Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ: ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕГІ ҚҰЛДЫРАУ — УАҚЫТША ҚҰБЫЛЫС

Бүгінгі қазақ баспасөзінің басындағы ауыр хал, көзіқарақты адамдардың көбін ойландырып жүргені анық. «Төртінші билік» ретінде қарастырылуға тиісті баспасөздің әлсірей бастауы, жалаң сенсацияға бой ұруы халықты жалықтырып та бара жатыр. Осы төңіректе ой бөлісу үшін Журналист, ұстаз, ғалым Қуандық Шамахайұлымен сұхбаттасып қайтқан едік.

— Қазіргі күнде қазақтың дəстүрлі баспасөзі басынан қиын жағдайларды өткеріп жатқаны белгілі. Осы қиындықтың себептері мен тығырықтан шығу жолдары туралы ойларыңызды білсек дейміз?

— Қазақ журналистикасы ауыр сынаққа тап болумен қоса, оған төтеп бере алмай жатқан жағдайы бар. Бұларды тарқатып қарастырар болсақ, ең басында тілдік мəселе тұрғанын байқаймыз. Біздің елде жалпы журналистика саласы орыстілді жəне қазақтілді журналистика болып бөлініп алған. Бұл ең əуелі биліктің бірыңғай орыс тілінде сөйлеуінің салдары. Осы ауыртпалық қазақтарға таяқ болып тиіп отыр. Ресми биліктің жаппай орыс тіліне əсіре берілуінің кесірінен қазақтілді журналистер бір сəтте екі жұмысты қатар атқаруына тура келеді. Яғни, орысша өткен жиналыстардағы материалдарды ең əуелі қазақшаға аударып барып, реттеу, сараптау жүргізуге мəжбүр. Осылайша қазақтілді журналистердің жүгі біршама ауырлап кетеді. Екінші бір фактор, қоғамдағы элита болсын, бизнес топтары болсын қазақтілді журналистиканы менсінбей мұрын шүйіретін болды. Бұл ежелден келе жатқан отарлық санадан қалған бір жағымсыз инерция. Шын мəнінде салыстырсақ, орыстілді журналистиканың қазақтілді журналистикадан артылып тұрғаны шамалы. Тіпті, көп жағдайда қазақтілді журналистиканың алға шығып кеткендігін байқаймыз. Оны екі тілдегі ақпараттарды салыстырып оқитын зиялы қауым мен зерттеушілер де мойындап отыр. Ал қиындықтың зоры — қазір ғаламтор жүйесі, əлеуметтік желілер дəстүрлі баспасөзден озып тұрғаны байқалады. Негізінде өркениетті елдерде дəстүрлі баспасөз бірінші орында, ал əлеуметтік желі, азаматтық журналистика аталып жүрген блогтар екінші орында жүреді. Бізде орындары ауысып кеткен. Неге бұлай? Ең əуелі қазақ баспасөзін кері тартып отырған нəрсе қоғамдағы сөз бостандығынан туындап отыр. Бізде цензура заң жүзінде болмағанымен іс жүзінде əлі де белгілі деңгейде өмір сүріп отыр. Конституция арқылы сөз бостандығына кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынса да, қосымша тетіктер арқылы (редактор, құрылтайшы) бақылау жасалынды. Одан кейінгі кедергі келтіріп отырғаны — дəстүрлі баспасөздегі мемлекеттік тапсырыспен дайындалатын материалдар. Яғни, тендер мəселесі. Тендер — қазақ журналистикасының дамуын тежеп, шектеп отырған ең үлкен фактор. Осы арада шетелдегі жағдайларды айта кетейін, «Вашингтон пост» газетінде əлдебір мемлекеттік мекеме өздерінің материалдарын ұсынуы мүмкін. Газет оны жариялайды, бірақ материалдың жанына «ақысы төленген» деген белгіні қоса береді. Ол газетте жарық көргенімен оқырмандар пəлендей көңіл бөлуі екіталай. Өйткені ол Үкіметтің ақша төлеп шығартып отырған жарнамасы болып есептеледі. Батыста «ең нашар менеджер — үкімет» деген түсінік бар. Оны жариялаған мекеме «біреулер оқитын шығар» деген үмітпен ұсынады. Ал бізде басылымдардың көбі тендермен өмір сүреді. Егер тендер тоқталса, «тиражы мол» деп мадақталған бірқатар газет жұмысын тоқтатар еді. Журналистика билікке тəуелді болған жағдайда сөз бостандығы жоғалады да, тəуелсіз басылымдар өмір сүруін іс жүзінде тоқтатады. Осындай көптеген факторлар біздің журналистиканы шектеп отырған жайы бар. Жаңа айтып өткен интернет журналистикасы, əлеуметтік желілер неге алға шығып отыр? Өйткені оларда еркіндік бар, сөз бостандығы болғаннан кейін шындықты жазуға тырысады. Еркін хабарлайды. Қазіргі адамдар «пəленбай газет не жазып жатыр?» демейді, «Facebook-те не жазып жатыр? Сайттарда не жазып жатыр?» — деп сұрайды. Осыны сапалы ақпарат таратуға, сүбелі дүниелер жасауға қарай бұрсақ жақсы болар еді. Жалпы қоғамда пайдалы жəне пайдасыз ақпарат деген екі түрлі ақпарат болады. Бізде жыл өткен сайын пайдасыз ақпараттар, сенсациялық материалдар дендеп барады. Бұлардың барлығы оқырман санасына кері əсер етіп жатыр. Оның өте қауіпті үрдіс екенін естен шығармаған жөн. Өйткені, осындай жеңіл ақпараттардың соңында жүріп салмақты саяси, экономикалық, елдік маңызы бар мəселелерді назардан тыс елеусіз қалдырып алуымыз мүмкін. Сондықтан пайдалы ақпараттарды таратуға, оның сапасын арттыруға көңіл бөлуіміз керек. Олай жасалмаса журналистика кері кетеді.

