Ар айнасы немесе кемелділік өлшемі немен өлшенеді?

Көзі де, құлағы да төртеу жан

Ғылыми атақты Рахымжан ұстаздық қызметін атқара жүріп қорғаған, жанкешті еңбектің адамы. Кісілік келбеті, адами зор қасиеттерімен білімгерлерге де, қатар жүрген оқытушы — профессорлар құрамына да сыйлы. Бізше, Рахымжан тәрізді білім мен ғылымда жоғарғы нәтижелерге жетіп жүрген, жоғары оқу орындарында ұзақ жылдар дәріс оқып, заман талабына сай кәсіби мамандар тәрбиелеп шығарған, қоғамдық қызметтерді атқаруда алдына жан салмайтын елгезек, принципшіл, сергек сана иесі, ғалым-ұстаз, алдыңғы лектегі зиялы қауымға «толық адам» ұғымына сай келері хақ. Рахаң Әйтеке бидің оқымыстыға қоятын талабына толық жауап береді. «Оқымысты адамның, — дейді Әйтеке би, кереметі сол — көзі де, құлағы да төртеу болады. Надан болып жұмақта қажығанша, білімді болып тозақта жүрген жақсы». Айталық, Рахымжанның университетте дәріс беретін пәндерінің қатары қомақты, қатпары қалың, мазмұны тұңғиық, қарастыратын мәселелерінің күрмеуі шиеленген. Қараңыз, «Қазақ әдебиетінің тарихы» (XV-XVII ғғ.), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1920-1940 жж.), «Ақын-жыраулар поэзиясның көркемдік әлемі», «Жыраулар поэзиясындағы фольклорлық дәстүрі», «Ғылыми-зерттеуді ұйымдастыру» пәндеріне қосымша «Ж.Аймауытұлы», «С.Мұқанов», «Қазіргі әдеби процесс» атты арнаулы курстардың атауынан-ақ ойнаумен емес, ойлаумен тізгінін ұстатарына, шақшадай басың шарадай боларына иманың куә. Сондықтан ұстаз-ғалым білімгерлеріне оқитын дәрістерінде тақырып табиғатына, мазмұн-мұратына, рухани-танымдық қырларын ашуға күш салады. Оқу-тәрбие процесінде ақпараттық жүйе, дәйек пен дерек көздерінің жеткіліктілігіне баса көңіл аударып, рухани жаңғыру бағдарламасының стратегиялық мұрат-міндеттерімен табиғи ұштастырудың әдістерін тиімді жүзеге асыруға бесаспап.
Профессор Р.С.Тұрысбек қоғамдық, ғылыми-зерттеу жұмыстарына да белсене араласады. Университет, факультет деңгейінде ұйымдастырылған халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференцияларды жібермей қатысып, баяндамалар жасап, жоғары деңгейде өтуіне үлкен үлес қосып жүр. Рахымжан — нағыз еңбекторысының өзі. Оқу процесінде болып жататын тосын өзгерістерді де жатырқамай, дер кезінде сергектікпен үн қатып, кілтипанына қанығып, оның еш бөгетсіз арнасын тауып, көптің жатырқамай қабылдауына шарапаты тиіп жүрген сергек сананың иесі. Жаңа оқу бағдарламаларының тың талабын ескере отырып, оның көптеген жинақ, оқулықтарды құрастырып, хрестоматияларды әзірлеуге, пәндер негізінде тест сұрақтарын қамтамасыз етуге де қосқан үлесі қомақты. Оны ол азаматтық борышы, патриоттық парызына, «ұстаздық еткен жалықпасқа» балайды.

