Жаңаөзенге тіл рухы қалай келді? Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына орай

«Өлмеу үшін тіліміз…»

Қазақстан Республикасының ширек ғасырдан асқан мерейін мерекелей отырып, бұдан 28 жыл бұрынғы 1989 жылғы 22 қыркүйектегі оқиға еске түседі. Бұл күн — бодандық билеген ой-санамыздағы үміт ұшқынының алау жалынға айналған күні. Бұл күнді біз ғасырлар бойы қан кеше жүріп күткенбіз. Осы қоңыр күздің кешінде республикалық теледидар Қазақ КСР Жоғарғы Советінің сессиясында қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге ие болғанын паш етті. Міне осы минуттардан бастап, титтей де болса, намысы бар әр қазақтың ой-жүйесінде сілкініс пайда болды. Қазақ ұлты «тіліміз тірілді!» деп шаттанды. «Енді елімді, жерімді, тілімді ешкім де кеміте алмайды», — деп  масаттанды. Осы жақсылықтың жалғасы іспетті 1989 жылдың 20 қазанында Алматы қаласында өзіміз қатысып, куә болған Республикалық «Ана тілі» қоғамының 1 Құрылтайы ашылды. Нәтижесінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Осы жылдың өзінде-ақ бұрын бір ғана қазақ мектебі бар Алматыда 3 таза қазақ мектебі, 14 аралас мектебі, 9 қазақ тілді балабақша өмірге келді. Бұл ұлтымыз үшін, зор рухани өрлеу еді. Кеңес кезінде отарлаудың кесапаты дерлік қазақ елінде 700-дей қазақ мектебі жабылған екен. Алматыдағы Құрылтайдан кейін-ақ бүкіл Қазақстан бойынша барлық қалалар мен аудан орталықтарында «Қазақ тілі» ұйымдары құрылды. 1989 жылдың 19 желтоқсанында  Жаңаөзенде де қалалық конференция өткізіліп, «Қазақ тілі» қалалық ұйымы құрылған еді. Сонымен қатар барлық өндіріс орындарында, мекемелерде, орта дәрежелі оқу орындарында «Қазақ тілі» бастауыш ұйымдары жасақталды. Ұйымға жеке адамдардан бөлек, топ-топ болып, кәсіпорындар кіре бастады. Ұйымға кіру жөнінде насихат күшейді. Ақын-шежіреші Қаржаубай Рейімбайұлы:
Ел сенімін ақтайық,
Тіл кенішің сақтайық!
Өлмеу үшін тіліміз,
Өшпеу үшін үніміз,
«Қазақ тілге» мүше бол!
Болсын риза бабамыз,
Болсын риза даламыз.
Кетірме тілдің киесін,
Үйрен тілдің жүйесін.
«Қазақ тілге мүше бол!»
Елді жерді сақтауға,
Ана сүтін ақтауға.
Ел, халқыңның қамы үшін,
Ұрпағыңның ары үшін,
«Қазақ тілге мүше бол!» — деп ұрандатты.
VI ғасырда өмір сүрген Наушардан ғұлама: «Шалқақтап-ақ жүргім келеді. Бірақ тілімнің еңкейіңкі күйі еңсемді көтертпейді»,— деген екен. Ол кезде бізді осы сағатқа дейін еңсені көтертпеген орыс отаршылдығы мен қызыл империяның рухани езгісіне қарсы ұлт болып өре түрегелгендей сезім баураған еді. Айтса айтқандай еді ғой. 90-жылдары облыста (ол кезде Гурьев облысы) 293 орта мектептің 4-еуі қазақ, Шевченкода (әлі Ақтау атын алмаған кез) 20 мектептің екеуі ғана қазақша болғанын айтсақ та, құлдыраудың қай сатысында болғанымызды аңғару қиын емес. Ал жан-жағымызға жіті көз тастасақ. Одан да сорақысын көрдік. 1991 жылы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында 27 мектептің 3 сабағы ғана қазақ тілінде жүрген. Ал Ақтөбе ауданында бірде-бір қазақ мектебі болмаған. Ал Жаңаөзендегі жағдай да осыған тектес еді. 1991 жылы қаламызда 8 орта, 1 сегізжылдық, 1 бастауыш — небәрі 10 мектеп болған екен. Оның 4 мектебі таза орыс тілінде, 4-еуі қазақша, 2-еуі аралас тілде білім беріпті.

