Жын иектеген… жыламай өл!

Қымыр өкінішті толғанып: «Жаратқан ием әйелді еркектің қабырғасынан жасапты деседі, бәлкім кейбір әйелдерге түзу қабырға жетпей, қисық қабырғадан жасады ма екен? Ата-бабамыз қызын ұзатарда: «Барған жеріңе тастай батып, судай сің, шаңырағыңды бақытты етіп, үбірлі-шүбірлі бол!» — деп тілек тілеп жататын. Ұлтымыздың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрі, санасы бүгінде шетелдің жұқсыз, қасиетсіз, тәртіп-тәрбиесіз насихатына еліктеумен талайды өкіндіріп, қапаландырып жатыр. Соңғы жылдары елімізде үйленген жастардың 20-30 пайызы (155 000) некесін бұзып, шаңырақтары ойрандалып кетті. Жын иектегендердің қайғысы қалың. Өйткені әкесіз өскен ұл айбарлы болмайды, біржақты тәрбие оңбайды. Ертеде ауылдың айтқыш баласы: «Әкем елді билейді, анам әкемді нанша илейді», — деуші еді. Ол заманда неке бұзу бірен-саран болатын, өйткені неке заңы қатал-ды. Бүгінде кейбір қыздарымыз тұрмысқа шыққан бойда бірден «төрт құбылам тегіс болмады» деп жанұяны ұрыс-керіспен, жанжал-шатақпен жынның айтағына ілесіп, бездіріп жататын да төбе көрсетті. Соның қырсығынан қарттар мен қариялар жылай-жылай үкімет үйін паналап жатыр.
Айтпақшы, әлем бойынша әйелдердің тәртіп-тәрбиесі бұзылғалы қашан! Әйел әйелге үйленсе, тіпті Американың бір бай әйелі өзінің ұлына үйленіп, ақпаратта «әрі ұлым, әрі махаббатым — күйеуім», — деп жар салғанын естіп, төбе шашымыз тік тұрған. Бұл біздің үлгі-өнеге тұтар Батыста болып жатқан оқиғалар. Азғындықты жын иектеп, әйел бастаған зұлымдық біздің елде де қылаң берді. Таяуда ақпаратта Бунина деген әйел өзінің күйеуін өлтіріп, паршалап-паршалап, қапшыққа салып, қоқыс жәшігіне тастағанда, аяғы көрініп жатқанын байқаған біреу заң орындарына хабарлапты. Мұндай сұмдықты, жауыздықты нәзік жанды әйел жасады деп өңіміз түгіл, түсімізде естіп пе едік? Аталарымыз «қойныңда жатқан қатыныңа сенбе» дегені балаларын өсіріп отырған анадан сақтан деуі емес, жалпы кез келген адамға сене берудің зияны болатынын ескертуі ғой.
Жалпы, әйелдерді қорғаудың заңы жетерлік, солай бола тұра жын иектеген залым әйелдер түрмелерде де баршылық. Өйткені, нәзік жанды дейтін әйелдеріміздің өзі қылмыстың неше түрін жасауға бейімделіп кеткен жоқ па? Осы орайда бабаларымыз ақыр заман болғанда: «Сиыр пұл болады, әйел би болады», — деуші еді. Бүгінде әлемдік кейбір мемлекеттерді билеп-төстеуге қырық пайыз әйелдер қатысып отыр. Ғалымдарымыз тауып айта ма, қауып айта ма, 400-500 жылдан кейін жер бетінде еркек атаулы жойылып кетеді деп жар салады. Онысына нанбайын десең, адамдардың онының тоғызы радиация дертіне шалдыққан. Ал ер адамның түрлі залалды өндіріс орындарында жұмыс істеуі және жаратылысында бір элемент болуы (әйелдерде физикалық, биологиялық екі элемент бар)… жағың қарысқыр ғалымдардың болжамы шындық болмағай. Шешелеріміз «қыздың қырық жаны бар» деп айтуы оқымаған дала даналарының