Қыз баласы үшін шаштың қадір-қасиеті неде?

Қыз бойынан табылатын табиғи сұлулық пен тазалықтың бір белгісі — қолаң шаш десек артық айтқандық болмас. Қыз баланы ер баладан ерекшелеп тұратын да ұзын шаш болып табылады. Талай ақын-жыршылар жырларына қосқан шаштың әйел адамы үшін алатын орны зор. Дана Абай:
Етіндей жас баланың білегі бар,
Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Қолаң қара шашы бар жібек талды
Торғындай толқын ұрып көз таңдайды, — деп әйел бейнесін тамсандыра суреттеген.
Бала күнімізде ата-аналарымыздың «Шашты кез келген жерге тастамандар», «Шашты жаймай, жинап жүріңдер», «Өз шаштарыңды өздерің қимаңдар» деген ескерпелерін жиі еститінбіз. Мұнда көп сырдың бар екенін білсекте, ашығын сұрай қоймайтынбыз. Бұл сөздердің түбінде шашқа деген қадір-қасиет, бағалау сынды ұғымдардың жатқаны анық байқалады. Шаш тек сәндік, сұлулық негізі ғана емес, ол сенімділіктің де нышаны. Интернет беттерінде ғалымдардың, арнайы шаш мамандарының шаштың қаситеті жайлы, оны күту, сәндеу сынды еңбектері өте көп. Ал біз, осы шаш туралы, оның адам өміріне ықпалы жайлы қарапайым халықтан сұрастырып көрдік.
Ақбердина Дамира, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА колледжінің түлегі: Шашым —өнеріме көп септігін тигізген асыл затым. Өнер адамы болған соң біздің денеміздегі әр жаратылыс өнерімізге өз пайдасын тигізеді. Қыздың көркі — шаш. Әсіресе, қазақ қызын бұрымсыз елестету мүмкін емес. Талай ақындар жырына қосқан қыз бұрымы, бүгінде, өкінішке орай, келтеленіп бара жатыр. Бұл  заман ағымына қарай шығар мүмкін. Шашымды 6 жасымнан бастап өсіре бастадым. Әрине, бұған әке-шешемнің, қарт әжемнің ықпалы болды. Сол кісілердің арқасында қазақы тәрбие алып, бойыма барлық жақсы қасиеттерді сіңіріп өстім. Мектеп кезінен шашым бірден жұрттың көзіне түсетін. Алланың берген қою қара қалың шашы, өнеріме де өз көмегін көрсетті. Киелі Жамбыл өңірінен арман қуып, Алматыға Өнер колледжіне тапсырдым. Бағым жанып, бірінші өнерімнің, екінші осы ұзын бұрымымның арқасында ақысыз бөлімге қабылдандым. Биыл жылда Болгарияда өтетін «Болгария достары» байқауына 2012-2015 жылғы актерлық өнер мамандығының студенттері қатысып, гран-при жүлдесін алдық. Алып барған дүниеміз, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын көрсететін «Ауыл тойы» композициясы болатын. Жеңіске алып келген бірден-бір себеп — қазағымыздың қарапайым қыздарының шашбаулы бұрымы мен ер-азаматтардың ержүректілігі. Мен үшін шашым — бағым болып саналады. Көрген адамдар: «Қалай ұзын шашпен қоғамдық көліктерде жүресің, қалай күтесің, қиындық тудырмай ма?» — деп сұрап жатады. Шашымызды күту қиын, жуу қиын, сәндеу қиын деп қиып тастауға болмайтын шығар түсінетін адамға. «Шашы ұзын қыз, қандай сұлусыз, қырдың гүліндей, құлпырып тұрсыз», — деп Нұрлан мен Мұрат ағаларымыз ән салғандай, шашы ұзын қыздар әрқашан тартымды көрінеді. Қолаң шашым әлі талай қазақ өнеріне өз үлесімді қосуыма ықпал ететініне сенімім мол.