«Қазақ тілі» қоғамы бар істің жаршысы

Америка философы Сантаяна: «Өткен тарихтан дұрыс қорытынды жасай білмеген халық қайта құлар күнін күтеді», — депті. «Қазақ тілі» ұйымының басқармасы бұндай рухани апаттың болашағын жақсы түсінген еді. Міне осыдан кейін-ақ тіліміз үшін алапат күрес басталды да кетті. «Қазақ тілі» ұйымына мемлекеттік дәреже алған ана тіліміздің буына мастанған біздер, ақындар мен жыршылар, жорналшылар мен әдебиетшілер, ұстаздар, тіпті қатардағы жұмысшыларға шейін қаламыздағы қаймағы бұзылмаған ұлтсыздықпен аяусыз күресті бастап кетті. Барлық жекрде орыс тілінде сөйлеп, жазу, жұмысқа қабылданарда қазақ тілінде арыз жазуға салынған тыйым, оқу орындарында тек орыс тілінде білім беру, жиын, басқосулардағы орысша сөйлеу, балабақшалардағы орысша тәрбие, т.б. тіл белсенділерінің намыстарын қамшылады.
Қазақ елінің егемендік декларациясы жарияланып, тәуелсіз Республика болып, өмірге қайта оралуы ана тілі күрескерлерін бұрынғыдан бетер рухтандырды.
Бірте-бірте ұлттық салт-дәстүрлеріміз орныға бастады. Наурыз мерекесі тойланатын болды. 1990 жылдың 7 шілдесіндегі «Мұнайшылар алаңындағы» өткізілген Құрбан айт мерекесінің де ұйымдастырушысы «Қазақ тілі» ұйымы болғанын жұртшылық ұмытпаған болар.
Осыдан кейін қалалық мәдени шаралар: ақындар айтысы, термешілер жарысы, С.Мұқанов пен Махамбетке арналған кештер, ақын Темір Мыңжасовтың авторлық кеші. «Абай арманы» өнер сайысы, драма үйірмелерінің көрсетілімдері, «Ұлтжанды ұрпақ, қандайсың?» пікірсайысы, т.б. мәдени шаралар тікелей «Қазақ тілі» ұйымының ұйымдастыруымен өткізілетін. Сонымен қатар «Ұйым» басқармасы кәсіпорын, кәсіпкер нысандарының маң-дайшаларындағы жазуларды, қала көшелеріндегі үгіт сөздер мен ұрандарды, автокөліктердің іші-сыртындағы жазуларды қазақшалау, қала, саяжай көшелерін жазықсыз жазаланған арыстарымыздың есімдерімен ауыстыру мәселелері қала басшысының алдына мәселе етіп қойылды. Бұл ұсыныс Жаңаөзен қалалық кеңесі Атқару комитетінің 1991 жылғы 19 қыркүйектегі мәжілісінде мақұлданды. Осының нәтижесінде қала көшелерінің бұрынғы аттары ауыстырылып, олардың орнына “Маңғыстау”, “Естөре Оразақов”, “Мұнайшылар”, “Бейбітшілік”, “17 Маусым” көшелері өмірге аяқ басты. Бұлардан басқа қала мен Теңге аумағында бой көтерген шағын аудандардың көшелері  “Ақтау”, “Жетіқайқы”, “Қаражүсіп”, “Азаттық”, “Ахмет Байтұрсынов”, “Мұстафа Шоқай” атауларына ие болды. Осы қызметтің негізгі ұйымдастырушылары үнемі желдің өтінде жүрген “Қазақ тілі” ұйымының белсенділері болды. Олар: Қоңқаш Жексембі, Байтілеуов Аманқос, Түйтеев Темірхан, Тарғынов Алдабай, Айдарбаев Жоламан, Мыңжас Темір, Исаева Айсұлу, Сақтағанов Аңшыбай, Алшымбаев Өнербек, Қатешова Ағиба, Қашаубаева маңдайлы. Осылардың ішіндегі ерекше еңбек еткендердің кейбіреуін таныстыра кетейік. Қоңқаш Жексенбі — айтыс ақыны, ақиық домбырашы, әртістік қабілетке ие азамат. Ұйым басқармасы оған