сөзі шындыққа айналатын түрі бар. Шешелеріміз дегеннен шығады, «күйкі болса да, күйеуің болсын» деп балаларының әкесі деп ердің айбарын сақтап, құрметтеп ұлтымыздың өсімін сақтады. Соның нәтижесінде болар, Кеңес заманына дейін қазақтың әрбір шаңырағында жеті адамнан еді. Бүгінде жастар ұрпақ өсіруді, ердің айбарын сақтауды ұмытып барады. Кейде ақшақұмар медицина қызметкерлері босануға келген әйелдерді толғағын жиілетудің орнына, толғағын тоқтататын дәрілер егеді ме, шаранасын жарып алуды шығарды. Бұл қызметі үшін дәрігер біраз қаржы алады. Бұл ұлттың өсуіне қастандық екенін егжейлі-тегжейлі зерттеп, оларды қылмысқа тарту назардан тыс қалып келеді.
Қылмыс дегеннен шығады, қалаларда түнгі клубтар, ойын-сауық орындары жастарымызды тайраңдатып, неше түрлі жамандық жолға түсіріп жатқан деректері де көрініп қалады. Түнгі клубтарға барған қыздар билеп шаршаса, сусын ішеді, одан кейін сондағы залымдар таблетка береді, ал жылпың жігіттер коньяк ұсынады, сөйтіп есінен айырылған қыздар кімнен бала көтергенін білмейді. Ақырында, денесіндегі шарананы не қоқысқа тастайды, не өзен бойына лақтырады. 1947 жылы Сталиннің нұсқауымен түсік тастаған әйелді, оған жәрдемдескен дәрігерді 25 жыл түрмеде отыруға заң шығартып еді. Бүгінде осындай қатал заң керек-ақ. Мұндай сұмдықты қазақ басынан кешіріп пе еді? Қара бет болу оңай, қара бет болып өмір сүру қиын деген осы емес пе? Әрине, жеңіл ойлы әйелді жын иектеп, неше түрлі сойқандыққа бастайды. Сонау бабаларымыз ерте сезген болар, «қызды қырық  үйден тый» десе, бүгінде жүз қырық үйден де қызымызды тыя алмадық. Ұлттық намысын таптап, шетелдіктерге тұрмысқа шығып кеткен қыздарымыз қаншама. Қалың өкініш өзекті өртеп, жын иектегендерге лағынет айтқаннан басқа шара болмай тұр. Бұрынғы салтымызда «бел құда, бесік құда» деп қыз бен ұлдың ата-тегіне қарап, шаңырағын көтеруші еді, бүгінде ол заңдылығымызға жылап көрісетіндей күйге жеттік.
Осылардың басты себептері ерлерді қорғайтын, олардың айбарын сақтайтын, денсаулығын құрметтейтін заң жоқ. Қазақ әйел бастаған көш оңбайды десе, бүгінде әйел билік еткен кейбір шаңырақтардан береке кете бастады. Ері жоқ шаңыраққа жын иелік етіп, әйелді де, оның ұрпақтарын да неше түрлі азғындық жолға бастайтыны да байқалуда. Олай дейтініміз, кейбір жас өспірімдер де қылмыс жасап, заң орындарында телміріп тұрғаны қандай өкінішті.
Алладан ұлтымызды жын-пәлекеттерден сақтандыруға неше түрлі оқиғалар болып жатыр. Бірде Ақадыр  өңірінде биік бағанға қонған қара қарға: «Алла, Алла» деп бірнеше дауыстағанын да естігенбіз. Ол ол ма, қойдың қозысы, тауықтың жұмыртқасында да «Алла, Алла» деген белгілер ұлтымызды жамандықтан сақтан деп тұрғандай.
Жын иектеп бұзылған бірен-саран ұрпақтың қасіретіне азап шеккен ата-аналары «жыламай өлейін, тірідей қабірге түсейін» деп қабырғасы қайыса қайғыруынан ұлтымызды сақтағай.

Табыл Құлыяс

(19)