Мұражайлар тек тарихтан ғана сыр шертеді

Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» бағдарламасында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл — мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы деуге болады. Осындай ауқымды шараға Алматы облысының  музейлері де өздерінің үлестерін қосып отыр. Алматы облысында  қазірдің өзінде 24 музей, 2 галерея жұмыс жасайды. Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын құрамына енген 21 музейдің жұмысын ұйымдастыру, қадағалау, басқару, т.б. қаржылық мәселелерінің шешілуіне ықпал ету жауапкершілігі мен міндеті облыстық Мұхамеджан Тынышпаев музейіне жүктелген.

«Атамекен» халық игілігіне қызмет етеді

Мәдениет саласының бір бөлігі болып саналатын музейлер “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында көптеген ауқымды шаралар өткізіп келеді. Атап айтсақ, биыл 100 жыл толып отырған, ел тарихында “Черкасск қорғанысы” атауымен қалған тарихи оқиға сонау 1978 жылы ашылған «Черкасск қорғанысы» мемориалды музейі күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, экспозициясы толық жаңартылды. Музейдің атауы аудан тұрғындарының сұрауы бойынша «Сарқан ауданының тарихи музейі» болып ауыстырылып, экспозиция ауқымы кеңейтіліп, жұмыс бағытын аудан тарихын зерттеуге бұрды.
Кәсіпорын құрамына 2017 жылы жаңа музейлер қосылды. Олар: Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ата-баба ерліктерін мәңгі есте сақтау, ұлттық рухты көтеру мақсатында 2017 жылдың 30 тамызында ашылған Қарасай ауданында «Батыр бабалар» мемориалды музейі. Анаға құрмет музейінің қасынан ұлттық нақышта, киіз үй пішінде салынған бұл музейдің сәулеттік келбеті де ерекше шықты. Экспозициясы сақ  дәуірінен басталып, Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейінгі, яғни,  халықты даналығымен басқарған хандар мен билер, ерлігімен ел есінде қалған айбынды батырлар көрсетілді. Музейге 11 штаттық бірлік бөлінді, экспонаттар құрамы қалыптастырылды.
Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлері Қарасай ауданының Шамалған ауылында жаңадан ашылған ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының ашылуына барынша өз үлестерін қосты. Алматы облысы әкімінің және ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы қорының бастамасымен, Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы халық игілігіне қызмет етуде. Осы орталықтың тақырыптық-экспозициялық жоспарын құру, материалдары мен экспонаттарын орналастыру жауапты ісін М.Тынышпаев музейінің қызметкерлері жоғары деңгейде атқарып шықты. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығымен музей қызметкерлері жаңадан ашылған музейге Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті  Елбасының Қоры мен Кітапханасы, Тұңғыш Президент Музейі, Президент Іс басқармасы, ҚР Ұлттық кітапханасы мен Шамалған ауылының мектеп-музейінен Елбасының өмірі мен қызметіне байланысты 86  музейлік маңызы бар заттар мен 250-ден астам түрлі кітаптар жинап, экспозицияға тақырыптар бойынша орналастырып, көпшілік назарына ұсынды.  

Сандық форматқа көшкен қор

Алматы  облысындағы киелі орындар тізімін жасау, мәлімет жинау кешенді ісіне музей қызметкерлері белсенді атсалысып, аудандарға шыққан экспедиция құрамында жұмыс жасап қайтты. Сонымен қатар,бес өңірге орналасқан Алакөл, Ескелді, Қаратал, Көксу, Сарқан  аудандарының  тарихи жерлерінің тізімі, ескерткіш орындары туралы  жиналған ақпарат пен аңыздарды  екі тілде дайындап, кітапша шығарды.
Қазақстан Республикасының мәдени саяса-тының Тұжырымдамасында «Барлық мұражай қорлары кеңінен қолжетімді, электрондық форматқа көшірілген және виртуалды кеңістікте ұсынылу керек» атап көрсетілген Музейлерді дамыту жол картасындағы да бірінші тапсырма музей қорларын сандық форматқа көшіру мақсаты болып отыр. Кәсіпорын құрамындағы барлық филиалдар қорында тек құнды, бірегей санатына тіркеуге алынған музейлік заттар саны — 30 364. Солардың барлығын электронды нұсқаға енгізу жұмысы атқарылып келеді. Қазіргі таңда 11 музейдің негізгі қор экспонаттарының тізімі дайындалып, ҚР Ұлттық музейіне ұсынылды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Ел тарихын, батыр бабаларымыздың есімін жадымызда ұстау ертеңіміз үшін өте маңызды» деген даналы сөзін арқау етіп, музей насихат жұмысына кеңінен араласуда. Келушілердің музейге деген қызығушылығын тудырып, ағарту ісін атқару мақсатында жалпы экскурсиялардан басқа сан түрлі көпшілік-ағарту іс-шаралардың жаңа түрлері енгізілді. Солардың бірі — өткен жылы бастау алған «Туған жер» музейаралық жылжымалы көрмелер жобасы осы күнге дейін өз жұмысын атқарып келеді. Ол музейлердің бір-біріне немесе басқа аудандарға, елді мекендерге барып, мектептерде, кітапханаларда қор материалдарынан түрлі тақырыптарда көрме безендіріп, оның насихатталуын қамтамасыз етеді. 2017 жылы 25 көрме безендіріліп, 6 мыңнан астам адам танысса, биылғы бес ай ішінде 11 жылжымалы көрме өтіп, мыңнан адам танысты.
Ағымдағы жылдың сәуір айында  Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасын, оны зерттеуші ғалымдардың еңбектерін насихаттау мақсатында «Жарқ еткен жасын ғұмыр» атты облыстық ғылыми-теориялық конференция Ш.Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейінде өткізілді. Конференцияға әйгілі тарихшылар, мәдениеттанушылар, этнографтар шықырылып, тың деректер ортаға салынды. Олардың қатарында Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы — Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Смағұлова Светлана Одеповна — Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Шот-Аман Уәлиханов — «Абылай» қорының президенті, Ш.Уәлихановтың ұрпағы, Иманалиев Қайрат — Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғыз радиосының бас директоры, драматург, Нұрсан Әлімбай — Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Құлбаев Уәлихан Қайроллаұлы — Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының директоры және тағы басқа қонақтар болды.
«Рухани қазына» бағдарламасы аясында 2018 жылдың  наурыз айында  Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде аудан мектептерінің оқушылары арасында «Мақал айтыс» сайысы өткізілді. Аудан мектептерінен  27 бала қатысып, 4 бала  жүлделі орынға ие болды.
Үстіміздегі жылдың  мамыр айында  Қаскелең қаласында облыс оқушылары арасында «Мақал — сөздің мәйегі» атты байқау өтті. Сайысқа облыстың 18 ауданынан оқушылар қатысып, 4 жүлделі орындарды иеленді. Бабаларымыздан қалған сөз асылдары мен ой маржандарын жаттаған әрбір оқушы ұлттық тәрбиемізден сусындап, туған тілімізге деген құрметі мен қызығушылықтарын танытты.