балабақша мен саяжай көшелеріне жаңаша ат қоюды тапсырған болатын. Жексеннің ұсынысы бойынша балабақшалардың орысша аттары былайша өзгертілді: “Ромашка” — “Құлыншақ”, “Дюмовочка” — “Аққу”, “Красная шапочка” —  “Балдәурен”,  “Олеся” — “Жас ұлан”, “Минутка” — “Балапан”,  “Колокольчик” — “Шынар”, “Ладушка” — “Алақай”, “Золушка” — “Ақбөбек”, бұдан әрі орысшасын жазбай-ақ, орын ауыстырған қазақша атауларын атасақ. Олар: “Алтынай”, “Балдырған”, “Жанар”,  “Гүлдер”.  Ал саяжай көшелері үшін ұсынған аттары бұлардан да әсем. Олар: “Балауса”,  “Гүлмайса”, ”Бәйшешек”, “Жемісті”, “Лалагүл”, “Алмалы”, “Көгорай”, “Самал”, “Сандуғаш”,  “Қызғалдақ”, “Жиделі”. Ал №10 мектепттің Қазақ тілі, әдебиеті мұғалімі Аманшаева Меруерт  Л.С.Метлинаның “Математика в детском саду” кітабын (екінші кіші топ үшін) қазақ тіліне аударды. Аудару үстінде ол кітаптағы торай, шошқа сияқты қазақ топырағына жат хайуандарды қошақан, ақ лақ т. б. мал төлдерімен ауыстырған. Қазақшаланған кітап  балабақшаларға таратылып, бірден оқу құралына айналып жүре берді.
Ауланұлы Түгелбай — медколледж мұғалімі, үлгілі ұстаз, сын мақалалар жазып, мемлекеттік тіліміздің абыройын көтеруде атсалысты. Сақтағанов Аңшыбай “Газ өңдеу зауытында” жұмысшылардың ұлттық реңін қадағалап отырған қызметкер. Айдаров Асылбек — қалалық газеттің бас редакторы. Газет бетінен айына бір рет “Қазақ тілі” ұйымының “Аманат” бетшесіне орын берді.

Көзге түрткі болған «ГӨЗ»-дің дабырасы

1990 жылдың 11 желтоқсанында қала басшылары қала атын Жаңаөзен, Новый Узень, Өзен деп бұлтақтатпай, қазақша бір атқа тоқтау туралы мәселе қаралды. Өзен атын қолдаушылар болды. Мен Жаңаөзен атын қалдыруды ұсындым. Себебі: кешегі қызыл Империяның құрдымға құлауының басы “Желтоқсан” болса, жалғасы осы Жаңаөзендегі Маусым көтерілісі еді. Маусым аттөбеліндей партия, кейбір парақор басшылардың опасыздығынан ұлттың рухы мен оның өмір сүру құқын қорғап қалды. Бұл Қазақстан қалаларындағы толқуларды айтпағанның өзінде, төрткүл дүниені елеңдетті. Сондықтан мен болашақ тарихымыз үшін, қала атын өзгертпеу керектігін дәлелдедім. Ұсыныс қабылданып, қаланың “Жаңаөзен” аты өзгеріссіз қалды. Қазір сол жылдарға көз жіберіп, ойға батамын. Сол кездері, 90-жылдары, қала тұрғындарының, әсіресе жас толқынның  арасында ана тіліне, мұсылманшылыққа деген бір ерекше, ешқандай күш тоқтата алмастай өрекпу, таңқаларлық бұла күш, ең бастысы рух пайда болды. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар, ақындар, жыршылар, молдалар ата салтымыз бен ана тілімізді, ата дінімізді қалыптастыруға ниеттене кірісті. Көп мысалдың бірі: 1991 жылдың көктемі. Барлық автокөлік ұжымдарында техникалық байқау басталып, бөлім басшылары абыр-сабыр күйде. Мен де осы кезде №5 Автокөлік кәсіпорнына бара қалдым. Онда біздің басқарма мүшеміз Байтілеуов Аманқос директордың “Автокөліктерді пайдалану” жөніндегі орынбасары болып істейді.
