«Ер» сөзін қазақ қалай түсінген?

«Ер мінезді екен», «ер бала сияқты» деген сөз тіркестерін өмірде жиі естіп жатамыз. Осы сөздерді айтқанда ең алдымен сіздің көзіңізге өзін ер балаша ұстайтын, қылықтарын былай қойғанда, киінуінің өзі нәзік жандының болмысына келмейтін немесе иіліп, жымиюдың орнына ер балалармен жарыса доп қуалаған аруды ғана көз алдыңызға елестетеріңіз сөзсіз.

Бірақ біз осы сөздің түп-төркініне үңіліп жүрміз бе және «ер» деген кім, оны ата-бабаларымыз кімге арнап қолданған?
Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты романындағы соғысқа аттанып, кейін хабар-ошарсыз кеткен Заман атты кейіпкер есіңізде ме? Сол Заманның «Ер мінезді, ер көңілді менің Танамдай қыз жоқ» деп жан досы Ерболға сыр шерткен тұсы қыз болмысының кіршіксіз тазалығы мен әсемдігін, адалдығын жігіттің махаббаты арқылы астарлап жеткізіп тұрған секілді. Демек, Тана көз тартар көрікті ғана емес, сөзі мен ісі сәйкес келген, айтар сөзіне берік, басар қадамына жауапты, көңілі жайдары  қыз болғаны.
Кейін Заманның тірі екенін, қиындыққа тап болғанын естіген Тананың оқу мен өмірден қызық көрмей, тәтті де қайтып келмес студенттік шағын құрбан етіп, ойланбастан қиян шеттегі Свердловскіге аттанамын деген шешіміне разы болған Ербол:
«Ер екенсің ғой, айналайын!» — деп іштей қуанады.
Бұл қазақ шығармаларының бірінен келтірілген аз ғана мысал.
Осы тұста кейіпкердің прототипі қыз жақтаған нағыз жігіттің болмысына сыйып кетеді дегенге кім қарсы уәж айта алады.
Ал сөзіне, ісіне жауапты, бастаған ісін аяқтайтын, екі сөйлемейтін, көңілі жомарт, артық сөзге бармайтын, қайсар… айта берсе, тауысып бітпейтін жігіт атаулысының портреті әр қыздың арманы, жолымда кездесіп, маған мәңгі серік болса деп тілейтін жанның бейнесі.
Міне, қаламы қарыштаған ұлы жазушыларымыз Танадай сұлуларды ер болмысымен парапар суреттеді. Себебі ықылым заманнан қазақ «ер» деген сөзді еркек болып туылған жігіт атаулысына  ғана емес, жоғарыда сөзге тиек болған барлық қасиеттерді бойына сіңіре білген барша нәзік жандыларға қолданып, сөздік қорымызға керемет теңеу қалдырып кетті.
Айтар ойымды тиянақтай түсу үшін абайтанушы Омар Жәлелұлының сұхбатынан үзінді ұсынғым келеді:
— «Еркек» деген сөз жыныстық атауды ғана береді. Қазақтар «еркек»  және «ұрғашы» деген. Ал «ер» деген сөз бар.  Абай бір қызығы, «еркек» деген сөзді қолданып отырған жоқ. Абайда бірде-бір «еркек» деген сөз жоқ. «Ер» деген сөз бар. Кешегі өткен ер Әбіш, ер табылса жарайды.
Абай ерге мұқтаж болып отыр. Біз қолданып жүрген еркеккіндік, ұрғашы «жыныстық» атау, ал ер деген «рухани» атау екен.
Шәкәрім атамыз айтады:

Басында жан мен дене екі басқа,
Жан шыдап тұра алмайды қозғалмасқа.
Дене сауыт сықылды жанның орны,
Оған да күту керек бұзылмасқа

Ал енді сипатталық көңілді біз,
Ескеріп бұл сөзімді жақсы ұғыңыз.
Жан мен дене-қосылған ерлі-қатын,
Екеуінен туады көңіліміз, — дейді.

Біздің «ер» деп жүргеніміз — рух, «қатын» деп жүргеніміз — дене. Екеуінің некесінен көңіл туады. Сондықтан ер деген сөз ұрғашыға да, еркекке де қатысты айтылады. Бірсөзді, айтқан сөзінде тұратын ұрғашыны қазақта «ер мінезді әйел» дейді. Тағы бір сөзінде өз бойын билеп, нәпсісін ақылға жендіре білген адамды қазақ «ер» деп таныған, — дейді.
Расымен, сөзді лексикамызда қайта әкеліп, орнымен қолдана білсек, өзгені де, өзімізді де таныр едік.
Ең бастысы, «гендерлік саясат», «әйел мен еркектің төрден алар орны теңелсін» деп атойлап тұрған қоғамда қазақылығымдан адасып, салт-дәстүрімізден жаңылып, «міне мен ермін», «бүгінгінің заманауи ханымымын» деп, ерлеріміз бен аға-інілеріміздің жолына кесе көлденең кесіп өтуден алшақ болайық, арулар. Табиғаттың заңдылығымен ер адам бәрібір бізден мықты, оларға иілу, төмен тұру, қауқарсыз болу тағы да біздің болмысымыз. Ер атағы бір еркектен асып түсер тірлік жасап, қайсар мінез танытсақ та  ер-азаматың  абыройын өзінен төмен түсіртпейтін, қашан да ошақ қасынан табыла білетін, арамдығымен емес, ақылдылығымен, айлакерлігімен өз беделін төмендетпейтін болмысымызға берілсін.

Сәттібаева Гүлзат

(74)