Жүрегі оң жағында орналасқан қыз


Мәлика Тәкенова қазір Көкшетау қаласындағы ЖОО-лардың бірінде Информатика пәні бойынша магистратурада білім алып жүр. Дарынды қыз үнемі ізденіс үстінде. Кітап оқығанды ұнатады. Ол кез келген сөзді мүдірместен керісінше оқып әрі айтып бере алады. Мұндай қасиет оның бойында бала кезінен бар. Ғалымдардың мәліметтеріне сүйенсек, бұл 10 млн. адамның тек біреуінде ғана кездеседі. Оның ішкі ағзалары да өзгеше орналасқан. Яғни жүрегі оң, бауыры сол жақта. Қан айналымы да кері жүреді. Қыздың атасы Иран Тасқара: «Біз оның дарынын ерте байқадық. Бірақ аса мән бермедік. Оның тіпті Гиннесстің рекордтар кітабына енгенін естідім. Басында біраз уақытқа дейін сенбей жүрдім. Мұның расымен де ғаламат екенін қазір сезініп отырмын», — дейді. Өзінің феномені жөнінде Малика: «Бойымнан аса бір ерекшелік сезінбеймін. Мектепте әнұран айтқан кезде қолымды оң жақ омырауымның үстіне қоямын. Туғаныма екі күн болған кезде дәрігерлер анама менің ішкі құрылысымның керісінше орналасқанын айтыпты. Яғни бүкіл ішкі ағзам керісінше орналасқан. Апам мен атамның арқасында 4 жасымнан бастап жазуды үйрендім. Бастапқыда сөздерді теріс оқу барлық адамға тән қасиет екен деп ойладым. 11 жасымда анама теріс оқи алатынымды айттым. Екеуіміз мұның сирек кездесетін қасиет екенін сол кезде ғана білдік. Мұның ешқандай да денсаулыққа зияны жоқ. Мен секілді сөздерді керісінше айтатын адамдар жетерлік. Әдетте қалай естісем, солай айтамын. Яғни сөздерді көз алдыма елестетпей-ақ айта беремін. Бірақ осы күнге дейін ішкі құрылысы өзгеше орналасқан адамдарды кездестірмедім. Оларды көргім келеді. Атам 7 жасымда домбыра алып берген болатын. Содан бері өлең айтамын. Артынша музыка мектебіне берді. Ары қарай музыкалық колледжге түстім. Оны бітіріп, енді мамандықты өзгерттім. Қазір бағдарламашы мамандығы бойынша білім алып жатырмын», — дейді.  Белгілі тележурналист Бейсен Құранбек оны өзінің бағдарламасына шақырып, сол  бағдарлама барысында оны сынап көріп, оған «Ұлттық арна», «Айтуға оңай», «Қазақстан», «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл» сынды сөз тіркестері мен толық  сөйлемдерді керісінше айтқызды. Бұл сыннан Малика сүрінбей өтті. Туа біткен қасиетке Мәлика бұл ерекшелігін болашақ жарынан жасырмайтынын, бірден айтпаса да, уақыт өте келе ескертіп қоятынын жеткізді.

Дайындаған — Ермек Назым

(10)