Құрманбекова Меруерт, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің 2-курс резиденті: Ұзын шаш — мен үшін әдеміліктің белгісі. Шашымды өсіруіме бірден-бір себепші — әжем. Ол маған үнемі шаштың өз киесі болады деп отыратын. Қазақ қызының шашы ұзын, өзі сұлу болуы керек деп әрқашан жігерлендіретін. Кішкентай күнімде ата-анама шашымды қидыруға рұқсат бермейтін. Әжемнің қатал мінезінен қорқатын ата-анам менің шашымды 4-5 жасымнан бастап кестірмей өсірді. Шашым өте қалың әрі бұйра болғандықтан, тіземе жеткен ұзын болмады. Кейіннен тұрмыс құрып, ана атанған соң, шашым көп түсетін болды. Сондықтан шаш мамандарының ақыл-кеңесіне жүгініп, шашымды қидырып тұруды шештім. Мен үшін қыз баланың шашы ұзын болуы тиіс деп ойлаймын. Адам бойына киім қалай сән берсе, шаш та түр-әлпетке сондай әр береді.
Әбдірамбайқызы Тұрсын, зейнеткер: «Қыздарға әсемдік жарасады» дегендей, шаш ең бірінші сұлулықтың белгісі. Қыз-келіншектердің көркі — шаш, шаштың көркі — шашбау, шолпы, бүгінде түрлі шашқа арналған қыстырғыштар. Жас күнімізде шашымызды өсіру, оны сәндеп жалғыз өрім, қос өрім етіп өру, шашты күту, салалап тарау үлкен өнер болатын. Көршінің қыздарымен шашымызды жарыса өсіріп, сәндейтінбіз. Біздің заманда, қазіргідей дайын өнімдер жоқтың қасы. Шаш күтімі үшін қолдан арнайы шөп тұнбаларын, айранды, жылқының майын пайдаланатынбыз. Олар шашқа нәр беріп, жылтырататын.  Шашты әке-шешеміз бізге бақыт пен абыройдың белгісі деп отыратын. «Шашты қию, өз бақытын қию», «Шаштың киесі бар» деп қарт әжелеріміз ескертіп отыратын. Әйел шашы қатты бағаланатын. Тіпті, түскен шашымызды жинап, аяқ баспайтын жерге апарып көміп тастайтынбыз немесе арнайы жинап қойып, кейін керек кезде шаш түюге пайдаланатынбыз. Жерге түскен шаш ауруға әкеледі, басылған шаштың егесі бас ауруына шалдығады дегенді бұрындары қарттарымыз айтып отыратын. Оның нақты дәлелі болмаса да, шаштың киесі барына сендіреді. «Аяғы ауыр келіншектер шашын кесуге болмайды» деген ырым бар. Бірақ ол ырымда өз орнын жоғалтқан сияқты. Қазір жастарымыздың бұрымы күннен-күнге қысқарып келе жатыр. Бұл да сән шыгар. Бірақ көшеде не ұл емес, не қыз емес болып кетіп бара жатқан қазақтың қызын көргенде ыңғайсыз күй кешемін. Жастарымыз сән қуып, өз қазақилығымыздан алыстамаса екен деп тілеймін.
Самал, шаштаразшы, сәнгер: Бүгінде шаш қиюға келгенде адамдардың талғамы әртүрлі. Шаштың адамға сән беріп, бет-келбетін өзгертіп тұратын қасиеті бар. Шаш қою үлгісі арқылы адам өзін еркін сезіне алады. Бізге келген адамдардың барлығы сіздердің ойларыңызша, тек шаш қидыруға келеді. Бірақ бүгінде шашты кесуден бұрын, оны өсіру үлкен сұранысқа ие. Шаш жалғап, ұзартып беріңіз деген клиенттер саны өте көп. Біз жасанды шаш арқылы, арманы ұзын шаш болып жүрген аруларымызға көмектесеміз. Жасанды шаш, өз шашындай болмаса да, адамға біраз уақытқа дейін өзін қолаң шашты ару ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Қысқа шашты бойжеткендеріміздің өзіндік шаш қою үлгісі болады, бірінің талғамы соған сәйкес келеді, бірінің шашын ұзын етіп өсіретін мүмкіншілігі жоқ дегендей. Адамдардың бәрін тек сырт-келбетіне қарай сөге беруге болмайды. Ырым-тиымдарға сеніп, адам тағдырын қалыптастыруға да болмайды. Сондықтан қысқа шаш болсын, ұзын шаш болсын, әдемі, үйлесімді болуы керек. Талғамда талас жоқ.
Әрине, талғамда талас жоқ. Ең бастысы, қыздардың, оның ішінде қазақ қыздарының ең ерекше құндылықтарының бірі — ұзын бұрым екенін естен шығармасақ болғаны.

Айнұр Балабекова,
журналист

(26)