— Қазір газет-журналдардың таралымы жылдан жылға азайып бара жатыр. Бұл үрдіс қашанға дейін жалғасуы мүмкін деп ойлайсыз?

— Мұның барлығы уақытша құбылыс. Қоғам өмірінің даму кезеңінде құлдыраушылық пайда болған. Себебі, баламалы түрде интернеттің пайда болғандығынан уақытша соған мойынұсынып отыр. Негізі дəстүрлі журналистика ешқашан жоғалмайды. Қазір тоқырап тұр. Неге? Оған көптеген себептер елеулі ықпал етіп отыр. Ең əуелі саяси реформалардың ісжүзінде жасалмауы. Жоғары жақтан «саяси реформалар жасап жатырмыз» деген сөз көп айтылады. Шын мəнінде ол көзбояушылық қана. Шынайы өзгерістер болып жатқан жоқ. Ал адамдарды тарту үшін не істеу керек дегенге келсек, газет-журнал мемлекетке тəуелді үгіт-насихат құралы болмай, шынайы тəуелсіз бейтарап дербес ақпарат құралы деген статусына сай болуы тиіс. Қазір олай емес. Тендерге телміріп, министрліктердің, əкімшіліктердің жұмыстарын насихаттаудан ары аспай отыр. Оқырман да ақымақ емес қой. Ненің жалған, ненің қандай насихат екендігін жақсы біледі. Бұл жерде адамдар саяси сауатының төмендігінен газет-журнал оқымай отырған жоқ. Сондықтан газет-журналдың барлығы жекешелендірілуі керек деп ойлаймын. Көбінің «жекеменшік» деген қалпағы ғана. Шын мəнінде Үкімет оларға бір тиын да бөлмейтін, соған сай баспасөздің жұмысына араласпайтын болуы тиіс. Оған «қол астымдағы үгіт құралым» деп қарамай, тек қана шынайы демократиялық үрдіске көшкен кезде барып баспасөз өзінің орнын табады. Міне, сонда ғана оқырман газетті іздеп жүріп оқитын болмақ. Өйткені, ол қажеттілік. Батыс елдерінде интернеттің жалпы жағдайы біздегіден көш ілгері болса да, шынайы ақпаратты əлі де дəстүрлі басылымдардан алып оқиды. БАҚ халықтың сеніміне кіру үшін жалған əрі шалағай ақпараттардан аулақ болып, сенсация қумайтын позицияда тұрулары тиіс. Ол үшін алдымен шынайы саяси өзгеріс керек. Қазіргі таңда «жүйені өзгерту керек» дегенді биліктің өзі де ашық айтып отыр. Ендеше өзгертсін. Жəй айтып қана қоя салғанмен халық оған сенбейді. Сосын мемлекет иелігіндегі теле-радио, газет-журнал атаулыны өзгертіп, оларды бейтарап дербес құралға айналдыру қажет. Жекешелену дегенді адамдар көбінесе бір адамның иелігіне, құзыретіне өту деп түсінеді. Олай емес. Жекешелену дегеніміз — ұжымдасқан, қауымдасқан қоғамдағы белсенді топтардың иелігіне көшеді деген сөз. Ол батыл болуы, халыққа шынайы ақпарат бере алуы тиіс. Адамдар өмір бойы ақиқатты іздеумен өтеді. Сондықтан халықтың сенімін ақтайтын журналистика ғана өмір сүре алады да, қоғамнан қолдау таппай қалғандары құлдырай бермек.

