Асқар таудай тірегім болған асыл көкем

Барша адамзат баласының жүрегінің ортасынан ойып орын алар жандар болады. Олар сенің өмірге келуіңе себепші болған ата-анаң. Қазақ халқында ата-ананың мәртебесі қашанда ерекше есептелген, әсіресе, тау тұлғалы әке орны айрықша. Әкең — таудың шыңы болса, балалары сол таудың етегіне әке еккен баудың гүлдері іспеттес. Тағдырдың қандай сынына да қарсы тұрып, балаларының бақыты үшін өмір майданында күреске түскен, қандай қиындық болса да ешкімге тіс жармай «қол сынса, жең ішінде» деген қағиданы қатаң ұстаған да сол әкең. Қайсарлық пен табандылықтың арқасында әрқандай кедергілерді жеңе білуге баулыған, өзі соған үлгі бола білген ардақты әкелердің есімін, ерлігін қалай ұмытпақ ұрпағы?!
Бүгінгі әңгіменің негізгі кейіпкері де біреуге абзал аға, біріңізге ізгілікті іні, анамызға адал жар, ұрпағына ұлағатты әке бола білген ардақты жан — Кеншінбай бабадан тараған Тұрғынбай әкем жайында болмақ. Бұйырса, шілде айының 20-шы жұлдызында асыл әкем Тұрғынбайдың өмірден озып, бақилық болғанына 23 жыл болады. Күзі мен жазы сырғып өтіп кеткенін, қысының да келіп жеткенін байқамай қалыппыз-ау! Уақыт шіркіннің тізгінін кім ұстап тұрған дерсіз?! Әкешімнің әкесі — Еламан атам алты ағайынды кісі болған. Кеншінбай бабадан 4 ұл 2 қыз тарайды. Олар: Кентай, Еламан, Жолан, Бейсенкүл, Шалқар атты аға-апаларымыз. Аты айтып тұрғандай Кенже есімді кенже апамыз.
Жан әкем Тұрғынбай және оның інісі Тұртан Кеншінбай бабамның екінші ұлы Еламаннан тарайды. Кеншінбай бабамыз 20-30 жылдары ауылдың бетке ұстар, беделді әрі сауаты бар ауқатты кісі болған екен. Менің ата-бабамның, әкемнің және оның ұрпақтарының кіндік қаны тамған, ержетіп, есейіп атжалын тартып өскен жері — Қазақтың ең шұрайлы да шырайлы, жылы мекені делінетін Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Шеңгелді бекеті (станциясы). Кеншінбай бабам ашаршылық, зұлмат жылдарында ауылды басқарған ауыл ақсақалы болған екен. Аса қамқоршы, әрі білімді, ауқатты кісі болғандықтан тек өзінің отбасын ғана емес, туған-туыстарын, қала берді бүкіл ауыл-аймағын да асырап, аштықтан аман алып қалған деседі көз көрген көне қариялар. Бірақ бабамның халық үшін жасаған игі істерін Сталиннің сол жылдардағы қол шоқпарына айналған жендеттеріне ұнамайды, нәтижесінде ол кісі де саяси-қуғын сүргін құрбанына ұшырап итжеккенге айдалады.
Әкем Тұрғынбай 1941 жылы осы өңірде туып өсіп, өзінің жан жары —менің аяулы анам Шәрипамен бірге отбасын құрады. Асыл ата-анамнан 7 қыз 4 ұл өмірге келеміз. Әкем еңбек жолын Шеңгелді бекетінде жұмысшы болып бастайды. Кейіннен қарамағында 50-дей кісіден тұратын ұжымды басқарады. Әкемнің қызметтегі беделі Қазақстан темір жолында ғана емес, сол кездегі жүйе мен талап бойынша орталығымыз Мәскеу қаласы болғандықтан Ресейдің темір жол басқармасында да зор абыройға ие болған кісі еді. Жылына екі рет Мәскеуге жиналысқа баратын-ды. Сол кездері, біздер әкемізді асыға күтуші едік. Кеңес Одағы астанасы болып саналған «Отанымыздың жүрегі — Мәскеу» деп жүрекке жазылған қаладан ол кезде бізде, яғни Қазақстанда мүлде көрінбейтін жеміс-жидектер, ыдыс түрлерін әкем алып келетін. Сол күндерде сирек көретін мандарин сияқты жеміс түрлерін де татып көрдік. Алғашқы күндері тоя жеп, кейінірек азая бастағанда әкем бәрімізді дастархан басына айналдыра отырғызып, бір мандаринді бәрімізге теңдей бөліп үлестіруші еді. Осының бәрін кейін еске алсам, балаларының ынтымағы, ауызбіршілігі мықты болсын, тату-тәтті араларында сыйластық қалыптассын деген мақсат та болған екен деген ойға қаламын. Әкем бізді құрғақ насихатпен емес, өз ісі арқылы адамға тән жақсы қасиеттерді бойымызға дарыта білген екен ғой.
