяс (Перу), Владислав Жмуда (Польша), Антонио Кабрини (Италия), Мануэль Аморос (Франция), Энцо Шифо (Бельгия), Роберт Просинечки (Югославия) және спорттық ғұмырының соңғы кезеңдерінде жарақаттан көз ашпаған нидерландық жартылай қорғаушы Марк Овермарсты және 2002 жылы АҚШ құрамасы сапында бір гол соққан Лэндон Донованды таңдады. Сондай-ақ осы тізім бойынша 1998 жылы Францияда өткен турнирде Румыния мен Аргентина құрамаларының қақпасына бір-бірден гол соғып соққан Англияның «алтын баласы» Майкл Оуэн осы тізім бойынша «Ең үздік жас ойыншы» атанса, аталмыш турнирде оның жасы 18-де болатын.
Әңгімеміздің басында ең үздік жас ойыншыға берілетін арнайы марапат 2006 жылға дейін тағайындалмағанын айтқан едік. Сол жылы «ең жас құрама» атанған Германияның сапында ұлты поляк Лукас Подольски Мундиаль тарихындағы тұңғыш рет берілген «Ең үздік жас ойыншы» атағына 21 жасында ие болса, араға төрт жыл салып, Оңтүстік Африка Республикасында өткен турнирде Подольскидің отандасы Томас Мюллер осы атақты иеленді. Германия тарихындағы ең атақты үшінші Мюллер 2010 жылы 20 жаста болса, 2014 жылы «Ең үздік жас ойыншы» атанған француз футболшысы Поль Погба 21 жаста еді. Биыл немістердің жолын француздар жалғастыруы бек мүмкін. Өйткені, Франция құрамасының сапында өнер көрсететін Килиан Мбаппенің ойын мәнері басқадан бөлек болып тұр. Оның үстіне гол соғып көрермен көзайымына да айналды. Айта кетейік, К.Мбаппе алдағы желтоқсан айында 20 жасқа толады.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ     

(4)