«Чемпион болу қиын…»

Футболдың өзін үлкен бір кітап десек, Мундиаль додасы (футболдан әлем чемпионаты) соның ең ауқымды тарауы болар еді. Теңбіл доптың тарихына үңіле қалсаңыз, басыңызды бері бұру қиындайды. Өйткені, бұған дейінгі 20 әлем чемпионатының кез келген біреуін түртсеңіз болды, таңның қалай атқанын байқамай да қалар едіңіз.

Бір айға созылатын ғаламдық бәсеке қарсаңында газетімізге Мундиаль тарихынан қызықты деректерді жариялап отыруды жөн көрдік. Бүгін «Сары кубок» сынындағы алғашқы «беташар» матчтар туралы әңгімелесек деген ниетіміз бар. Өткен аптада 78 мың жанкүйер жиналған. Он екі жыл өтсе де, күні кешегідей көңілімізде сайрап тұрған Германия мен Коста-Рика арасындағы 2006 жылғы турнирдің алғашқы матчында немістер 4:2 есебімен мұхиттың арғы бетінен келген қарсыластарын әрең жеңген-ді. Ал соңғы рет 2014 жылы Бразилияда өткен Мундиальдың бірінші ойынында жарыс қожайындары Хорватиямен кездесіп, төрт гол соғылып, оның ішінде Марселоның автоголымен есеп ашылған болатын. Сөйтіп, намысқа тырысқан Пеленің немере-ізбасарлары шақпақ жейделі еуропалықтарға әлсін-әлсін шабуыл жасай жүріп, Неймардың дублі, Оскардың ең соңғы минуттағы бір голымен нәтижесінде 3:1 есебі тіркелгенін ешкім ұмыта қоймаған шығар, сірә. Жалпы алғанда болмаса, әлем чемпионатының тарихында алғашқы ойыннан-ақ өз қақпасына гол соғып алу көп тіркелмеген. Бұл орайда Марсело әзірге жалғыз да емес екен. 1998 жылы Францияда өткен кезекті турнир 1994 жылғы әлем чемпионы Бразилия мен Шотландия арасындағы матчпен басталса, 2:1 есебімен оңтүстікамерикалықтардың жеңісімен аяқталған ойында шотланд қорғаушысы Томас Бойд абайсызда өз қақпасына гол соғып алған.
Әйгілі Пеледен он алты жасқа үлкен Пинга (Жозе Ласаро Роблес) есімді Бразилия шабуылшысын танымайтын да боларсыз. 1954 жылы Швейцарияда өткен Мундиаль бәсекесі Бразилия-Мексика матчымен басталса, Пинга дубльмен көзге түскен ойын 5:0 есебімен аяқталған екен. 1950 жылы да алғашқы ойын тағы да Бразилия-Мексика арасында өтіп, 4:0 есебімен оңтүстікамерикалықтар жеңіске жетті.
Беташар ойындары бойынша ең ірі есеп ретінде 1934 жылы Италияда өткен турнирдің бірінші матчын атауға болады. Мундиальды «ә» дегеннен-ақ 1/8 финалдан бастап кеткен 16 құраманың ойыншылары бірінші минуттан барын салған-ды. Бірдей уақытта басталып-аяқталған 8 ойынның ішінде Римде өткен Италия мен АҚШ арасындағы матчта алаң иелері 7:1 есебімен жеңіске жеткен. Сол ойында хет-трикпен көзге түскен Анджело Скьявио әйгілі Джузеппе Меаццамен бірге командасын өрге сүйреп, финалда да гол соғып, әлем чемпионы деген атаққа ие болған еді. Бұл футбол тарихындағы 2-ші әлем чемпионаты болса, алғашқы Мундиальдің Уругвайда өткені футболсүйер қауымға әуелден мәлім. Уругвайда деген аты болмаса, небары бір қаланың (астанасы Монтевидео) үш стадионында өткен турнирде әлем чемпионаттарының шежіресі басталды. Тарихтағы алғашқы матчта өнер көрсету Франция мен Мексика футболшыларының маңдайына бұйырыпты. Алғашқы гол 19-минутта соғылса, 4:1 есебімен француздар жеңіске жеткен ойында Андре Машино дубль жасады. «Поситос»  стадионына 4444 көрермен жиналған матчта мексикалықтар бір доппен ғана үн қатқан екен. Ацтектердің ұрпағы чемпиондық атаққа қол жеткізе алмаса да, ФИФА тарихындағы барлық әлем чемпионатына үзбей қатысып келеді. 21 турнирдің бесеуінде беташар матчқа қатысқан мексикалықтар біреуінде де жеңіп көрмеген. Жоғарыда аталғандардан бөлек, 1970 жылы өз жерінде өткен Мундиальда КСРО құрамасымен 0:0 есебімен тең тарқаса, 2010 жылы Африка құрлығында тұңғыш рет өткен доп додасында алаң қожайындары Оңтүстік Африка Республикасымен алғашқы ойынға шығып, бір-бір голдан соғылған ойында таразы басы тең түскен еді. Аталмыш ойында биыл өзінің бесінші әлем чемпионатына қатысып жатқан Мексика құрамасының мақтанышы Рафаэль Маркез гол соғып, командаластарын жеңілістен құтқарған болатын.
Тең нәтижемен аяқталған беташар матчтары ретінде Англия-Уругвай — 0:0 (Англия, 1966), Италия-Польша — 0:0 (Испания, 1982) және Италия-Болгария — 1:1 (Мексика, 1986) кездесулері тарихта қалды. Бір айта кететіні, 2006 жылға дейінгі әлем чемпионаттарының алғашқы матчына кейде алаң қожайындары қатысса, кейбірін Мундиальдың соңғы чемпионы бастап жүрді. Солардың ішінде 2002 жылы Корея мен Жапонияда өткен турнирдің беташар ойыны көз алдымызда. Сеул төрінде 1998 жылғы әлем және 2000 жылғы Еуропа чемпиондары Франция құрамасы турнирдің дебютанты Сенегал құрамасынан 0:1 есебімен жеңіліп, үлкен сенсация болған еді. Бір қызығы, мақтаулы чемпиондардың алғашқы ойында сүрінуі үйреншікті жағдайға айналды. Биылғы турнирде соңғы әлем чемпионы Германия құрамасы Мексикаға 0:1 есебімен жол берсе, 2014 жылы Испания алғашқы турда 2010 жылы финалда сан соқтырып кеткен Голландия құрамасынан 1:5 есебімен ойсырай жеңілген болатын. Ал 2006 жылы француздардың уысынан кубокті жұлып алған Италия құрамасының 2010 жылғы турнирде Парагвайдан бір голға жеңіліп жатып, Де Россидің арқасында бір ұпайға қол жеткізгені есімізде. Десе де, Италия да, Испания да чемпиондық атақтарын қорғамақ түгілі, топтан да шыға алмай қалған-тын. Ал, биылғы жорықтарын сәтсіз бастаған неміс машинасы не істер екен? Оны уақытында көре жатармыз. Дегенмен «Чемпион болу — қиын, оны қорғау — одан да қиын» деп түсінетін еуропалықтарға «доп бастау» да оңай болмай тұр.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

(16)