Жерді жалға беру иә сату — күллі әлемде ел мүддесінде ту етіп биікке қойылатын  ең өзекті мәселе. Оған ешбір адам немқұрайдылықпен қарай алмайды, әрине, егер елін-жерін сүйетін патриот жан болса. Аталған мәселеге қатысты өз ойын ортаға салған ҚСДП президиумы төрағасының орынбасары Айдар Әлібаевтың пікіріне құлақ түрсек.
«Соңғы кездері аталған мәселе біздің елде де өткір қойылып отыр. Оған халықтың шеруге шығулары мен сол жолда  біраз  белсенділердің билік қаһарына ұшырап, темір торға қамалуы дәлел. Біздің шенділер жерге қатысты мәселеде әлі күнге дейін нақты, анық көзқарас түзе алмай келеді. Біз Қытайдың стратегиялық мүддесі аймағына кіретін, оның қатаң бақылауында отырған құйттай ғана мемлекетпіз. Соған қарамастан қызыл аждаһа елін зерттеумен айналысатын бірде-бір институтымыз жоқ. Мұндай селсоқтық соңы өте қымбатқа түсіп, ертең бармағымыздың шайнауға тура келмесіне ешкім де кепілдік бере алмайды. Мәселеге осы қырынан келсек, әр елдің өз жерін екінші елдің компаниясына белгілі бір мерзімге жалға беруі әлемде кеңінен таралған тәжірибе, оған мысалдар жеткілікті. Бірақ бұл бізді тыныштандырмауы тиіс. Себебі, басқа бір елдің жерін уақыт өте келе сатып алу құқығымен жалға алуды ойлайтын БАӘ, Сауд Арабиясы сынды мемлекеттердің кешенді жоспарларының барлығы соған көз жеткізеді. Олардың назарынан Пәкстан мен Оңтүстік Кореядан бастап, Вьетнам, Австралия, Мысыр сынды елдер тыс қалмаған. Бүгіндері шығыстағы көршіміз Қытай аталған бағытта белсенді жұмыс істеуде. Мысалы, аспан асты елі қазіргі күні қара құр-лықтың  бас инвесторы болып отыр. Ресми Бейжің 2009 жылы артық шу шығармастан, пальма майын өндіру үшін Конгодан ұзақ мерзімге 3 миллион гектарға жуық жерді жалға алды.  Африка елдеріне инвестиция салу арқылы олар осы құрлықтан мыс, қорғасын, темір, боксит шикізаттарын шығарып әкетіп жатыр. Зимбабведе қытайлықтар лағыл (алмаз), платина, хром өндіреді. Бейжің үшін ең басты шикізат көзі, әлбетте, мұнай. Қытай оны Ангола, Нигерия, Орталық Африка республикасы мен Нигерден өндіруге құлшыныс танытуда. Соңғысының жер қойнауында уран қазбалары да бар. Қытайды қызықтыратын тағы бір байлық — жер. Мәселен, Қытай Эфиопиядан күріш өсіру үшін жер сатып алған. Олар бұл елден кеткенде арттарында құнарынан айырылып, әбден тозған жер қыртысы мен ауыр экологиялық салдар қалады. Қытайдың Африка елдерімен сауда-саттық айналымы 2013 жылы 210 миллиард долларды құрады. Ал ғасыр басында бұл көлем 10 млрд. доллар ғана болатын. 2014 жылы Қытай Нигер елімен құны 12 миллиард доллар тұратын келісімге отырды. Келісімге сай, Қытай ұзындығы 1400 шақырымдық жағалаулық темір жол құрылысын салады. Әлгі келісімде жобаны іске асыру үшін осы елге құны 4 млрд. доллар тұратын Қытайдың құрал-жабдықтарын әкелу де қарастырылған. Келісім 200 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Оның тең жартысынан астамы қытайлық болатыны анық. Қытайдың темір жол салу саясаты назар аудартарлық шара. Мәселен, Латын Америкасындағы «Екі мұхит» және Азиядағы «Жібек жолы» жобаларының өзі неге тұрады? Қытай компаниялары Ганада СЭС құрылысын салып бітірді. Экваторлық Гвинеяда конгресс-орталық пен стадион,  Кенияда құрлықтағы ең үлкен автобан, Анголада бүтін бір қаланы салып тастады. Қазір Алжирде ауқымды мешіт құрылысын салуда. Бұлар басқа жұрттарға белгілі жобалар ғана, назардан тыс қалғандары қаншама? Сарапшылар бағалауынша, XXI ғасырдың басында Қытай Африкаға 50 миллиард доллардан астам қаржы құйып үлгерген. Бейжің күллі әлем бойынша жылжымайтын мүліктер мен өндірістерді, жер мен инфрақұрылымдарды белсенді түрде сатып алуда. Оның қызығушылығын тудыратын аймақтар тізімінде АҚШ пен Еуропа, Латын Америкасы мен Таяу Шығыс елдері бар. Ernst Young дерегіне сәйкес, Қытайдың АҚШ-қа салған инвестиция көлемі 23,9 пайызға, Еуроодақ елдеріне — 70 пайызға артқан. Жыл қорытындысы бойынша, қытайлық инвесторлардың іс-әрекетінің географиясы 156 мемлекет пен аймақтарды қамтыған.