— Мен бір нәрсе жоспарлап отырмын, соған сіз қалай қарайсыз? — деді маған қарап. «Қазіргі техникалық байқауды пайдаланып, зауытқа, мұнай кәсіпшіліктеріне, қала ішіне жүріп тұрған автобустардың бағыттарын, қызметтік көліктердің ішкі-сыртқы жазуларын, жол қауіпсіздігі сөздерін түгел қазақша жаздыртқым келіп отыр», — деді. Мен оның бастамасына қолдау білдірдім. Cодан бір айдың ішінде бүкіл қала маңында қыбырлап жүрген автокөліктердің іші-сырттарының қазақшаланып шыға келгені. Және Аманқос мемлекеттік тілде безендірілмеген автокөлік жүргізушілеріне жолқағаздарын бермеуді тапсырған. Бірнеше күннен кейін қалалық партия комитетінен АТП-ның басшысына телефон шалынады. Мазмұны өзім білемдікке салынып, дүниені бүлдіріп жүрген Байтілеуов Аманқостың партиялық мәселесін қарап, шара қолдану туралы. Мәселе мынада екен. Автокөліктердегі жазулар қазақшаланғанда, “Газ өңдеу зауытына” жұмысшылар тасып тұрған “Икарус” автобусының маңдайшасындағы “ГПЗ” (Газопереработающий завод) ГӨЗ (Газ өңдеу  зауыты) болып өзгеріпті. Осыны “түсінбеген” басқа ұлттың жұмысшылары сол күні жұмысқа шықпаған. Және осы жағдай жөнінде қалалық партия комитетіне шағымданған.
Осыдан кейін біз қалалық партия комитетінің 1 хатшысы Ноғаев Сұлтаннан бізді қабылдауы жөнінде өтіндік. Келесі күні ол талантты жорналшы Қатешова Ағиба, Байтілеуов Аманқос, АТП-ның партия ұйымының хатшысы Сағат Тоғызбаев және мені қабылдады. Қыскасы, сағат жарым бойы тәжікелесіп, 1 хатшының  “қазақша жазуларды ала тұрыңыз” деген ұсынысын қабылдамай, кабинеттен шықтық. Ал партия басшылары орысша жазуларды орнына келтіру жөнінде шешім шығара алмады. Ал “ГӨЗ” жазуы күні бүгінге шейін өзгерген жоқ.
“Қазақ тілі” ұйымы іс қағаздарын мемлекеттік тілде жазу мәселесін күн тәртібінен түсірген жоқ. Кәсіпорындарға рейдтер ұйымдастырылып, әсіресе  мұнай кәсіпорындарының маңдайшаларындағы, дәліздеріндегі жазуларды, өз іштеріндегі және облысқа жіберілетін қызметтік қағаздарына тексерістер жүргізіп, біздің ұсыныстарымызға сүлесоқ қарағандарды қалалық, облыстық газеттер беттерінде сын тезіне душар еттік.
Кәсіпорындардың көпшілігінде “Қазақ тілі” кабинеттері  жасақталды.
“Ұңғыларды күрделі жөндеу” басқар-масының қызметкері, “Қазақ тілі” бастауыш  ұйымының төрағасы Түйтеев Темірхан кәсіпорындарға тиісті іс қағаздарын қазақшаға аударып, кітап етіп шығарды. Және оны мекемелерге тараттық.
