Ғарифолла «Кітап — зекет» берді, сіз ше?

Ол аумалы-төкпелі заманға тез бейімделді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ «Арыс» қорын құрды. Сол қор негізінде «Арыс» баспасы ашылды. Текстолог-ғалым ретінде, арманда кеткен арыстарымыздың қолжазбаларын қаузамақ ойы болған. Арманы орындалмады. Себеп, Алаш ардагерлерінің бірде-бірінің қолжазбасы мұрағаттарда сақталмапты. Сосын шарасыз XX ғасыр басындағы газет-журнал тігінділеріне үңілді. Олардың көбі төте жазумен шыққаны мәлім. Тоқсаныншы жылдарда аталған қаріпті танитындар Қазақстанда саусақпен санарлық еді. Төтені кирилшеге көшіруге талай уақытын сарп етті. Есесіне, «Арыс» баспасынан шыққан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтан бастап, Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының еңбектері халқымызбен қайта қауышты.
Енді айтайық, «ол» деп бағанадан жұмбақтап отырғанымыз, бүгінгі зиялы орта жақсы білетін, құрметпен қарайтын, филология ғылымдары-ның докторы, профессор Ғарифолла Әнес.
Ғарекең құрған «Арыс» қоры 1992 жылдан бері ұлтымызға үздіксіз қызмет етіп келеді. Атқарылған іс, шығарылған кітап тізбелесек жетіп артылады. Бұл ретте Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасының игі ықпалы орасан. Сүбелілерін сөз етсек, арыстарымыздан өзге, өзі отыз неше жылдан бері қызмет істейтін, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғалымдарымен бірлесіп шығарған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» ғылыми орта үшін үлкен олжа. Мұнда әр сөзге ғалымдар ықтиятты түрде тоқталғандықтан, энциклопедиялық деңгейде шығарылды деуге негіз бар. Сондай-ақ, анау-мынауға таңқала қоймайтын марқұм Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбеков секілді ағаларды елең еткізген, небәрі 36 жыл ғұмырының 9 жылын арбада, төсек тартып өткізсе де, қазақ мифология ғылымының негізін салушы атанған, өзі де мифке, аңызға айналып кеткен, Серікбол Қондыбайдың 12 том еңбегін жарыққа шығарды. Бұлардан тыс қаншама ғылыми, әдеби еңбектер «Арыс» баспасынан күні бүгін басылып шығуда. Кітап қоры шүкіршілік мол. Сондықтан қасиетті Рамазан айының соңғы күнінде, Ғарифолла Әнес бастаған «Арыс» баспасы кітап — зекет берді.
Шара Алматыдағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының залында өткізілді. Әрине, зекетті әркім өзінің малынан, байлығынан береді. «Арыс» қорының байлығы — кітап. 5 миллион теңгеге бағаланған кітап — зекет Нұр-Мүбәрак ислам мәдениеті университетіне, Қазақстан имамдарының білімін жетілдіру институтына, «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагеріне, «Үшқоңыр» және «Әбу-Қанифа» медреселеріне берілді.
Жоғарыда сөз етілген түсіндірме сөздік сынды ғылыми тұрғыда аса бағалы кітаптарды сыйлап тұрып, Ғарифолла Қабдолқайырұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялағанда, бұл «Мәдени мұра» бағдарламасының заңды жалғасы екендігін айтқанын еске салды. Өкініштісі, көп жерде осыны жете түсінбей жатса керек. Дамыған отыз елдің қатарына енеміз десек, кітап алдыңғы кезекке шығуы тиіс. Өркениетті елдерде интернет дамығанына қарамай, күні бүгін кітап көп оқылатынын нақты дәлелдермен жеткізді.
P.S: Ғарифолланың бұл бастамасы өзгелерді де ойландыратын тамаша бастама. Қолында бар байлығымен жоқ-жітіктерге көмектесудің бір жолы осы. Мәселен үйін сала алмай отырған кедейлерге құрылыс материалдарын бер. Көлігі жоқтарға үйіңде босқа қаңқиып тұрған ескі көлігіңді бер. Қыста тоңып отырған міскіндерге отын, көмір түсіріп берсең қаншама сауап жинайсың. Иә, бәріміздің баратын жеріміз бір жер. Сауапты жинай бер, жинай бер! Ертең олардың бәрі алдыңнан шығып сізді жәннатқа бастайды, ағайын!

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

(13)