Үкімет те қателеседі екен-ау!..

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің бюджет қаражатын жоспарлаудағы жіберген кемшіліктерін атаған сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы: «Мен  Үкіметтің және Есеп комитетінің 2017 жыл бойынша есептерін қолдаймын, дегенмен, Үкіметтің назарын осы күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелерге аударсам деймін. Бюджеттің атқарылу көрсеткіштерін жақсарту мақсатында қаржы жылының соңында бюджетті нақтылау орын алған проблеманы шешудің жолы емес. Дүниежүзілік озық тәжірибиеге сүйенсек, бюджеттік жоспарлау тиісті макроэкономикалық жағдайды құруға ықпал ету, алға қойылған перспектива мен қолда бар ресурстарды түгендеу үшін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты мақсатын тұжырымдаудан басталуы тиіс. Елімізде макроэкономикалық жағдай, ұзақмерзімді бюджет және осыларды қамтамасыз ететін ұлттық-құқықтық нормативтік базалар толық қалыптасқанына қарамастан бюджетті жоспарлауда кемшіліктер жіберіледі. Үкімет ел дамуының әлеуметтік-экономикалық болжамының өзгеруі себепті бір жылдың ішінде республикалық бюджет параметрлерін үш рет нақтылауға ұсынады. Мұның сыртында Үкімет өз құзіретінде бір жылдың ішінде бюджетке 20-дан астам түзету енгізу тәжірибесін қолданып жүр. Қорытындысында республикалық бюджет әрі кіріс, әрі шығыс бөліктері бойынша басқа параметрлермен атқарылады. Осының нәтижесінде бізде кіріс бөлігі ұлғаю жағына қарай аздаған ауытқумен, ал шығыс бөлігі елеулі игерілмеген қаражат қалдықтарымен атқарылуы заңдылыққа айналған. Осы орайда бюджет қаражатын тиімді игеруге: республикалық бюджет жүйесінің барынша орталықтандырылуы, нысаналы трансферттердің көптігі, оларды жоспарлаудың күрделілігі, бөлінген қаржының түпкі пайдаланушыларға жеткізу тетіктерінің жетілмеуі, бағдарлама әкімшіліктері мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы жауапкершіліктің жетіспеушілігі, аймақтардың шешім қабылдаудағы дербестігінің төмендігі бюджет қаражатын тиімді пайдалануда кері әсерін тигізуде»,— деп, бюджетті жоспарлау мемлекеттік саясаттың маңызды бір бөлігі екенін атап өткен депутат сөзінің соңын: «Салынған қаржы халықтың игілігіне жұмыс істеп, тиімді пайдаланылып жатыр ма? Бюджеттік шығыстардың қандай қайтарымы бар? Бөлінген қаржы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарта алды ма? Біз мұны жеткілікті білмейміз. Өйткені, біз күткендей нәтиже аз. Сапа бағасын және бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің әдістемесі мен өлшемі әлі жасалмаған. Бюджетті болжау цифрлармен көрсетілген мемлекеттің саясаты. Сондықтан да жоспарлау сапасын арттыру және басқару шешімдері мәселелерін бірінші кезекте шешілуі керек»,— деп түйіндеді.

Ерқазы Сейтқали

(13)