Президентіміз бір сөзінде: “Егер біз қазір ана тіліне мән бермесек, үлкен қасіретке душар боламыз”, — деген еді. Сондықтан ұжым басшылары қолда бар мүмкіндіктерді сарқа пайдаланулары қажет болды. Соның бірі — штатқа мемлекеттік тіл маманын қабылдау туралы біздің ұсынысымыз. “Шегендеу” басқармасының бастығы Өтебаев Аташ, “Шыңырауларды күрделі жөндеу” басқармасының басшысы Әбішаев Орынбек штатқа  аудармашы ретінде тіл маманын  қабылдады.
1997 жылдың 11 шілдесіндегі “Тіл заңын” орындауда қаланың заң орындары да қолғабыс етті. Жаңаөзен қаласының прокуроры Құлжанов Болат 1998 жылдың үш айының ішінде қаламыздың 36 ұжым басшысына “Тіл заңын” бұзғаны үшін наразылық жолдаған. Наразылық қаладағы түрлі саладағы өндіріс орындарын, мекемелерді, салық инспекциясын, нотариалды кеңсені, кәсіптік-техникалық оқу орындары мен мектептерді, ішкі істер бөлімін, тіпті өртке қарсы күрес жасақтарын да қамтыған.
Бізді түгелдей орыс тілінде жұмыс жасап жатқан “Жаңаөзен мұнай-газ өндіру басқармасының” қарамағындағы 20 балабақшаның тағдыры қатты тол-ғандырды. 1991 жылға шейін қала көлемінде Қызылсайда жалғыз балабақша  жұмысы қазақ тілінде жүрді. Осы басқармаға қарасты 20 балабақшада сол күндері 2767 бала қазақ ұлтынан, 298 бала басқа ұлттан екен. Біздің басқарма мүшелері кезектен тыс мәжіліс өткізіп, балабақшаларды мемлекеттік тілге ауыстыру жөнінде Қаулы қабылдады. Ол үшін бірінші кезектегі шаралар қабылданды. Олар: балабақшаларды бөлісіп алып, ата-аналармен  жиналыстар өткізіп, тәрбие жұмысын ана тілімізге аудару жөнінде ұсыныспен шығу. Ата-аналардың арыздарын жинау. Ол кезде барлық балабақшалардың меңгерушілері басқа ұлттан еді. Олар біздің бұл жұмысымызға кедергі жасап бақты. Сондықтан ба, олар ата-аналармен басқа жұмыстар жүргізді ме, біз өткізген жиындарда ата-аналардың белсенділігі нашар болды. Сол себепті кешке ата-аналар балаларын алып кетуге келгенде, дайын арызға қол қойдыру әдісіне көштік. Ол жұмысымыз да кедергісіз болмады. Мысалға жүгінсек, бір күні кешкі 7-нің маңайында үйде отырған маған біздің басқарма мүшеміз Қартбаев Қалдыбай телефон шалды.
— Мақсатым — кеніште балаларын балабақшадан алып кетуге келген ата-анаға “қазақша тәрбиелеуді өтінемін” деген дайын арызға қол қойдырып алу. Осында кіргенім сол еді, милицияның “черный ворон” машинасы мені салып алып, мында әкеліп қамап тастады. Қазір мына кезекші жігіттен рұқсат алып, сізге хабарласып тұрмын, — деді. Мен дереу ІІБ-ның бастығының үйіне телефон соғып: «Оны қазір босатпасаңыз, ертең үлкен әңгіме болады», — деп телефонды қоя салдым. Бірақ тез шығара қояды деген үмітім болған жоқ. Оншақты минуттан кейін Қалдыбайым: «Босатты. Үйге әкеліп салды», — деп хабарласып тұр. Бұл жолы балабақша басшысының қалалақ прокуратурада қазақшасы судай танысы бар еді. Содан келген іс деп топшыладық.