«Мидың мың градустық домнасынан» шыққан…

Кеңпейіл, сабырлы да салмақты Рахымжан — оқырмандар, өзі ортасында жүрген студенттер қауымын шығармашылық өнерге баулуға, қабілеттерін ашып, өнерге құлшындыруға, сұлулыққа құмарлығын оятып, эстетикалық талғамын жетілдіруге құштар. Мұнда қарапайымдылық қанына сіңген, нағыз кәсіпқой адамның өз мамандығына деген шынайы құрметі, рухани аңсары, адамгершілік тұрлаулылығы жатыр. Осы мұраттың жетегіндегі Рахымжан, М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтында қызмет атқарып жүрген шақта қалалық оқырмандарды қамтыған «Әдеби бейсенбілікке» жетекшілік-ұстаздық етсе, әл-Фараби атындағы ҚҰУ-де М.Әуезов атындағы әдеби бірлестікке, 2005 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ауысып келгелі бері М.Жұмабаев атындағы әдеби бірлестікке жетекші-ұстаз және «Алқа» студенттер клубына басшы-ұстаздық етіп, ұлттық руханияттың нәрімен жастардың шөлін қандыруға, ұлттық дәстүрдің сүбе мәселелерін саналарына сіңіруге маңдай терін төгуден ләззат алып жүр. Рахымжан аудиториядан тыс кезде қоғамдық негізде өткізілетін бірлестіктер мен клубтардың жұмысы болашақ руханият қызметкерлерін әзірлеуде аса маңызды, қажет, сауапты бастамаға жататынын, оның керек десеңіз, жалпыхалықтық мәні барын ескеріп, осындай іс-шаралардың бел ортасында жүретін, «желекті найзаның жебесі, Семсердің сегіз қырлы селебесі» (С.Мәуленов) Б.Мекішевпен бірге «Достық мектебі» атты кітап жазып, өнерге бейім жастарымыз рухани-эстетикалық әлемнің саумал самалын сезініп, жан рахатына бөленіп, сұлулықтан сыр тартуға мүмкіндік жасаған. Тағылымы мол еңбекте Қазақ ұлттық университетінде іргесі қаланған (1965) «Жеті муза» қоғамының, кейін тынысы кеңи келе Алматы қаласы жастарының басын қосқан бірден-бір Мәдени Орда мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтындағы «Қыз Жібек» атты эстетикалық клубтың игілікті істерін, оның жантебірентерлік мазмұны, рухы, ұйымдастыру технологиясын шешен тілмен романтикалық сазын келістіре әсерлі баяндап береді. Қараңызшы, «Қыз Жібек» клубы аяқты қалай-қалай басады: «Рафаэль Санти» «Әйел бейнесі — өнерде», «Біз өнерді сүйеміз» тәрізді көрмелер; «Өнердің қай түрін ұнатасың?», «Өмір мен өнер — егіз», «Сөйлеу мәдениеті мен модалар», «Би өнері» мен «Косметика, киім үлгілері және сыйластық» атты пікірталастар; дөңгелек стол маслихаттары; көркем сөз алыптары мен өнер тарландары, Еңбек Ерлерімен өткен тағылымы мол кештердің студенттер үшін ғана емес, күллі ұрпақ тәрбиесіне ауадай қажеттігін, «Жеті музаның» интеллектуалдық сипатын авторлар естен шығармайды.
Рахымжан ғылым жолындағы іздену азаптарын да, шабыт рахатын да бастан кешіп жүргені жұрттың көз алдында. Жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай: «Тұлғаларды мойындайсың! Мойындамағансуға да болады, бірақ түбінде еңбегі мойындатады. Олардың артында қалатын сол еңбегі», — деп «тұлғалықты» да сыйлаттыра, еліңді де емірендіріп, артыңда өшпес ізіңді қалдыратын, талантыңа тар пейілін көлденең тосқандардың көмейіне құм құятын да «мидың мың градустық домнасынан» шыққан ғылыми еңбектерің. Бұл жағынан да Рахаңның қаламы құтты. «Достық мектебі» (1989), «Дүниетаным және шығармашылық» (1993), «Көркемдік таным» (1995), «Сөз сарасы» (1996), «Жүсіпбек» (1997), «Жүсіпбек Аймауытұлы және 20-жылдардағы қазақ прозасы» (1998), «Ар айнасы» (бірінші томы — 2000 ж., екінші томы — 2001 ж.), «Қазақ әдебиеті: 1920-1940 ж.ж.» (2002), «Ж.Аймауытұлының әсемдік әлемі» (2003), «Парыз бен парасат» (2003), «Жазушы еңбегі және шығармашылық» (2004), «Ә.Нұршайықовтың шығармашылық мұрасы» (2005), «Асыл сөз» (2006), «Ұлт мұраты және руханият мәселелері» (2008), «Тарих. Таным. Тағлым» (2008), «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеті» (2010), «Авторлық ұстаным һәм көркемдік мұрат» (2011), «Қазіргі қазақ әдебиеті» (2012) және «Қазақ билері», «Бес арыс», «Бес бәйтерек» атты құрастырған жинақтарын да айтып өткенді орынды санадық. Тек Рахаңның жарық көрген туындыларын саралап шыққанда, авторға құлаққағыс етеріміз, оқырманның назасына қалмау үшін бір кітабыңызда жарияланған еңбектеріңізді кейбір «жаңа басылымдарыңызда» қайталап бастыруға; қолданылған әдебиеттерді үстемелеп тізіп беруден; 500-ден астам жарияланған мақалаларыңыздың тізімін кітап сайын қосымша қайталап ұсынудан; айтып отырған ойыңызды күшейтіп, логикалық тұжырымыңызды бекітіп, тұздықтай түсу барысында басқа авторлардан үзінді, дәйексөздерді ұзақ-ұзақ көлемде алудан да сақтанған абзал.