Оның Орталық Азия мен Ресейдегі мүддесі орасан

Қытайды үнемі қызықтыратын аймаққа Қазақстан бастаған бірқатар елдер кіреді: оларға Орталық Азия өңірі мен Ресей жатады.  Мәселен, сонау 1991 жыл Кеңес дәуірінде КСРО Қытайға 1500 шаршы шақырым жерін  беріп жіберді. 2004 жылы В.Путин Бейжіңде «Қос ел шекарасының Шығыс бөлігінде ресей-қытай мемлекеттік шекарасы туралы қосымша келісімге» қол қойды. Ол келісімге сәйкес, Ресейдің ерікті түрде Тарабарлар аралы мен Хабаровск аймағындағы Үлкен Уссурий және Чита облысындағы Большой аралдарын Қытайға беруі қарастырылған. 2015 жылы Забайкалье аймағының үкіметі Хуаэ Синьбан компаниясымен осы өңірдің 115 мың шаршы шақырым жері мен жайылымын 49 жылға жалға алу туралы хаттамаға қол қойды. Компания 24 миллиард рубль инвестиция құюға уәде берді. Жұмыс күші Қытайдан болады. 928 мың гектар жерді қытайлықтар 49 жылға жалдап, Забайкалье аймағының Могочинск ауданында Амазар ЦБК құрылысын салмақ. Қытайлардың Забайкалье жерінен жалға алған жерінің жалпы көлемі 1,84 млн. гектарды құрайды. Келісіміге сәйкес, шекараға тақау орналасқан орманның бәрі кесуге берілген. Ол жұмысты  қытай жұмысшылары  атқарады. Соның салдарынан кәсіптік аңдар түрлері мен балықтар жойылып, өңір экологиясына зор зиян келуде. Қиыр Шығыс пен Забайкальенің бірқатар аймақтарында ағаш дайындау саласында жұмыс істейтін қытайлық кейбір кәсіпкерлер қазіргі күні толық монополист болып алған. Ағашты қайта дайындаудан өткізу үшін құрылған базбір қытай-ресей мекемелері тек қағаз жүзінде ғана, шын мәнінде оларың қожайыны қытайлықтар. Ол аз десеңіз, Қытай үкіметі Ресейде өңделген ағашты сатып алуға тыйым салатын заң қабылдаған. Тек дайындалмаған ағаш өнімдері ғана сатып алынады. Ағаштар тиелген темір жол вагондары күндіз-түні Қытай бағытына қарай ағалып жатады. Бұған қоса, Ресей территориясында жұмыс істейтін қытайлық кәсіпорындар көп жағдайда орыс жағының заңдарын белінен басып, өз білгендерін істейді. Онда негізінен Қытай заңы үстемдікке ие.