Аманат жүгін ардақтағанда

“Өзенмұнайгаз” басқармасында бала-бақша инспекторы Қашаубаева Маңдайлы болатын. Балабақша меңгерушілері оның үстінен “ұлтшыл”, “әдістемелік жұмыстарды білмейді, ауыстыру қажет” деп, топтанып келіп, басшыларға шағымдарын жаудырды. Бірақ біз олардың ойларын әшкерелеп, Маңдайлыға қорған бола білдік. Әсіресе шабуылдаушыларға қарсы тұра білген жорналшы Қатешова Ағибавның еңбегі ерекше болды. Қазақша тәрбиеге көшуге кедергі келтірген “Айгүл” балабақшасының директоры туралы Ағибаның қалалық газетте жарияланған “Тарпаңдаған Тарабрина”  атты мақаласы көбіміздің есімізде. Сонымен бірге Ағибаның әшкере де уытты мақалалары мәңгүрттер мен төрешіл шенеуніктерге  дәл «атылып», «жусатып» жатты.
Шын мәнінде балабақшаларды қазақша тәрбиеге көшіру үшін, “Мұнай-газ өндіру” басқармасының қарамағындағы 20 балабақшаға басқарма басшысының бұйрығы керек еді. Бұл мәселе жөнінде Маңдайлы былай дейді: “Қазақ балабақшасын ашсам”, — деген асыл арманымды сол кездегі “Мұнай-газ өндіру” басқармасының бастығы Батырбаев Махамбетке айттым. Махаң менің ойымды құптады. ”Ойға алған ісің игілікті шаруа екен. Бірақ сен қаладағы балабақшаның бәрін бірден қазақшаға тез аудара алмайсың, бұл жұмысқа біртіндеп, жүйелі түрде кіріс”, — деп кеңес берді. Мен де осы мәселемен Батырбаев Махамбетке кірген едім. Жағдайды баяндадым. Әуелі бір бақшаға болса да, қазақша тәрбиеге ауысуы туралы бұйрық беруін өтіндім. Бәрінен бұрын ұлт болашағына төніп тұрған рухани қауіпті таразылай білген, “партия не дейді?” деп қорғалақтамай, бұйрық берген Батырбаевтың ісін осы күндері ойласам, ерлікпен парапар екен. Осы азаматтың бұйрығымен бір балабақшаның қазақшаға ауысуы мұң екен, сең сөгіліп, оларды ұлттық тілге көшіруге бел шешіп кірістік. Осыдан кейін-ақ басқа ұлттың балабақша меңгерушілері жұмыстарын тапсырып, басқа жерлерге, көбі Ақтауға кете бастады. Сөйтіп 3 жылдың ішінде 20 балабақша түгелдей қазақша тәрбиеге көшірілді.
Жыл сайынғы “Тіл мерекесі” “Қазақ тілі” ұйымының жергілікті газетте күнібұрын жарияланған бағдарламасы бойынша жүргізілді. Ұйым жергілікті газет пен радионы да ұтымды пайдаланды.
“Қазақ тілі” ұйымының басқармасы  тіл белсенділерін үнемі марапаттап отырды. Ол үшін “Тіл сарбазы”, “Ұлтжанды азамат” Грамоталары тағайындалды.
“Қазақ тілі” ұйымы жұмысының ең негізілерінің бірі ұжымдардағы іс қағаздарын мемлекеттік тілге аудару мәселесі болды. Ол үшін кәсіпорындарда “Қазақ тілі” кабинеттері жасақталып безендірілді. “Шегендеу” басқармасының бастығы Өтебаев Аташ алғашқылардың бірі болып, тіл кабинетін жасақтап, аудармашыға жалақылы штат ашты. Ол кезде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жазу тек аудармашылар арқылы іске асатын (Қазірде де көп жерлерде осылай емес пе?).
Ақындар, жорналшылар Айдарбаев Жоламан, Мыңжасов Темір, Исағұлов Зәкәрия, Айдаров Асылбек, Күнтуаров Өтелген, Ботабаев Базар кәсіпорындарда аудармашылықпен айналысты. Қаламыздағы мемлекеттік тілдің жүруіне қолдау көрсеткен басшыларды атасақ. Олар: Әбішаев Орынбек, Базылов Бақтығали, Бабаханов Жалғас, Қылышбаев Аман, Күнтуаров Сембек, Мамаев Сырым, Бекімов Дәрмен, Мәуленбаев Әзербай. Ал “Қазақ тілі” ұйымын қаржылай қолдап отырған Жанғазиев Жақсылық, Құрбанбаев Мұрат, Төлесінев Орысбайларды айтпай кетуге болмас.
