«Көше өнері» көңілді көтереді

  Қабырғаны шимайлау баланың ісіне баланғанымен «граффити» аталатын көше өнері бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып тұр. Бәлкім, ресми түрде өнер мәртебесін алмағандықтан оны көркем суреттің жаңа бағыты деп түсінеміз. Дегенмен ежелгі Шығыс елдері, гректер мен римдіктердің «алтын дәуірінен» бастау алатын «көше өнері» бүгінде көшелеріміздегі ескі ғимараттардың сыртқы көрінісіне әр беріп қана қоймай, тұрғындарды таң қалдырып та, көңілдерін көтеріп те жүр.
Жаз басталса болды республиканың әр аймағынан Астанаға жол тартатын отбасылар көп. Олардың көбі келе сала елорданың сол жағалауындағы зәулім-зәулім ғимараттарды аралап, сауда, ойын-сауық орындарынан әрі аса алмай қалып жатады. Негізінен, Астананың оң жағалауында да көз тартар әсем орындар, әсіресе, тарихтан сыр шертетін ескерткіш атаулы мен музейлер, тұтас екі ғасырға куә болған ғимараттар, драма театрлары орналасқан. Десе де, қалада көненің көзіндей болып сұрғылт тартқан ескі үйлер де аз емес. Аталмыш тұрғын үйлердің қабырғаларында соңғы күндері көркем суреттің түр-түрі пайда болды. Астана көшелерінің граффитимен жедел түрде безендірілуі ASTANA Street Art фестивалімен тікелей байланысты екен. Бұл жөнінде қалалық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов:
— Бүгінде граффити — бейресми өнер ғана емес, тұтастай мәдени бір бағыт. Бір кездері осындай суреттер заңсыз болып саналған, ал енді оларды Нью-Йорк, Лондон, Париж, Мәскеу секілді әлемнің ірі қалаларында тарихи ғимараттардың қасбеттерінен көре аламыз. Бұл суреттер Астананы да ажарландыра түспек, — дейді.
Жобаны Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы «Құланшы» заманауи өнер орталығымен бірге ұйымдастырса, шара аясында жас суретшілерден құралған бес команда Республика, Абай даңғылдарындағы және Кенесары, Күйші Дина, А.Бараев көшелеріндегі түрлі ғимараттардың сыртын көркем суретке толтырды.
— Жас суретшілер үшін бұл — үлкен тәжірибе. Бұл ретте кенептің орнына қалалық ғимараттардың қасбеттерін пайдалану — елес-қиялыңа ерік беріп, қалағаныңды салуға мүмкіндік береді, әрі өз суретіңнің Астананың көркін келтіріп, қала тұрғындарына қуаныш сыйлайтынын білесің, — дейді «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығының арт-директоры Айгүл Тегжанова.
Ал Абай даңғылында орналасқан тұрғын үйдің қасбетіне салынған арғымақтың граффитиіне суретшілер #like деген атау беріпті.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

(8)