Өнегелі әулеттердің салтанатты шеруі

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы бесінші жыл өткізіліп келеді. Ауыл мен аудандардан бастау алатын осы сайыс биыл Атырау қаласында Салтанат сарайында ұйымдастырылды. Облыс бойынша сайысқа қатысқан отбасылар көп болды, солардың арасынан тек бірнеше әулеттің шаңырағы жарқырап биіктен көрінді. Салтанат сарайына жиналған оларды марапаттау салтанаты күтіп тұрған еді. Әрина бұл сайыстың өзіндік ережелері мен шарттары бар. Ең бастысы берекелі, өнегелі, салт дәстүрге берік, ұрпақ сабақтастығы мақтанышпен жалғасқан, жапырағы жайылған осы отбасылар Сарай ішін қуаныш пен шаттыққа толтырды. Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева ханым жеңімпаз әулеттерді бүгінгі жетістіктерімен құттықтады.
— «Мерейлі отбасы» байқауы Елбасының тапсырмасымен қолға алынып, жыл сайын елімізде өткізіліп келеді. Бес жыл бойы біз аймағымыздағы ең өнегелі жанұяларды насихаттап, үлгі етіп таныстырудамыз. Отбасы құндылықтарына тәрбиелеуде байқаудың  алатын орны ерекше. Кейінгі ұрпақ олардың өмір жолынан үлгі алып, жалғастырып қана қоймай, өздері де ізгілікті істерімен өнеге болуға ұмтылады. Алдағы уақытта да бұл байқау дәстүрлі іс-шараға айналып,  тәрбиелік маңызымен жас ұрпаққа өз жемісін береді», —  деді.
Салтанат кезінде үлгілі деп танылған сегіз отбасы жүлделі орындарға көтерілді. Байқау шартарына сай болған үш отбасы III-ші орын алды. Тағы да үш отбасы II-ші орынды иемденді. Байқауға белсенділікпен қатысқан бір топ жанұяға облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар табыс етілді. Үшінші, екінші орын алғандар: Құрманғазы ауданынан Ә.Ізжанов, Исатай ауданынан Ә.Зайдуллин, Мақат ауданынан Ж.Базарғалиев, Жылой ауданынан Н.Ақназаров, Қызылқоға ауданынан С.Таяшев, Махамбет ауданынан Н.Нұрғалиевтарға лайықты құрмет көрсетіліп, марапаттаулар жасалды.
Жеңімпаздар тұғырына көтерілуге барлық отбасылық құндылықтар дәрежесі сайма-сай келген, яғни ұлттық салт-дәстүрге берік, отбасы мүшелері адамгершілік пен адами қасиеттерді бойларына сіңіріп қана қоймай, айналаларына шуақ пен мейірім төгіп жүретіндігімен ерекшеленген екі әулет I-ші орынды жеңіп алды. Олар: Индер ауданынан Сүндет Тасқарин мен Атырау қаласынан Кәрім Бақриденовтің шаңырақтары. Бірінші орын алған әр отбасына Алматыдағы «Көктем» шипажайына демалып, сауығып қайтуға жолдама берілді.
— Алғаш сайыстардың аудандық және қалалық кезеңдері  өткен болатын. Облыстық кезеңіне 32 отбасының құжаттары ұсынылды. Облыстық комиссия аудандық комиссиялармен кеңесе отырып 16 отбасын таңдап алды. Қатысушы отбасылардың ішінде дәрігер, мұғалім, теміржолшы сияқты тағы да басқа түрлі-түрлі саладағы отбасылар да бар. Сайыста үздік деп танылған 8 отбасы марапатталды.  Қалған 8 отбасыға ынталандыру сыйлықтары берілді. 16 отбасының ішінен жеңіске жеткен 2 отбасыны республикалық кезеңге ұсынатын боламыз. Бірақ, арнайы комиссия қарап, біреуі ғана республикалық кезеңге өтетін болады, — дейді  Ішкі саясат басқарма басшысының орынбасары Злиха Тынысбекова.
