Садақаны жиналысқа айналдырмайық!

Кімнен болсын, қайдан болсын, көргенге көзақы сұрамай-ақ, кез келген нәрсені үйреніп ала қоятын болдық. Негізі бұлардың бәрін біреу бастап айтады, яғни шығарады. Оның дұрыс-бұрыстығына қарамай, сөздің байыбына да бармай, қазіргі жаңа тілмен айтсақ «қабылдай» беретін болдық. Бұрын «қабылдайды» деген сөзді біз білмейді екенбіз, енді жастардан үйреніп жүрміз.

Кейін 30-40 жылға шегініс жасап қарасақ, садақада осы үлкендер жағының айтып, өзіміздің көргеніміздей, дастарханды жерге жайып, жеті нан, бауырсақ, шақпақ шекер, печенье мен тәтті қойып, келгендер бір-екі аяқ шәйдан ауыз тиіп, еттен де ауыз тиіп, жаназасына қатысып, шығарып салысып кететін еді. Тып-тыныш. Көп уақыт та алмайды.
Қазірде садақада сөйлегендегі айтатын «алтын уақыттарын» қиып келіп отырғандар болмайды. Ана үйдің иелеріне көңілдерін айтып, жұбатып, қайғыларын жеңілдетіп қана кететін еді. Сол садақа бас-аяғы бір сағаттың шамасында аяқталатын. Өйткені адамдар келетін уақытта бәрін дайындап қойып, қасындағы көрші үйлерге бөліп жіберіп, артынан етті тарта қоятын. Енді ол кезден не өзгерді? Садақа жасауда не өзгерді? Садақа сол бұрынғы садақа. Ал адамдар оны  неге өзгертеді?
Бар, бәрі жеткілікті деп кез келген адам айта алмайды. Садақа жасауға ана жылдары бір қой таба алмаған үйді де көрдік. Қазір де ешкім, егерде жазатайым біреу қайтыс болып кетсе, садақа жасайтын шамасы жетпейді. Әйтеуір қазақтың тума-туысқандары қал-қадірлерінше қолдарындағы қаржыларын беріп, сонымен садақаны өткізіп жатыр. Жетпейтіні қазір көршілердің үйлеріне бөлмейді, ақшасы жетсе де, жетпесе де, ақшасы болмаса да, болса да кафеге жасайды. Өйткені «жұрттан ұят», «жұрт ертең айтады, сөз қылады». Міне, осы сөз денеміз бен миымызға әбден сіңіп кеткен. Ау, ақшасы болмаса қайтеді? Ешкім ертең өлем деп ақша жинамақ түгіл, тамағына шаққа жеткізіп отырғанда неге ұят болады? Бұны білмей отырған жоқ.
Бірде тоқсанға жақындаған қарттың қонақасы мен садақасына бардық. Барып, уағыз тыңдап, көп нәрсе үйреніп қайттық. Біз сонда садақаға уағыз тыңдайын деп барып па едік?
Енді уағызды тыңдау — сауап, әрі қажет екенін көпшілік біледі. Бірақ оны садақаға байланыстырмай-ақ қойса қайтеді, қазақтар-ау? Мешітте айтылып жатыр, басқа да арнайы кездесулерде айтылып жатыр. Ал керек адамның өзі мешітке барсын. Бар жерде айта беру міндетті емес шығар.
Сосын өткен жылы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы бекіткен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы жарық көрген болатын. Міне сол кітаптың 49-шы бетінде: «Ас беру кезінде жарыса тілек айту, сөз сөйлеу дұрыс па?» — деген сұраққа: «Ас үстінде ғибратты әңгімелер мен уағыздар айтылып, жұртты имандылыққа шақырған дұрыс. Құдайы асы той емес, жарыса сөз сөйлеу дұрыс емес», — делінген.
Былтырдан бергі өткізіп жатқан садақалар ҚМДБ-ның шығарған пәтуасына сай өткізілуде. Жұрт үйреніп келеді. Қарапайым дастархан жайып, садақа өткізіп жатыр. Енді осының бәрін бір қалыпқа келтіруге болады екен.

Мұқанбетулла КЕМЕР, журналист,
Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласы

(41)