«Сөз сарасы» кітабы бырыңғай әдеби-ғылыми мақалалардан тұрады. Онда объектіге алынып отырған шығармашылық иелері, ұлт мақтаныштары, сөз өнерінің танымал тұлғалары — Абай, Жамбыл, Бөлтірік шешен, Махамбет, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ғ.Мүсірепов, Д.Қонаев, Ш.Смаханұлы, Ж.Дәдебаев, К.Ахметова т.б. өмірі мен қызметі, шығармашылық зертханалары хақындағы ойлары, дәлел-дерегі, талғау тереңдігімен көңілге жылылық ұялатады.
Рахымжан Тұрысбектің басты ғылыми еңбегі — «Жүсіпбек» монографиясы. Ол екі бөлім, алты тарауға жоспарланыпты. Алғашқы бөлімінде қаламгердің өлең, әңгіме, роман, пьесалары талданса, екінші бөлімінде ұлт мүддесі жанын сыздатқан үлкен жүректі, сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі Ж.Аймауытовың сұңғыла, ізгі жүректі ағартушы, қай салада да өзіне қажетті ракурстан табылатын үлкен әдебиетші, жантану саласынан ғұлама ғалым екендігін дәлелдейтін «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі мен өнер таңдау», «Комплекспен оқыту жолдары», «Жаңа ауыл» туындыларын Рахымжан тұлпарлардың әр қимыл, әрекетін, денеқұбылысын жіті бағып, амалынан алғы күнгі дүлей қимылының нәтижесін көріпкелдікпен болжайтын Кей-Қауыс, Киікбай, Күреңбай сыншылардай талдап, ой таразысына тартып береді.
Рахымжан сондай-ақ Жүсіпбек Аймауытовтың әңгімелері, «Күнікейдің жазығы» повесі, «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Шернияз», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар», «Сылаң қыз» пьесаларын қарастыру барысында көркем дүниелерінің сезіммен, ішкі тебіреніспен астасып, жататынын; өмірдің жанды бейнесін ой елегінен мұқият өткізетін жазушының биік интеллектуалдық көзқарасының нәтижесі шындықтың әдеби, эстетикалық, қоғамдық тұрғыдағы өзгеше таным қуатына тәуелділігін; ауыр заманның сұсты кейпінің понорамасын көз алдына елестетуіне туындының идеялық, көркемдік тұтастығын берік өріп, жанрлық және стильдік синтезді қалай шеберлікпен жүзеге асыратынын, осылардың бәрін құнарландырып, айын оңынан, жұлдызын соңынан тудыратын тілдік реликтілерді «настоящий гиганттың» (И.Тургенев) қалай қолданғанына дейін профессор Р.Тұрысбек тамыр-тереңіне бойлай, құпияны ашқаны сүйсінерлік құбылыс.