Жеңімпаз болып танылғанТасқарин Сүндеттің отбасы шын мәнінде де облыс көлеміне жақсы танымал. Сүндет ағай  —  Ұлы Отан соғысының ардагері. Майданда 323-ші полктің комсомол комитетінің  бюро мүшесі болған,  согыстан аман оралған соң Есбол аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық кеңестің жауапты хатшысы, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, аудандық шикізат дайындау кеңсесінің директоры болып еңбек еткен. 1986 жылы зейнеткерлікке шыққан. Индер ауданының «Құрметті азаматы». Омырауында «Құрмет белгісі», «Еңбектегі ерлігі үшін» және көптеген төсбелгілер жарқырайды. Зайыбы Шайда  Беймұханова  2017 дүниеден өтіп кетті. Ол кісі де шаңырақ бақытының ұйытқысы болуымен қатар өмір жолында  білім және  мәдениет саласында қажырлы еңбек етіп, ауылдастарының құрметіне бөленген жан. Бүгінде отбасында  дүниеге келіп, өнегелі тәрбиеленген 5 баладан 7 немере, 17 жиен, 6 шөбере, 12 жиеншар тарап отыр. Балаларының бәрі де облыста әр салада адал еңбектерімен жетістікке көтеріліп, қоғамның дамуына зор үлес қосып келе жатқан еліміздің жігерлі азаматтары. Мысалы, қыздарының бірі Долорес Сүндетқызы Тасқарина Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы Кіші Өнер Академиясын ұзақ жылдар бойы басқарып, басқарушылық шеберлігімен білім ордасын биік табысқа көтерді. Мұнда тәрбиеленген өнерлі жас өрендер жыл сайын шетелдік сан байқаулардан шығармашылық жетістіктермен оралып, облыстың, еліміздің даңқын әлем алдында танытуда. Ал жоғары оқу орындарын аяқтағандары өнер биігінен көрінуде. Осындай еліне зор пайда келтіретін ұрпақ өсіріп, қанат қақтырған ата-анаға жасалатын құрмет «Мерейлі отбасы» байқауының маңыздылығы мен мәнін танытса керек.
Бірінші орыннан көрінген екінші отбасы Кәрім Бахриденовтерді атыраулықтар жақсы таниды. Кәрім ағайдың жасы биыл жетпістің жотасына көтеріліп, ұзақ жылдарғы еңбегінің жемісін жинап, шаңырақ шаттығына бөленуде. Көп жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдары саласында жемісті еңбек етті. Зейнет жасына жатсе де қол қусырып қарап отырмай аудармашы, қазақ тілі маманы, тілші болып бірнеше жұмыстарды қатар атқаруы еңбекқорлығы мен білімдарлығын танытады. Ол Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қазақ радиосының ардагері», бірнеше мерейтойлық медальдар мен төсбелгілермен, Құрмет Грамоталар, Алғыс хаттармен марапатталған. Кәрім ағай кішіпейіл, мейірімді, ақадал, бауырмал жан. Қашанда жомарттығымен, ақылшы ағалығымен, қонақжайлығымен көрші-көлем, ағайын-туыстың, әріптестерінің құрметіне бөленген. Отанасы Майра Жекебаеваның да мамандығы журналист. Облыстық «Атырау» газетінде еңбек жолын тілші болып бастап, кейіннен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында әлеуметтік бөлім басшысы болып қызмет етті. Қазіргі уақытта ардагер-зейнеткер ретінде ұжымдастарының арасында бедел биігінен көрініп, абыройлы ұрпағының рахатын қызықтауда. Бахриденовтер шаңырағында бес ұл-қыз өмір есігін ашып, ата-анасының қазақи тәрбиесімен қоғамның белсенді ұрпағы болып, қияға қанат қақты. Бәрі де өздері қалаған жоғары оқу орындарында оқып, маман иелері атанып, бүгінде бір-бір шаңырақтың иелері. Қызметтерінде танымал. Аяқтанған балаларынан 14 немере сүйіп, Кәрім ағай мен Майра апай бақытты ата мен әже атанып отыр.
Міне, Атырауда өткен «Мерейлі отбасы» байқауы өз жеңімпаздарын анықтады. Енді бұл екі шаңырақтың қайсысы еліміздің байқауында Атырау облысының мәртебесі үшін бақ сынайтынын республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық комиссиясының мүшелері анықтайды.
Светлана Муньянова

(26)