Асхат Сұрауов: «Арнайы инвестиция салынған стартаптар бір жылға жетпей жабылады»

Асхат Сұрауов — «Stroymax» құрылыс компаниясының негізін салушылардың бірі. Бүгінде аталмыш компанияда IT бөлімінің жетекшісі. Интернет-маркетинг саласында  8  жылдай уақыттан бері қызмет етеді.

— Интернет-жарнамамен айналысасыз. Тенденция қайда кетіп барады?
— Интернет-жарнама жылдан жылға өсуде. Газетті қоя беріңіз, телерадиодағы жарнама жылдан-жылға төмендеп жатыр. Билбордтардың өзінде жарнама аз қазір. Барлығы интернет-жарнамаға жүгінеді. Бірінші орында сөзсіз google. Фейсбук, инcтаграм, уатсап бір компания болып есептелінеді. Одан кейін yandex т.б.  Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Алыс-жақын шетелден қарап, болжам жасауға болады.
— Интернет-жарнаманы жерлестеріміз қалай пайдаланып жүр?
— Қазақстанның ерекшелігі — халық саны өте аз. Интернетті телефон арқылы қолданатын адам саны да аз. Google шамамен 8 млн. адам интернет қолданады деп есептейді.  Интернеттің дамуына басты фактор — оның жылдамдығы. Біздегі интернетті өзіңіз білесіз. Үлкен қалаларда интернет жылдамдығы жақсы деп бағаласақ, қаланың шет жақтарында оның жылдамдығы төмен. Ауыл-аймақты айтпайық-ақ қояйық.  Қазіргі уақытта интернетте жарнама берудің жолдары өте көп.  Google-дан бөлек кез келген желінің жарнама беру тетігі бар. Аудиторияның  ауқымын кеңейту үшін, сіздің өніміңіз тұтынушыға бірінші болып жету үшін ақша алады. Жарнама қымбаттаған кезде, адамдар жарнама сатып алуға бет бұрады. Бүгіндері әншілер, әртістер, блогерлер бір-бір БАҚ  ретінде, канал ретінде жарнамамен ақша табады. Бұл каналдың басқалардан ерекшелігі адамның рөлі бар. Жарнамада ұсыныс маңызды рөл ойнайды.  Мұндай жарнаманың конверциясы да жоғары болады. Әлемде телеарналардың барлығы youtube каналын ашып, әлеуметтік желіде live-трансляция жасайды. Бұрын телеарналардағы кез келген бағдарламаның, киноның басы, ортасы, соңында жарнама жүруші еді. Осы тенденция қазір youtube-те жиі қолданалады. Демек, сұраныс бар, ол күн сайын артып келеді.
— Қазіргі таңда жарнаманы сатып алушы ретінде интернеттегі қазақ сегментінің, қазақ аудиториясының деңгейі қандай?
— Біз жалпы Қазақстандағы интернет қолданушыларды аз деп отырмыз. Оның ішіндегі қазақ сегментінің жағдайын айтпаса да түсінікті шығар. Бірлі-жарым сайт болмаса, жалпы қазақ сайттары үшін жарнама сату қиын.
— Қазақстанда IT саласы неліктен баяу дамуда? Біреулер тіпті оны латын әліпбиімен байланыстырып отыр.
— Қазақ  IT мамандары өте жақсы стартаптар жасайды. Идеялары керемет! Алайда тұтынушы аз болғандықтан, стартаптар діттеген  мақсатына жете алмайды. Тұтынушының аздығы IT саласының дамуына кері әсер ететін басты фактор. Екіншіден, ЖОО-да оқытып жатқан IT саласының оқыту бағдарламасы нарыққа ілесе алмай келеді. Кеше nokia болса, бүгін Iphone. Кеше opera, mozila секілді браузерлер болса, бүгін google chrome дегендей. Технология күн сайын өзгеріп жатыр.  Ертең не боларын ешкім білмейді. Білім беру бағдарламасы жыл сайын өзгеріп тұру керек. Тек ЖОО-да ғана емес, мектептің бағдарламасы жыл сайын өзгеріп отырғаны жөн. IT мамандарына сала таңдау жағынан дұрыс бағыт-бағдар берілмейді. «Бағдарламалау жүйесін» деп жалпы оқытады. Көп жағдайда IT мамандары нарық сұранысына жауап беру үшін өздігінен үйренеді. Нарықты дұрыс білу — сұранысқа сай жұмыс істеу. Көптеген IT мамандары уақытын, күш-жігерін жұмсап, өнім шығарады. Өнім дайын болған кезде, нарыққа қажеті болмай жатады. Инвеcтициялық конкурстарды жеңіп алған, арнайы инвестиция салынған стартаптар бір жылға жетпей жабылып жатыр.