Рахаңның «Ар айнасы» атты әдеби-сын, зерттеу еңбегіндегі «Сұхбаттар» бөліміне енген «Ақиқат алдында», «Әдебиет тарихы — халық зердесі», «Парасат пен саясат», «Жазушы еңбегі: өмір мен өнеге» атты сұхбатқа құрылған материалдары оның ұлттық сөз өнерінің нағыз жанашыры, жоқтаушысы санатында нәрлі де сырлы, кәделі ойларды әдеби-ғылыми қауымға, ойлы оқырманға талғам-таным таразысына салып, байыпты саралап, оралымды тілмен жеткізе білудің жарқын көрінісі. Онда ол құлағына қол апарғызбай жүрген, шешілуі қиын мәселелер — әдебиет ел мүддесін, жұрт мұратын бірінші орынға қоятыны, эстетикалық жүйе, көркемдік тәжірибе, әлеуметтік-халықтық тенденциялар, көркемдік дәстүрлер, сөздік, образдық бейнелеу құралдары, өлшем-өрнектері, суреткердің өзіндік қолтаңбасы тәрізді тұғырнамалық мәселелерді алдыңғы қатарға қоя, ыждаһаттылықпен жауап іздейді.
Қазіргі шақта кітап шығару нарықтың меншігіне өтіп, рухани құндылықтардың қадірі қашқан, оқырмандар «кітаптан безген», қабағына мұз қатқан заманда, таным тоқырап, зерттеу арнасы тартыла бастағанда да Рахымжан Тұрысбек әдебиеттануға амал дос болмай, адал достығына кір шалдырмады. Соның бірі — көп қарастырылған Абайтануға қайтып оралуы. Ол алтын шыққан жерді белден қазып, әлі де әдебиеттанудың пайғамбарлары мен шадиярларының соқасы тайыз қарпып, ырысын, қаймағын қалқып ала алмай кеткен қарасөздерінің қыртысына қайта түренін салады. Ондағы ұлы ақын, энциклопедиялық білімді өз бетімен ізденіп бойына жинақтаған ғұламаның, идеялық-философиялық тұғырнамасын ұстап тұрған, қазаққа ғана емес, адамзатқа ортақ философиялық ұғымдар: адам әлемі, тұрмыс-тіршілік түйткілдері, даңқ пен дақпырт, жалқаулық пен талапсыздық, салғырттық пен немқұрайдылық, жамандық пен залымдық, «дүние рахаты», ағартушылық һәм адамгершілік мұраттары, ақыл-парасат, білім-ғылым, тарих пен тағдыр, дәстүр мен дін, әдет-дағды, жан-жүрек, мінез-құлық, намыс пен сенім, сыр мен сипат, тәлім-тәрбие т.б. жөніндегі Абайдың 46 қарасөзіндегі аксиомаларын нақты мысалдармен қапысыз «қабығын аршып» көрсетіп, алтынмен, күміспен қапталған ұлы ақын пікір-тұжырымдарын санаңа сіңіреді.

Намыскер, күрескер Рақымжан

Қанша алтын басты болса да бір ғалым бір халықтың қаншама жанрда,бақандай бір кезең ішінде дүниеге келген туындыларын түгел оқып шығып, толықтыруды қажетсінбейтін, толымды еңбек жазып шығатынына ешкім сенбейді. Рахымжан жаңа кезең, жаңғыру кезеңінің әдебиетіне алғашқылар қатарында түрен салған ғалым. Енді ол көтерген мәселелер ғалымдар, сыншылар тарапынан тереңірек, кеңқұлашты зерттеулерге, гипотезаларға ұласары анық. Өйткені, ғылым әр саланы, әр еңбекті, әр тақырыпты індете қазып, тамырын қуалай зерделеп, зерттеумен мұратына жетеді. Кенеуі кетіп, тозған қоғамның орнына келген жаңа қоғам, жас мемлекет, айбынды, күрескер, жаңалыққа құштар, намыскер ұлт жаңғыруға құштар.