Біздің ұйым әу баста-ақ асыл дінімізді ардақтап, ана тілі екеуін құстың қос қанатындай деп есептеді. “Қазақ тілі” ұйымының араласуымен 4 жас Шымкенттің Ислам университетінің үш жылын бітіріп келіп, қала мектептеріндегі шәкірттерді арабша сауаттандырды. Ислам уағызынан сабақ өткізді.
“Қазақ тілі” ұйымының жанынан “Ана тілі” ЖШС ұйымдастырылды. Осы Серіктестік арқылы ұжымдар “Қазақша-орысша сөздіктермен”, “Екі тілде іс жүргізу“ анықтамалықтарымен қамтылды.
Әрине тіл тағдырына араласып, әдет, салт-дәстүрімізді танытатын көпшілік мәдени жұмыстарға қаржы қажет. “Қазақ тілі” ұйымы қоғамдық дәрежеде болғандықтан, оған бюджеттен қаржы қарастырылмайды. Ондай қаржы мүшелік жарна мен демеушілердің көмектерінен құралады. Ондай көмек еткендер: “Энергомұнай” басқармасы (Бекімов Дәрмен), “Бірлік” АҚ-ы (Мәуленбаев Әзірбай), “Жөндеу” құрылыс басқармасы (Бабаханов Жалғас). Мүшелік жарна мәселесі бізді көбірек толғандырды. Бірақ ұжым басшылары Мұратов Тобышбай, Алдашева Күләш, Құлжанова Қымбат, Әлқуатов Тимур, Ақшамбаев Өтелген, Жақыпбеков Әбдіхалық, Қанатбаев Батыйхан, Базылов Бақтығали, Қылышбаев Аман, Садықова Нұржамал, Баданова Райхандардың мүшелік жарнаны дер кезінде төлеулерінің, “Өзенмұнайгаздағы” Төлесінев Орынбай, Әбілхайыров Сәмиғолланың ұжымдық жарнамен көмек етуінің нәтижесінде ұйым қызметі жандана түсті.
Бұл естелік Жаңаөзен қаласының 50 жылдығы жөніндегі толғаныс үстінде ойға келген оқиғалардың бір парасы ғана. Сол кездегі “тілім” деп арпалысқан азаматтардың  армандарын ақын Сағи Жиенбаевтың мына сөздері мен айшықтайық:
Қанатыңды қайтадан қағасың ба?
Жанарымнан жас болып ағасың ба?
Ай маңдайың жарқырап болашаққа,
“Қазақ” деген атты алып барасың ба?
Баяғы түрік елінде Қараман уалаятының ханы: «Үйде, шаруашылықта, мәжілісте, алаңда, аулада сөз тек түрік тілінде жүрсін. Басқа тіл араласпасын», — депті.
Содан бері 738 жыл өтіпті. Өркениетті елдерге ұқсап, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз шығарып, аталарымыздың мың жылдық мәдениеті мен ақыл үрдісін жастарымыздың бойына сіңіргіміз келсе, саф алтындай, кәусар бұлақтай ана тіліміздің дамуын тездетейік. Сөзімнің соңын М.Әлімбаевтың мына жолдарымен көмкергім келеді:
Кіршіксіз ардай сақтаңдар
Қазақтың тілін ғаламат.
Ұрпақтар, атар ақ таңдар
Аманат саған, аманат!

ЕРБАҚЫ Байбазар,   
Жаңаөзен қалалық   
“Қазақ тілі” ұйымының төрағасы,
Жаңаөзен қаласының
Құрметті азаматы

P.S.  Бұл марқұм Байбазар ағамыздың жуырда ғана келген соңғы мақаласы еді…

(75)