— Не себепті?
— Бірінші кезекте IT мамандары бизнесмен емес. Кез келген өнім бизнеске байланысты алып сатудан тұрады. IT мамандарының өнімі де сондай. Біреуі қызметін сатады, енді біреуі тауарын сатады немесе сатушы мен тұтынушының арасында делдал секілді қызмет көрсететін қосымшалар жасап сатады. Нарықты дұрыс өлшей білмеу  бизнесіңнің жүріп кетуіне кедергі келтіреді.
— Қандай  шешу жолдарын ұсынар едіңіз?
— Мұның бірінші кезекте адамдарды жалпылай білім емес, тар шеңберде білім алуға, арнайы жекелеген салаларды жоғары деңгейде меңгеруге бағыттау қажет. Мысалы,  IT-дің бір саласы Web-бағдарламалауды Php бағдарламалаушы, Рython бағдараламалаушы деп бөлуге болады. Мемлекет бізге қандай мамандықтардың қажет екенін елдегі компаниялармен ақылдаса отырып реттеуі керек, соған байланысты оқу грантын белгілеуі қажет. Мемлекет білікті, сұранысқа ие мамандар мәселесін шешуде аналитикалық құрал  Headhunter-лермен жұмыс істесе дейміз. Оларда арнайы статистика бар. Бірде-бір университет, арнайы курстар болсын, интернет-жарнаманы үйретпейді. Осы саламен 8 жылдай уақыт айналысып келемін. Тенденция күн сайын өзгереді. Интернеттегі жарнаманы күн сайын жіті бақылап, тұтынушыны баурап алатын жарнамалардың мазмұнын, қыр-сырын меңгеріп отырмасам,  көштен қалып кетуім мүмкін.
— Қазақстанда өзіңіз айтып отырған талаптарға сай, IT саласы бойынша заманауи білім беретін қандай ЖОО-ны атар едіңіз?
— 4 топ университетті атар едім:  SDU  (Сулейман Демирел университеті), МУИТ (Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті), Назарбаев университеті, ҚБТУ (Қазақ-Британ техникалық университеті). Бұл ЖОО бітірген студенттер IT саласы бойынша сұранысқа ие.
— ҰБТ келе жатыр. Жас түлектерге қандай ақыл-кеңесіңізді берер едіңіз?
— IT өте қызық сала. Таза жұмыс. Бәсекелестік аздау, ал мүмкіндік жоғары. Мектепте математика мен физиканы жақсы оқыған түлек IT  саласын меңгеріп кете алады.   Бұл салада ақша өте көп. Кез келген түлек баратын мамандыққа барудың қажеті жоқ.  Мысалы, Headhunter-ден бухгалтер деп іздесек,  жаңа бітірген студентті ала ма, әлде 10 жылдық еңбек өтілі бар адамды ала ма? Бүгінгі статистика соны көрсетеді. Университеттің 1-курсында оқып жүрген студенттерге айтарым, қазірден бастап тегін болса да, IT компанияларда жұмыс істей беру керек. Біліміңіз бен білігіңіз жетіп тұрса, сізге 2-3 айдан кейін ақша төлей бастайды. Ең бастысы сіз тәжірибе жинақтайсыз, теориялық біліміңізді практикада шындайсыз.
— Сұхбат бергеніңізге рақмет!  Сұхбат демеушісі еліміздегі ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші компаниялардың бірі — «BUGIN GROUP» компаниясы.

Сұхбаттасқан —
Бауыржан Карипов

(21)