Өндірістік территориялардың бәрінде қытайлықтар өздерінің мемлекеттік туын іліп, ақпараттық белгілерді қытай тілінде жазуға күш салады. ҚХР-дың Мемлекеттік Кеңесінің ашық жарнамалана бермейтін «Жұмыспен қамту мәселесін әрі қарай тұрақтандыру мен жұмыс ресурстарын бөлуге қатысты шаралар туралы» қаулысында басты күш-қуат жұмыс күштерін Солтүстік-Шығыс Қытайдан шекараға таяу орналасқан, адамдар аз қоныстанған Ресейдің ауыл шаруашылығы аудандарына экспорттауды кеңейтуге бағытталуы тиістігі атап көрсетілген. Қытай ұйымдарына қытай жұмыс күштерін маусымдықтан жыл бойғы тұрақты келісімшартқа ауыстыру мүмкіндігін қарастыру жүктелген. Бұл кезде жерді жалға алып, Қытай азаматтарына жайлы қоныстануына жағдай жасауға маңызды мән беріледі. Соған қарағанда, Забайкалье аймағы билігінің орыстың мыңдаған гектар жерін 49 жылға жалға беруге ниет білдіруі шын мәнінде ҚХР Мемлкеттік Кеңесінің қаулысын орындап отырғанын көрсетсе керек. 2014 жылдың 31 желтоқсанында президент В.Путин алды орап даму терриоториясын (ТОР — АДУ) құру туралы жарлыққа қол қойды. Содан сәлден кейін үкімет басшысы Д.Медведев алғашқы үш территорияның анықталғанын мақтанышпен мәлімдеді. Олар — Хабаровск және Приморье аймақтары. Әлгі АДУ-ларда ресейлік заңдарға шектеу қойылып,. жергілікті өзін-өзі басқару алынып тасталады. Аталған заңға сәйкес, әлгі территориялар әрі қарай сатып алу құқығымен 70 жылға шетелдік компанияларға жалға беріледі. Шетелдік жұмысшылардан жұмысқа кіруге рұқсат талап етілмейді, шетелдік жұмыс күштерін әкелуге шектеу қойылмайды, еркін кедендік аймақ енгізіліп, басқарушы компанияның ұсынысы бойынша Ресей азаматтарынан жер телімдері мен онда орналасқан жылжымайтын мүлік нысандарын алуға рұқсат беріледі. Бұған қоса шетелдіктерге минералдарды, көмірсутегі өнімдерін сыртқа алып кетуге, орманды кесуге, балық аулауға, шығынның орнын толтырмастан кез келген мөлшерде жануарларды атып алуға мүмкіндік берілген. АДУ резиденттері төмендетілген тарифпен қамсыздандыру жарналарын төлейді. Мұның бәрі алды орап даму территориясымен түсіндіріледі. Шын мәнінде, бұл енді қытайлықтарға Ресей территориясына енуге, өз еліне табиғи ресурстарды алып кетуге  ешқандай шектеу қойылмайды дегенді білдірсе керек.

Бұл шүршіттің сандырағы ма, әлде…

Қытай өзіне көрші қоныстанған мемлекеттермен шекараны демаркациялау мәселесінде өзін өте менмен ұстайды. Қытайға салса, оның көршілеріне деген территориялық талап-тілегі ұшан-теңіз. Мәселен, оның Үндістанмен, Вьетнаммен, Филиппинмен, Малайзиямен территориялық келіспеушіліктері бар. Жақында Қытайдың сыртқы істер министрлігі Оңтүстік-Қытай теңізіндегі Наньша архипелагында (Спратли) жасанды аралдар салу құрылысы бітіп қалды деген мәлімдеме жасады. Осылайша Қытай өз территориясын 8 шаршы шақырымға ұлғайтты, ол әскери және азаматтық нысандар құрылысын салуға пайдаланылмақ. Ал, Спратли архипелагы — даулы жер, одан ҚХР-дан басқа Вьетнам, Малайзия, Бруней, Тайвань және Филиппин елдері де дәмелі. Соған қарағанда Қытай инициативаны қолдан шығармай, аталған аймақта өз дегенін істейтін сияқты. Шекараны демаркациялау кезінде Қытайға Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мен Қазақстан да өз жерлерін берді. Бұрынғы КСРО-ның мыңдаған шаршы шақырым жері осылайша ҚХР-ға өтті. Территориялық кикілжің туындаған кезде Қытай «кейінге шегерілген дау-дамай» әдісін қолданады. Бұл әдіс шекаралық-территориялық дауды екіжақты халықаралық қарым-қатынастар аясынан шығарып, Қытайға тиімді шарттар «пісіп-жетілгенге» дейін шегеріп, істің артын күтуге келіп саяды. Осылайша, Қытай соңғы 25 жыл ішінде Ресейден бір жарым ғасыр бойы ала алмай келген көп жер телімін алды.  Ондай жағдай бізде де қайталануы әбден мүмкін.
