Кеше қандай едік, бүгін қандаймыз?

Кеңес өкіметі билікке келген кезде, ең бірінші, көздегені қазақтың халықтық емінің қолданылуын түп-тамырымен жойып, киелі атауларды қолданыстан алып тастауды мақсат етті. Керек десеңіз, «біздің батыр бабаларымыз» деп сөйлеудің өзі, бөлінушілікке апарып соқтырады деген ұғымды санамызға құйды. Сөйтіп жергілікті жерлердегі киелі, қасиетті дарын иелерін арнайы жындыханаларға қамады. Көнбегендеріне түрлі айла жасап соттады. Жиырма-отызыншы жылдарда НКВД-ның жендеттері күн-түні емші атауына лайық жандарды аңдумен болды. Емшісің бе, молдасың ба, қараған жоқ. Ататынын атты, қамайтынын қамады. Қалғандарын жер аударып, елден көшіріп жіберді. Соның өзінде қашып жүріп емшілік жасап, ел үшін жанын қиғандар аз болмады. Қызыл империяның содыр саясатының кесірінен, қаншама, қасиетті жандар сұраусыз кетті. Ал бүгінгі күнде ше?..

Еліміз тәуелсіздік алып, көк байрағымыз желбірегенде 1991 жылы «қазақтың халықтық емі де» мойнындағы қыл бұғаудан босатылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауының нәтижесінде, халық медицинасына «Қазақстан Республикасының Конституциясының заң шеңберінде» қызмет жасауына рұқсат берілді. Дәл сол тұста, «Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығы» құрылды. Төрағасы болып Зядан қажы Қожалымов сайланды. Бұдан басқа да «халық емшілерін топтастырған орталықтар мен ұйымдар» болды. Халық емшілерін оқытатын арнайы мектептер ашылды. Ол кезде халық емшілерінің емшілік сауаттары да шамалы еді… Қиын-қыстау, қымбатшылық кез болса да, қара халық емшілерге қатты сенді. Ең мықты деген емшілерде ішер асқа жарытпаған, тиын санаған ел басына күн туды. Сонда да, жан-жағынан қыспаққа алған өз жағдайынан гөрі өзгенің жағдайын қатты ойлады. Күн-түн демей ем қабылдап, ел алғысын арқалаған емшілердің еңбегі бір Құдайға ғана аян еді… Бірақ, дәл сол уақытта сонау бабаларымыздың заманындағыдай емес, жауыннан кейінгі қаптаған саңырауқұлақтай бас көтерген емшілердің ақ-қарасын айыру қиын еді. Өзін-өзі әулие санайтындар көбейіп кетті. Шұбырып әулиелердің кесенелерін аралайтындар көбейіп кетті. Тіпті, заңға бағынбайтындарын ашық айтқандар да болды. Олар өздерін, емшілігі былай тұрсын, өздерін пайғамбар деп атауды бұйырғандар да шықты. Қысқасы, қаптаған бақсы-балгерлер мен сәуегей емшілерден көз тұнатын жағдайға жетті. Жер-жерден өздерін жарнамалаған, небір ел танымайтын емшілер ел кезіп жүрді. Бұған көз жұмып қарауға болмайтынын, мұны тоқтату амалын қарастыруды айтып,  білімді азаматтар  телеарналардан сөз сөйледі.  Газет-журналдарда сан түрлі сыни мақалалар  жарияланды. Солардың  ішінде бұл мәселеге   байланысты  Халық емшілігін зерттеуші, ғалым Зядан қажы Қожалымов «Құдай атаққұмарлардан сақтасын!»  атты мақаласында ашық мәлімдеме жасады. Өйткені, еліміздегі 130 ұлттан тұратын қазақстандықтар үшін, «емшілер» арасында бөлінушілік болмаған күннің өзінде басқа ағымдардың жетегінде кеткендер қауіп тудырған еді. Миссионерлік әрекеттердің өзі, емшілік атауын қалқан етіп пайдалануды көздеді. Мәселен, «Хаббарт» ұйымы сияқты толып жатқан басқа да жат ағымдар адамдарды «емдейміз» деп қабылдады. Жеке дара шыққан «беделділерінің» ықпалымен шұбырған толқынды тоқтату мүмкін еместей жағдайға жетті. Өйткені әрбір «емшімін» дегендердің артында халықаралық ұйымдар тұрды. Ал бұл толқынды тоқтату үшін халықаралық ұйымдардың тегеурініне тосқауыл қою қажет болды. Ең бірінші кезек те, бүкіл ТМД бойынша «Халықаралық дәстүрлі емес халық медицинасының емшілер мен психологтар қауымдастығына» (президенті Гальперин) Қазақстан тарапы басшылық жасауы қажеттілік тудырды. Сөйтіп, Мәскеудің қолдауымен Халықаралық қауымдастықтың президенті Гальпериннің орнына Зядан қажы  Қожалымов сайланды. Сол кезден бастап елімізде көптеген өзгерістер орын алды. Заң күшімен «Пархат ата» мен «Аққулар», «Хаббарт» ұйымдары жауапқа тартылып, қызметтері тоқтатылды. Сондай-ақ тәртіптік жүйеге көшу процесі жолға қойылды. Бұл жұмыстар барысында басқа ұйымдарға қарағанда «Қазақстан халық емшілерінің қауымдастығының» ықпалы күшті болды. Әлемдік деңгейде