Футбол: Сенсацияға толы әлем біріншілігі

Ресейде өтіп жатқан аяқдоп додасы ешкімді де бейжай қалдырмай отыр. Өйткені аталған додада фавориттер күтпеген жерден жеңіліс тауып, топта аутсайдер саналғандар жеңіске жетіп, сенсациялар жауыннан кейін шыққан саңырауқұлақтай қаптап кетті. Жанкүйерге керегінің өзі осы ғой. Енді ең алдымен топтық іріктеу кезеңіндегі соңғы ойындардың нәтижелеріне көңіл аударсақ. «А» тобында алғашқы екі кездесуін де жеңіспен аяқтаған әлемдік біріншілік қожайындары — ресейліктер өз тобында көш бастап тұр. Олар ең алғашқы болып плей-офф кезеңіне өтті. Бұл топтағы екінші жұп Уругвай мен Сауд Арабиясы командалары арасындағы ойын 1:0 есебімен уругвайлықтар пайдасына шешілді, жалғыз доптың авторы — Луис Суарес. «В» тобындағы командалар да кезекті тур ойындарын  өткізді. Португалия Марокконы 1:0 есебімен тізе бүктірді. Бұл кездесуде соққан голдарының санын 4-ке жеткізген Криштиану Роналду сұрмергендер көшін бастап тұр. Ал екінші жұпта өнер көрсеткен Иран мен Испания командалары арасындағы жекпе-жек 1:0 есебімен испандықтар пайдасына шешілді, жалғыз жетім голдың авторы — Диего Коста. «С» тобында Дания мен Австралия құрамалары бірін-бірі жеңе  алмай, 1:1 есебімен тең тарқасса, Франция мен Перу арасындағы тартысты сайыста қарсыластарын 1:0 есебімен жеңген француздықтардың мерейі үстем болды, жалқы доптың авторы — К.Мбаппе. «Д» тобындағы командалар арасындағы сайыста Нигерияның қара маржандары Исландия командасын 2:0  есебімен ұтып кетті. Кездесуде соғылған екі доптың да авторы — Ахмед Муса, ол бүгіндері Ресей біріншілігінде мәскеулік ЦСКА командасы сапында өнер көрсетіп жүр. Бұл топтағы басты сенсация — атақты Леонель Мессидің командасы Аргентина құрамасының Хорватия жігіттеріне 3:0 есебімен ойсырай ұтылғандығы дер едік. Доптарды А.Ребич, Л.Модрич және И.Ракитич сынды Еуропа командаларында өнер көрсетіп жүрген саңлақ футболшылар соқты. «G» тобында Бельгия Тунис командасын 5:2 есебімен тас талқан етсе, (доп соққандар: Э.Азар (2), Р.Лукаку (2), М.Батшуайи — бельгиялықтардан, Д.Бронн, В.Хазри — тунистіктерден) Бұл топтағы екінші жұпта Англия құрамасы Панаманы 6:1 есебімен ойсырата ұтты, доп авторлары: Д.Стоунз (2), Г.Кейн (3), Д.Линград — ағылшындар сапынан, Ф.Балой — панамалықтардан. Ағылшын командасының атақты шабуылшысы Гарий Кейн  5 доппен сұрмергендер көшін бастап тұр. «Н» тобында Жапония командасы Сенегалмен 2:2 есебімен тең түсті, допты соққандар —Т.Инуи, К.Хонда — жапондықтардан, С.Мане, М.Ваге — сенегалдықтардан. Бұл топтағы екінші жұпта атақты Левандовскийдің командасы  — Польша Колумбияға 0:3 есебімен оңбай ұтылды. Доптың авторлары — Е.Мина, Р.Фалькао, Х.Куадрадо. «Е» тобында Сербия Швейцарияға 1:2 есебімен ұтылып қалды. Доп соққандар — А.Митрович — Сербия сапынан, Г.Джака, Д.Шакири — швейцариялықтардан). «F» тобында Оңтүстік Корея Мексикаға 1:2 есебімен есе жіберсе (доп соққандар — С.Мин — кәрістерден, К.Вела, Х.Балькасар — ацтектер сапынан), алғашқы турда мексикалықтардан ұтылған неміс машинасы бұл жолы Швеция командасын 2:1 есебімен жеңді, доптың авторлары —  М.Ройс, Т.Кроос — немістерден, У.Тойвонен — шведтерден. Бір қызығы немістер жеңісті ойынның соңғы секундтарында жұлып алды. «А» тобында Уругвай Ресейді 3:0 (Л.Суарес, Черышев (автогол), Кавани); Сауд Арабиясы Египетті 2:1 есебімен ұтты (Аль-Фарадж, Аль-Доссари; М.Салах). «В» тобында Иран мен Португалия 1:1 есебімен тең түссе (К.Ансарифард, Р.Куарежма), Испания Марокконы 2:1 есебімен еңсеріп (Иско, Я.Аспас; Х.Бутаиб, Ю.Эн-Несери), 8\1финалға өтті. Енді плей-оффта Уругвай Португалиямен, Испания Ресеймен кездеседі. «С» тобында Австралия Перуге 0:2 есебімен есе жіберсе (А.Каррильо, Х.Герреро), Дания мен Франция 0:0 есебімен тең тарқасты. Енді Франция Аргентинамен, Хорватия Даниямен күш сынасады. Қалған топтағылардың соңғы ойындары алдағы уақытта өтеді. Қысқасы қазіргі таңда плей-офф кезеңіне өтіп тұрған құрамалар: «А» тобынан — Ресей мен Урагвай, «В» тобынан  — Португалия , «С» тобынан — Франция, «Д» тобынан — Хорватия, «Е» тобынан — әзірге Бразилия мен Швейцарияның мүмкіндіктері жоғары, бұларда 4 ұпайдан бар. Бұл топтың 1 және 2 командаларының кім болатындығын тек соңғы топтық кездесу ғана шешетін болады. «F» тобынан — Мексика, «G» тобынан — Бельгия мен Англия, «Н» тобынан — Колумбия мен Сенегалдың мүмкіндіктері жоғары, бұлардың қоржынында 4 ұпайдан бар. Соңғы турда Польшаны жеңсе, Жапония да жолдамаға үміт арта алады. Ал Польша үйлеріне қайтады. Ондай үнжырғасы түскендер қатарында Перу, Исландия, Сауд Арабиясы, Египет, Марокко, Австралия, Коста-Рика, Панама, Тунис сынды құрамалар бар.