Оған базбір қытайлық шенеуніктердің менменси сөйлеген пікірлері дәлел. Сондай қытайлық жас шенділердің бірінің қандас оралманға: «Қазақтардың мұншама зор территорияны иеленуге қақылары жоқ. Олар осыншама бай өлкені гүлдендіре алмаса, оның пайдасын көре алмаса, аспаннан салбырап түскен осыншама байлықты қалай пайдалануды білмесе, оған неге ие болуы керек? Жалпы, олардың болашағы жоқ, өйткені, өздерін өздері, балаларын, олардың болашақтарын  ұрлайды. Мұндай жағдай тіпті жануарлар дүниесінде кездеспейді. Олар өздерінің елдерін толығымен ұрлап-жырлап бітті. Көптеген нәрселер бірте-бірте біздікі бола бастады. Қазақтар тәуелсіздік жылдары тәуелсіз, экономикалық жағынан өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай күшті мемлекет құра алмағандықтарын көрсетті. Олар өздерін сырттан басқаруды қажетсінеді. Ерте ме, кеш пе, ондай басқаруды біз енгіземіз. Бұл процесс біртіндеп жүріп жатыр. Біз қазірдің өзінде әртүрлі кен орындарын, компанияларды, әртүрлі меншіктерді сатып алдық. Біздің иелігімізде біреуді біреудің орнына қою  мен үшінші бір тұлғалар арқылы алынған нәрселер көп. Бірақ біздің көрші елге енуіміздің ең басты фазасы біз алдымен қайтарылуы өте қиынға соғатын жүздеген миллиард доллар қарыз берген кезде басталады. Содан кейін біз оларға қысым көрсетіп, әр түрлі себептермен олардың жерлерін жалға не сатып алып, болмаса қарыз өтемі үшін алып аламыз, өйткені, қарыз көлемі ұлғая береді ғой. Ал ел ішінде бізге көмек көрсетуге тілек білдірушілер қашан да табылады, әсіресе, ақша үшін. Оның пайдасын көріп, оны дұрыс пайдалана алмаса, қазақтарға ол жер несіне керек?  Ал бізде жер әрқашан да жетіспейді. Ақшамен олардан көңілің қалағанның бәрін сатып алуға болады. Ол елдің шенеуніктерімен келіскен өте оңай, бағасы тиімді болса, олар туған анасын сатуға дайын. Оларға өзіңнің нені қалайтыныңды екі рет қайталап айтудың қажеті шамалы, бірден қағып алады. Олар ақшаның иісін жердің астынан болсын сезеді. Ал, бізге-қытайлықтарға бір кезде қолға түскеннен айырылу тән емес. Бізде ондай әдет жоқ. Тіпті болмаса, мәселені күшпен шешуге болады. Оның үстіне олар өздерінің ұланғайыр елін қорғауға дәрменсіз. Олардың әскері тек қарусыз адамдармен ғана шайқаса алады.
Айта кетейін, бұл процесс Ресейде толық қарқынмен жүріп жатыр. Біз орыстардан көп жерді жалға алдық. Аңқаулықты қойсаңшы. Олар жерді жалға бердік деп ойлайды. Шын мәнінде олар жерді мәңгілікке берді. Оларда да пайдаға аспай жатқан артық жерлер бар. Орыс шенділері де тез түсінгіш. Олар да ақшаны жақсы көреді. Сол үшін бәріне баруға дайын. Бірақ ақыр түбінде өздерін орға жығатын осы тойымсыздықтары, араны кеңдігі боларын олар түсінбейді. Ендеше, өз обалдары өздеріне»,— деп пәлсапа соққаны көз жеткізетін сынды. Мұндай сөзді жас қытайлық шендінің айтып отырғаны сандырақ болар. Дегенмен ойланбаса болмайды-ау. Ал Бейжіңдегі билік қабырғасында қандай сөздер айтылуы мұмкін? Жер жалға беріле ме, сатыла ма, бұл жерде ол емес, ең маңыздысы — бәске біздің қолымыздағы ең соңғы құндылығымыз — жеріміздің тігілу мүмкіндігінің қылаң беріп бой көрсетуі болып отыр. Осы соңғы шекті сызықтан аттап өтсек, онда қазақстандықтар өзінің төл елі мен жерінде шақырылмаған қонақ болуы әбден мүмкін. Бізді Құдай содан сақтасын!»— дейді. Саясаткер сөзінде мысқалдай болса да ақиқат дәні бар екенін ескерсек, арқаны кеңге салуға болмайтыны кәміл. Ендеше, ойланайық, ағайын… Аллам да «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген жоқ па?!

(18)