халық емшілерінің бүгінгідей ғылымы дамыған, ғылыми жетістіктерге ілесуіне мүмкіндік тудырды. Халық емшілігін зерттеуші ғалым, халықаралық бірнеше ұйымдардың президенті Зядан қажы Қожалымов «Халық медицинасының тарихын» жазды. Ол халық медицинасының ғылымға қосылуын ХV-ші ғасырдың Қараүзген Ұлы шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан бастау алатынын негізге алды. (Жалпы айтсақ, ғалым Зядан қажы Қожалымов халық медицинасы тақырыбын зерттеуге 25 жылдан  аса уақытын жұмсап, 30-ға жуық  құнды еңбек жазған. Бұл оқулықтар бүгінде халық емшілерінің таптырмас емдеу құралына айналған).  Осы «халық  медицинасының тарихының» негізінде, өз ғылымы бар, жаңарған халық медицинасы ауқымын кеңге жайды.
Дегенмен еліміздегі халық емшілерінің өткеніне көз жүгіртіп, арпалысқа толы өкпемізді айттық. Десек те, бүгінгі халіне қандай баға бере аламыз? Келешегіміз қандай болуы мүмкін? Бұл сауалдарға жауап іздеп көрсек, халықтық емшілік бізге дейін де қолданыста болған. Бізден кейін де қолданыста болатыны айдан анық. Бірақ әлемдік деңгейде  түрлі өзгерістер болып жатқанда халық емшілерінің психологиясында «ескіліктің қалдығы» қалмауы тиіс. Жаңарған қоғам, жаңарған сана, «мың жерден үпілесеңіз де» адам денсаулығына шипа беруіңіз екіталай. Сондай-ақ асқынған дерттерді де емдеу жүйесінде жауапкершілік жүгін арқалау қиын. Сондықтан халық емшісіне жүктелер жүк жеңіл емес. Бірақ науқасты емдеп сауықтыру — емшінің міндеті. Ал науқасты сауықтырған жағдайда «жарты әлемге» жария ету де мақтаныш емес. Сондықтан бүгінгі қоғамның халық емшілері еліміздің экономикасына үлкен үлесін қосып жатыр десек артық айтқандық емес. Мысалы, бүгін де қаржы тапшылығы белең алған уақытта бір адам емшіге емделіп сауықса, оның есебіндегі дәрі-дәрмектер  дәріханаларда үнемделеді. Сол емшіге қаралған науқастың әрекетінен емханалардағы кезек барысы бір адамға болса да азаяды. Жатып емделуге де, бір төсек болса да босауына халық емшісі себепші болады. Сондықтан халық емшісінің білімділігі мен біліктілігінің нәтижесінен пайда келетіні ақиқат. Бұл күнде халық емшілері Сертификаттық жүйемен жұмыс жасағанымен, жауапкершілік сенімін ғылыми тұрғы да жүзеге асыруы тиіс. Сонымен қатар этика-эстетикалық тұрғыда, өте мәдениетті, емдеу бөлмесінің тазалығы, адамгершілігінің жоғары деңгейде болуы, жүзінен нұр шашқан, өңді, келбетті болуы, кәсіби іскер болудағы талаптар халық емшісіне қойылатыны назарда болуы тиіс. Егер сол талапқа емші сай болса, оның абыройы асқақтап, биік шыңдарды бағындыруына мүмкіндігі мол болмақ.
Қалай айтсақ та, бүгінгі халық емшілерінің жағдайы мен оларға берілген мүмкіндіктері әлдеқайда жақсарған. Жыл сайын арнайы тәжірибе алмасу мақсатында өткізілетін конгресс, форум, конференцияларға қатысады. Интернет жүйесі арқылы білімін де, біліктілігін де көтере алады. Арнайы аппараттар арқылы өзінің емшілік қабілеті қаншалықты дәрежеде екендігін де анықтай алады. Қысқасы, бір сөзбен айтқанда халық емшілері үшін барлық жағдай жасалған. Бұған да, тәубе дейміз! Бірақ мұнымен де тоқталмай, үнемі ізденісте болуымызды  заман талабы деп түсінгеніміз абзал болмақ!

Расымен де, біздің бабаларымыздың заманындағы халық шипагерлері қилы кезеңдерді бастан өткерді. Елбасына күн туған нәубет жылдарында осы халық емшілері қаншама адамның жанын сақтап қалды. Атадан балаға мирас болған киелі қасиет атауы өз күшін әлі де жойған жоқ. Жойылмайды да. Дегенмен кейбір алаяқтармен халық медицинасының ізгілік істері қанша қараланса да, емшіліктің қауқары еш жоғалмайтынын уақыт көрсетіп берді. Демек, кеше қилы кезеңнің жаугершілік заманында жанын шүберекке түйген халық шипагерлерінің орнын бұл күнде дамыған қоғамның жоғары деңгейдегі білімді, білікті халық емшілері алмастырып, халық медицинасының ғылымын әлемдік деңгейге жеткізуге күш салған. Сондай-ақ тәуелсіздіктің тұғырлы бір туының астында бейбіт күнде  алаңсыз жұмыс жасауға мүмкіндік алған Қазақстанның халық медицинасы күннен-күнге шарықтап даму үстінде әлемге танылды. Лайым, киелі қасиет иелерінің ізгілік істері жемісті әрі  жеңісті болғай!

(35)