Әлемдік додаға қатысты қызықтар

*Аргентина құрамасының жанкүйері алма-тылық жанкүйер жігіт Месси командасының жеңісіне бәс тігіп, 2,5 млн. теңгесінен айырылып қалды. Өйткені Хорватиямен болған ойында Месси өзін көрсете алмай, «альбиселесте» қарсыластарынан 0:3 есебімен ұтылып қалған еді. Букмекер бұл оқиғаны 2.78 коэффициентімен бағалаған. Егер жолы болғанда, ол «таза» 4,45 млн. теңгеге ие болатын еді.
*Иран құрамасы мен Испания арасындағы ойын кезінде тарихи оқиға орын алды. Иран мемлекеті 1979 жылдан бері тұңғыш рет әйелдерге ерлермен бірге футбол тамашалауға рұқсат берді. Тегерандағы «Азади» стадионына жиналған жұртшылық арасында әйелдер қауымы да бой көрсеткен. Жиналған 10 мыңнан аса жанкүйердің қолдауына қарамастан ирандықтар Испаниядан жеңіліс тапты.
*Аргентина құрамасы Хорватиямен болған ойын кезінде 0:3 есебімен жеңіліс тапқан болатын. Соған қатысты жанкүйерлер 58 жастағы команданың бас бапкері Хорхе Сампаолидің бетіне түкіріп, трибунадан оған қарай ішінде суы бар бөтелкелер лақтырған. Кейбір аргентиналықтар бапкерді неше түрлі балағат сөздерімен жамандап, «жезөкшенің ұлы» деп те айқайлапты.
*Шешенстан басшысы  Рамзан  Қадыров Мысыр футбол құрамасының мүшесі әрі британдық «Ливерпуль» клубының ойыншысы Мұхаммед Салахты «Шешенстан республикасының құрметті азаматы» атағымен марапаттағанын мәлімдеді. Қадыровтың Telegram мессенджерінде жазуынша, ол мейманға жарлықтың көшірмесі мен төсбелгіні салтанатты қонақасы кезінде тапсырған, Салах оған «ыстық ықылас пен қонақжайлық танытқаны үшін» алғысын білдірген. Мысыр футбол федерациясы ұлттық құрамаға Қадыровтың салтанатты қонақасы бергенін растаған.
*Ресейдегі чемпионатқа өзінің әдемі келбетімен танылған Перу құрамасының жанкүйері Ниису Каути да келіпті. Ол өзінің сүйікті командасы қарсыластарына гол соққан сайын онсыз да ашық жейдесін шешіп, бәрін таңғалдырса керек. Сөйтсе, осындай қызық бір дәстүр осыдан үш жыл бұрын футболдан Америка Кубогы болған кезде бастау алған екен. Командасы гол соққан сайын бұл бойжеткен осылайша үстіндегі киімін шешуді әдетке айналдырғанға ұқсайды.

(8)