Қазақстандық және АҚШ дәрігерлері балаларға оталар жасады

Елімізде жұрт назарынан ешқашан тыс қалмайтын саланың бірі — медицина саласы. Денсаулық сақтау саласының маңыздылығы туралы түсіндіріп жатудың өзі артық әңгіме болар еді. Дейтұрғанмен, қазақ медицинасы үлкен-үлкен сынақтардың алдында тұрғаны жасырын емес. Ол тәуелсіздіктен кейін біртіндеп даму жолына бет бұрған, егемен елдің экономикасы, қоғамдық өмірімен бірге біте қайнасып өсіп келе жатыр. Талай кедергілер мен сәтсіз бастамалардың дауылын да бастарынан өткерді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы негізінде көптеген игі шаралар қолға алынды. Мемлекеттің қолдауымен медицина саласына қажетті озық үлгідегі жабдықтар сатып алынды. Осылардың қатарында дәрігер мамандарды даярлау мен дамыған елдердің медициналық орталықтарымен бірлесе отырып тәжірибе алмасу, біліктілігін жетілдіру жұмыстары да назарда тұр. Сондай ілкімді жобалардың бірі жақында Астанада жүзеге асырылды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі қуана хабарлады.
2018 жылғы 17-22 маусым аралығында «University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы базасында Surgicorps International (АҚШ) тәжірибелі хиругтары отандық мамандарымен бірлесіп, күйік шалған, туа бітті және жүре пайда болған беттегі және денедегі деформацияларға пластикалық оталар жасалды. Сондай-ақ, «Балалар — біздің болашығымыз» әлеуметтік жобасы аясында микротия және есту арнасының атрезия диагнозы қойылған балалар консультацияға қатысты.
2018 жылғы 17 маусымда америкалық пластикалық хирургтар 140-қа жуық пациентті қарап, 64 балаға ота жасауға шешім қабылдады. Соның ішінде микротия мен есту арнасының атрезиясы бар 7 балаға ота жасалды. Бұл балаларға америкалық хирург заманауи «Medpore» имплантын қолданып, құлақ қалқанына реконструктивті оталар жасады. Қазақстанда мұндай оталар алғаш рет жасалды және америкалық мамандардың шеберлік сабағына Алматыдан арнайы келген дәрігерлер де қатысты.
Аталған жобаны «Асыл Бала» қоғамдық қоры АҚШ-тың «Халықаралық ықпалдастық тобындағы» әріптестерімен бірлесіп «University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы базасында іске асыруда.
Жобаның негізгі мақсаты — мамандардың өзара тәжірибе алмасуы, отандық хирургтардың біліктілігін арттыру және қазақстандық балалар арасында мүгедектікті азайту бағытында әрі қарай өзара ынтымақтастық орнату.
Еске сала кетейік, 2016 жылғы 4 қазанда жобаның алғашқы кезеңі басталып, 2017 жылдың 13-15 наурыз аралығында «UMC» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және Surgicorps International (АҚШ) пластикалық хирургтары осы орталық базасында еліміздің барлық өңірлерінен келген 300-ден астам баланы, оның ішінде балалар үйлерінің 14 тәрбиеленушісін қабылдап, тексеруден өткізген болатын. Үшінші кезеңде 2017 жылдың мамыр айында 80 балаға ота жасалды.
Көңіл қуантарлық шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді деген сенімдеміз. Өз кезегінде мұндай тәжірибе алмасулар еліміздің әр облыстарында, ірі қалаларында көптеп қолға алынып та жатыр. Жас мемлекеттің медицина саласын дамыту, өсіру жолындағы талпыныстар әлі де жалғасын табады деп сенеміз.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

(9)