Бағдарламадағы 10 міндет ауыл шаруашылығы мәселесін шеше ме?

Маусымның 15 күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Астанадағы ҚазМедиа орталығында халыққа есеп берді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына мемлекеттің де халықтың да ықыласы бөлек десек қателес-пейміз. Қазіргі таңда Елбасының нақты тапсырмаларына сәйкес, бұл салада көптеген реформалар жүргізіліп жатыр. Әрине, Үкіметтің үміті де, халықтың талпынысы да жерде қалмайтынына сенім мол секілді. Оған себеп үлкен мінбелерден сөйленіп жатқан цифрлар мен ауылдағы ағайынның ынтасы, төккен тері дегіміз келеді. Қазақ елінің жалпы ішкі өнімінде мұнай, газ саласынан қалса алдыңғы орнынды еншілеп тұруға тиісті ауыл шаруашылығы саласының бағындырар белестері әлі алда деп білеміз. Жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 5-орынды иелейтін, «аусылдан таза аймақ» мәртебесін еншілеген Қазақстан таяу арада әлемдік деңгейдегі «нан кәрзенкесі» болатыны да біздің ашылмай жатқан мүмкіндіктерімізді айғақтаса керек. Ендеше аталмыш саланың соңғы жетістіктері қандай? Қандай ілгерлеу бар? — деген сан сауалдың жауабын министрдің өз аузынан естіп көрейік.
«Қазақстанның қол жеткізген бәсекеге қабілеттілік деңгейін қолдау және оның одан әрі кеңеюі үшін агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің тәсілдері қайта қаралып, ішкі нарықтың қорғалуына, сыртқы сауда нарығын кеңейтуге, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін артты-руға баса назар аударылды. Шығарылған жалпы ауыл шаруашылығы өнімдері 3,9%-ға, өндірілген тамақ өнімдері 6,3%-ға артты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3 айда 47%-ға, оның ішінде өңделген өнімдер экспорты 26%-ға ұлғайды. Ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі 1,4%-ға өсіп, 88 млрд. теңгені құрады. 2018 жылы егістік жерлер көлемін 50,2%-ға (11,4 млн. га) қысқарту жоспарланып отыр. Мал шаруашылығында өткен кезеңде мал мен құс саны орта есеппен 4,1%-ға ұлғайды. Сондай-ақ өндірілген ет көлемі 4,8%-ға (345,1 мың тоннадан 361,6 мың тоннаға дейін), сүт 2,5%-ға (1942,9 мың тоннаға 1992,5 мың тоннаға), жұмыртқа 15,7%-ға (1896,1 млн. данадан 2194,4 млн. данаға дейін) артты. Қазіргі уақытта азық-түліктің негізгі 30 түрінің 25-і бойынша қамтамасыз етілуі 80%, ал кейбір түрлері бойынша 100%-ды құрап отыр. Ішкі нарық осы өнім түрлерімен қамтамасыз етілуде. Импортқа тәуелді құс еті, алма, ірімшік және сүзбе, шұжық, қант, балық бұл тізімге кірмейді. Елбасы халыққа Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен алдында еңбек өнімділігін түбегейлі ұлғайту және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының өсімін 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру міндетін қойды. Бұл міндетті шешу саланы дамытуда мүлде жаңа көзқарасты талап етеді. Осы тапсырманы орындау мақсатында Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары позициялары анықталды. Бұл ең алдымен, ет өнімдері, сиыр және қой еті. Сонымен қатар сүт өнімдері, құс еті, жемістер мен көкөністер бойынша импорттан арылуымыз керек. Осы мәселелерді шешу саланы дамытуда жаңа әдістерді талап етеді. Жоғарыда аталған міндеттерді ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агробизнес және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізді. Бағдарламаның түйінді көрсеткіштері мен іс-шаралары негізінде, жобалық басқару стандарттарына сәйкес агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыттары бойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленді, оларды іске асыру мерзімі 10 және одан да көп жылды құрайды. Бұл ет және сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, суармалы жерлерді дамыту бағдарламалары. Сонымен қатар Мемлекеттік бағдарлама аясында саланы цифрландыруға, техникалық реттеуге, ауылдық аумақтарды дамыту және салық салу мәселелері қарастырылатын болады. Жалпы Мемлекеттік бағдарламада 10 міндетті орындау көзделген. Бұл — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржыландырудың қолжетімділігі, тиімді салық салу, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, нарықтарға қол жеткізу және экспортты дамыту, аграрлы ғылым, техникалық жабдықтау мен өндірісті жандандыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен цифрландыру, ауылдық жерлерді дамыту. Осылайша, мемлекеттік бағдарлама агроөнеркәсіптік кешен салаларын дамытудың негізгі шарттарын қамтамасыз етеді».
Естеріңізде болса таяуда ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында, ауыл шаруашы-лығы саласындағы байқалып жатқан оң өзгерістер мен молайған өнім мөлшері туралы жылы пікірлер айтылған болатын. Сол сандық мәліметтер де кезекті жиналыста сала басшысының тікелей баяндамасынан көрініс тапты. Ауыл шаруашылығы саласы Қазақстандағы маңызды сала. Әрине, қол жеткізген табыстардың көңіл қуантатыны шындық. Дейтұрғанмен бұл саладағы шешімін таппай тұрған проблемалар да шаш етектен деуге болады. Қашанда ауылдың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауды назардан тыс қалдырмайтын «QAZAQSTAN ZAMANY» газеті ондай тақырыптарды назардан тыс қалдырған емес. Дихандардың  мысын құртып отырған тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникалары мен АШӨ-дерінің делдалсыз саудаға салынуы, АШӨ саудалаумен айналысатын монополистердің өз пайдалары үшін ауылдағы өндірілген өнімдердің еркін саудаға шығуына қолдан кедергілер ұйымдастыруы сынды қыруар мәселе әлі күнге шешімін таппай келе жатқаны шындық. Мұнан тыс аталмыш саладағы жең ұшынан жалғасқан алаяқтардың мемлекеттен бөлінетін субсидияларға ауыз салуы «қағаз кооперативтер» арқылы төмен пайыздағы несиелерге қол жеткізіп отыруы сынды жағымсыз әрекеттері де түбегейлі тиылмай келеді. Ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру жұмысы жүзеге асырылатын болса, мұндай келеңсіздіктерге де тоқтату болар дейміз. Әзірге құрғақ жылаулардан гөрі жетістіктеріміздің де бар екенін біле жүрейік.

(13)