— Жаңағы сұрақты толықтыра кетсек, қазір елімізде санаулы ғана республикалық деңгейдегі газет-журналдар қалды. Тираждары жыл санап, азайып барады. Осылардың болашағы туралы не айтар едіңіз?

— Қазіргі дəстүрлі баспасөз қоғамның ағымына сай ілесе отырып, жаңа бағытқа түсе алмаса, онда біржолата жабылып барып, оның орнына жаңасы шыққаны дұрыс. Өйткені ешқашанда бос кеңістік, вакуум тұрмайды. Оның орнын қалайда бірдеңе басуы тиіс. Осы жерде ескере кететін бір жайт — ұзақ уақыттан бері шығып келе жатқан газет жабылып қалса, сонымен баспасөздің күні бітті деп ойлау қателік болмақ. Ол жаңаша түрде қайта шығуы мүмкін. Немесе қожайыны мен журналистер құрамы жаңартылып, тың серпінмен қайта жаңғырып шығып халықтың арасынан дүркіреп қолдау тауып кетуі, тіпті мүлде жаңа басылым өмірге келіп, адамдарды жаңа бағытқа жетелеп кетуі де мүмкін. Салыстырмалы түрде қарағанда, саясат дегеніңіз болжаусыз дүние. Сол сияқты біздегі баспасөздің тағдыры да алдағы уақытта өзгерістерге ұшырап жатса таң қалудың қажеті жоқ. Бір анығы — мүлде жоғалып кетпейтіндігі.

— Басқаша мазмұн, форма деп жатырсыз, тəуелсіздіктен бергі журналистика саламыз Кеңес Одағы дəуірінен мүлде басқа болып өзгергені белгілі. Осы барыстағы өсу жолдары, қазіргі қазақ журналистикасының деңгейі туралы не айтар едіңіз?

— Тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ журналистикасының деңгейі өте жоғары болды. Ол бұрыннан бар басылымдарға қарағанда жаңадан шығарыла бастаған дəстүрлі баспасөзде анық байқалды. Олар қоғамдық сананың оянуына үлкен ықпал етті. Ал қазіргі деңгейі туралы айтар болсам, көңіл көншітерлік жағдайда емес. Білікті мамандар жоқ деуден аулақпын. Бірақ санаулы ғана. Ондай аз ғана топ бүкіл журналистиканы өзгерте алмайды. Сапаны арттыру үшін бүкіл редакция, журналистер қосыны жаппай жаңарып өзгергенде ғана журналистика өзінің тұғырына қонады. Қазір бізде ала-құлалық өте көп. Журналист мамандарын даярлап жатқан ЖОО-лардың білім беру деңгейлері де əртүрлі. Дардай атағы бар деген университеттерден оқу бітірген жастардың мүшкіл жағдайын көргенде болашаққа деген алаңдаушылық туады.

— Əңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Ерқазы Сейтқали

(106)