Бірде мен мектептен келіп, әкеме мына өтінішімді айттым: «Көке, мектепте балалардың дені — әкелерін «папа» дейді. Мен де сізді папа десем бола ма? — деген едім. Сол сәтте әкем марқұм: «Қазақта «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» демекші, енді мені «папа» дегенің жарамас «Көке» дегенің келісті болады, қызым», — деп кесіп айтты. Жақсы әке балаға өмір бойы рухани азық. Мен әкемнің берген тәрбиесі мен көрсеткен үлгі-өнегесін осы өмір тәжірибемде пайдаға асырып келемін. Біздің аулада бау-бақша, тал-дарақ қалың өсетін. Жеміс ағаштарының түр-түрі болатын. Әсіресе, алма, алша, өрік сияқты жемісі мол ағаштар еді. Бір жолы әкем маған: «Қызым, қарашы анау тұрған алма ағашты, бұтағын әзер көтеріп иіліп тұр, адам баласы да осындай болу керек. Кейін өсіп, ержеткендеріңде Алла Тағала көл-көсір табыс, ырыс-несібелеріңді үйіп-төгіп берсе, тәкаппарланып, менменсінбеу керек, тәубашыл болған ләзім. Керісінше, осы жеміс ағашындай иіліп тұрсаңдар. Басыңды иген сайын Алла да өз несібе, ырзығын молынан береді», — дегені есімнен кетпейді.
Әркім өз тағдыр тақтасына жазылғанын көріп, өлшем берген жаратқанның ғұмырын жасап кеткен. Айырмашылығы сол — біреу ерте, біреу кеш бір құлайды. Бұл — ақиқат. Мәселе көп жасауда емес-ау! Аз жасаған ғұмырыңда не тындырдың ұрпағыңа, кісілігің мен кішілігіңді айтып жүрер жақсы ісің қалды ма? Қайран көкем ел ағасы елуді енді еңсеріп, жан-жағына шуағын шашар кезде ел-жұртын тастап, тұла бойы перзенттерін анама аманаттап, мәңгілік мекеніне қош десіп, қол бұлғап кете барды.
Бірақ… Аз жасап, көп іс тындырып үлгірді әкеміз. Алла берген балапандарының қанаттарының қатайғанын көріп, ұлын ұясына қондырып, қыздарын қияға ұшырып, тәтті немерелерін құшып, құдалармен төс түйістіріп, құйрық-бауыр асатып, әкеге лайық міндеттерін атқарып та кетті. «Шүкір» дедік. «Баласына бір той жасап бере алмай бұл жалғаннан өтіп жатыр қанша адам?!» Ойландық. Тәубамызға келдік. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілген ұл-қыздары бүгіндері әке аманатын, әке өсиетін орындап жалғастыруда. Әр баласы дүниенің кетігін тауып кірпіш болып қаланудамыз. Біріміз басшы, біріміз қосшы дегендей, ең керегі сол ата-ана атына кір келтірмей адам болып қалу — парыз екенін бек түсінген біздер әке-ұстаздың тастап кеткен «бедел туын» төмен түсірмей тік ұстап өтуге белді бекем буған ұрпағы, әке соқпағымен жүріп келеміз.
Қариясы бар үйдің жиюлы қазыналы дариясы бар. Қариясы төрден кеткенмен, дариясынан сусындаған ұрпағы өсіп келеді. Асқар тау тұлғалы әкеміз ортамыздан кетсе де, ойымыздан, санамыздан кеткен емес. Дара да, дана  болған әкеміздің асыл қасиеттері-нің бірі — еңбекқорлық, адалдық әр істе әділдік еді. Осы қасиеттерді өзінің бойтұмарындай ұстанатын еді. Әке өсиеті мына бізге, ұрпақтарына дарығандай сезімде жүреміз. Әке өсиетін әрдайым ойымызда ұстап, үлгі етіп өмірде де ұстанып келеміз.
Меніңше, перзент парызы — әке өсиетін орындау. Менің әкем туралы айтарым, тек естелік қана емес, бір кітапқа арқау болар дүние, рухани азық білген жанға. Әркімнің әке-шешесі өзіне тау тұлға, тұнып тұрған қазына, ақыл кеніші. Өмір болғасын араласқан ортаңда бәрін көресің, әрқандай келеңсіздіктерді әрине естисің. Бір теңгенің екі түрлі жағы бар, іздей берсең әркімнен мін табылар. Дәл қазіргі қоғамда асқар таумен теңестіретін әкелер азайып барады. Кімді кінәлап, кімді жазғырарыңды білмейсің кейде. Құлдырап, құнсызданған қоғамда азғындық жайлап барады. (Бәрі емес әрине). Қызға қырық үйден тыюды тыңдамаған қылықты қызды ма, беліне бекем бола алмаған ұлықты ұлды ма, кімді айыптап, кімді жазаларсың? Әкелер қайда? Жауапкершіліктен неге қашады, кімге аманаттайды көгенкөздерін? Тастан жаралмаған тастандылардың көз жасын кімнен сұраймыз?!
Жоғарыда әңгіме болған жалғыз менің емес, сол дәуір әкелерінің тұлғасы, ісі, қарекеті келер ұрпаққа үлгі. Қашанда тау алыстаған сайын биіктей береді. Тау тұлғалы әкелер рухы биік болсын! Қасиетті аятта Құдай Тағала ата-анаға «түһ» деп айтудың өзіне тыйым салған. Ата-ананың алдындағы перзенттік міндетің болса борышын түгел өтелуі мүмкін емес.
Мен бүгін әкемнің рухы алдында шексіз алғысымды ғана ақ қағаз бен көк сия арқылы жеткіздім. Мен бүгіндері Аллаға сансыз шүкіршілігімді айтамын. Бізге осындай мықты, қажырлы, ең парасатты, ең қадірлі, білімді әкені маңдайымызға нәсіп еткені үшін, шүкір!
Иә, мен осындай әкенің, азаматтың қызымын!

Таспулатова Қалдыгүл Тұрғынбайқызы
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің ұстазы,
тарих ғылымдарының магистрі

(10)