Ғарышкер Айдын Айымбетов арнайы келді

Міне 40 жылдан бері 18 мамыр — Халықаралық музейлер күні әлем бойынша аталып келеді. Талдықорған қаласында дәстүр бойынша «Музей түні» акциясы ұйымдастырылып,  осы іс-шарамен арнайы құттықтау үшін ғарышкер, «Халық Қаһарманы» Айдын Айымбетов келді. Жер шарын айналып, жұмыр жерді көзімен көріп келген  жерлесіміз Айдынға жиналған жасөсіпірімдер көптеген көкейтесті сұрақтар қойды. Кездесу өте қызықты әрі әсерлі өтті.  Атақты ғарышкер  халықымызға тарихтан тағылым беретін музейлердің халықтың өмірінде алатын маңызына тоқталып, өзінің  қолтаңбасы қойылған үлкен  портретін М.Тынышбаевтың музейіне сыйға тартты. Музейдің мерейлі мерекесімен  Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жиналғандарды құттықтап сөз сөйледі. Одан кейін мерекеге қатысушы жастар мен қала жұртшылығы музейді аралап, жаңа экспонаттармен танысты.
Бұл кәсіби мерекенің басты мақсаты — музей мен қоғам арасында тығыз байланыс орнату болып отыр. Осыған орай музейлер де осы мерекені жыл сайын жаңа көрмелерімен, ауқымды іс-шараларымен атап өтеді. Биылғы жылдың ерекшелігі жыл сайын ұйымдастырылатын «Үздік экскурсия жүргізуші» байқауы биыл форматын өзгертіп, «Үздік өңірлік музей», яғни музей мекемелерінің қызметі барлық бағыттары бойынша сынға түсіп, ішінен даралары іріктелініп алынды. Музей қызмтекерлерінің кәсібі мерекесі күні осы байқаудың нәтижесі жарияланып, марапаттау рәсімін  жүргізілді.
Облыс аумағындағы музейлердің  барлығы 18 мамыр күні келушілерді тегін қарсы алады. Музейлердің орталығы М.Тынышпаев атындағы музейінде күндізгі сағат 10.00-нан 16.00-ға дейін ашық аспан астында «Қолөнер жәрмеңкесі» өткізілді. Онда облысымыздың қалалары мен аудандарынан шақырылған қолданбалы өнер шеберлері музыкалық аспаптарды, зергерлік бұйымдарды, қыш құмыраларды, ұлттық киімдер мен кәде сыйларды ұсынып қана қоймай, жасалу тәсілдерімен таныстыруды жөн көрді.
Іс-шара соңында  облыс аумағындағы  орналасқан музейлер  арасында  өткізілген байқаулар қортындысы жарияланып, үздіктер арнайы дипломдармен марапатталды. Олардың қатарында  Қабанбай батыр атындағы жәнеҚарасай аудандық тарихи-өлкетану музейлері, Балқаш аудандық өлкетану музейі, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі, Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейі, Есік археологиялық-өлкетану музейі, Мұқан   Төлебаевтың   мемориалды  музейі бар.

Жаңалықта қуғын-сүргін құрбандарына мұражай ашылады

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Алматы облысы әкімі мен бір топ бастамашылардың бастамасымен зұлмат заманда жазықсыз қудаланған арыстарымыздың есімін мәңгілік сақтау, тағзым ету, құрмет көрсету, дәріптеу мақсатында Талғар ауданының Жаңалық ауылындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейін жаңадан ашу қолға алынды.  Музей ашу орны да бекер таңдалмаған, бұл әрі географиялық тұрғыдан да (еліміздің төрт жерінде), әрі түрлі этнос өкілдері жерленгендіктен халықтар арасындағы достықты нығайта түсуге өз септігін тигізері анық.
Сондықтан музейдің іргетасы қаланып, қазіргі уақытта жөңдеу жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми тұжырым дамасы мен  тақырыптық-экспозициялық жоспары да бекітілген. Жоспар бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ халқының тағдырын хронология бойынша көрсету арқылы экспозициясында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбынан басталып, 1930-40 жылдардың айғағы ретінде архивтік құжаттар, фотосуреттер, қолжазбалар, т.б. музейлік маңызы бар заттар қойылатын болады.

 

Нұрила Бектемірова

(14)