Тәуелсіздік жылдарындағы әдеби туындыларды талдау үстінде Рахымжан тарихи романдар көптеп жазылып, олар халықтың тарихи санасын оятып, жетілдіруге үлес қосатынын мақтаныш сезіммен баяндайды. Ол орынды, десе де, қаламгерлер халық басынан өткерген отарлық езгінің нәтижесін кектене, құлшына бейнелегенімен, сол басқаның нақақ төгілген қаны, шеккен азабы, көз жасы түбі қиянаткердің өзін табатынына меңзеген критерий, деталь-дәйектер жағы тарихи туындыларда тапшы. Ол — суреткерлік шеберлік пен кемел ақыл-парасатқа сын. Мәселен, қазақ халқы патшалық Россияның, оның мұрагері Коммунистік империяның 300 жылдан астам отары болды, көзіне көк шыбын үймелетті. Біз оны отарлық езгі, коммунистік геноцид деп сүйегіне жеткізе қарғап-сілеуден аспай жүрміз. Тарихи көркем туынды көзбен көріп жүргенді баяндап берумен шектелмей, зорлықшыл, қиянатшыл күштің астамшылығы түбі мойнын астынан келтіретініне көзін жеткізіп; қаралы тарихты басынан кешіріп отырғандарды осыдан құтылудың жолын іздегеннен, осы қақпанға қалай тұтылғанын зерделеп, енді тұтылмаудың саяси, әлеуметтік, экономикалық, философиялық, мемлекеттік, халықтық, ұлттық аспектілерін талдап-танытатындай құдіретін сезінуге не жетсін!..
Мерейлі де, мерекелі, мейірімді де берекелі алпысты ғылымдағы табанды зерттеулерімен, Әсет ақын айтпақшы, «Ақылыңа жарасқан жақсы жолдас, кіндігіңнен тараған ұлменен тең» болып кеткен Рахаңның Тәуелсіздік жылдарында жаңаша көзқарас, соны әдістер, тәуелсіз сана шарапатымен дүниеге келген шынайы өнер, терең білім, интеллектуалды кесек туындылар төңірегіндегі ойлары бізді де «сыр сандығымызды» ашуға мәжбүрледі. Бұл жақсылықтың жұптығын аңсаған тәрәкуіміз ғой.
Рахымжанның басты көркі саналатын ғылымдағы жетістіктері, әдеби-ғылыми еңбектерінің шеңбері кең: қазақ әдебиеттану тарихы, халық әдебиеті, халық эпосы, әдебиеттану мен сын, Алаш әдебиеті, Қазіргі қазақ әдебиеті, тәуелсіздік жылдарындағы әдебиет, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов шығармашылығы, аударма әлемі, поэтика, көркем көрнекі шығармадағы компаративистика мен интеграция, оқулықтар жазу, христоматиялар шығару т.б. Оның ғылыми мақалалары мен еңбектері Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан елдерінде де басылып шықты.Қазақ оқымыстысының беделі халықаралық деңгейге көтерілуі — біз үшін мақтаныш.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек тұғырлы тұлға, руханият тамыршысы ретінде еңбегі бағаланған. Ол ҚР Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы (2007), ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері (2008), «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медальдің иегері. Бұл — құрмет жігіт ағасының жасы алпысқа енді жеткен, бес қаруын асынған, қуаты еселеніп, білім мен ғылымның биік белесіне шыққан, сөз өнерінің мың сан арналы соқпақтарынан өткен, төңірегіне жан шуағын төгіп жүрген Рахаңның асар асулары, алар марапаттары, көрер құрметтері әлі алда деген сөз. Біз құрметті әріптесімізді мерейлі тойымен құттықтай отырып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі еңбегіңіз жемісті, білім мен ғылым саласында биік белестерге жетіп, адами бақыттың шуағына бөленіп, алғы ғұмырыңыз халқымыздың аялы алақанында өтіп, Күләш Ахметова «Шашуға інжуімді ішімдегі, Оқушым, өздеріңмен кездесемін» демекші, «ішіңіздегі інжуіңізді» шәкірттеріңіз, алқалаған жұртыңызға шашудан шаршамай, азаматтықтың асқарына өрмелей беріңіз. Зиялы қауым ортасында да, білімгерлер аудиториясында да, ғылыми симпозиумдарда да, оқырмандармен бетпе-бет сырласу үстінде де қарапайымдылығынан жазбай, өз орнынан табылатын, таудай іс тындырып жүрсе де өзіне қанағаттанбай, ғылымда жеткен жетістіктерін үстемелеп, ұстазы жақсының ұстанымы жақсылығын қалыптастырғанын өнеге, ғибраты, дәстүрімен дәлелдеп жүрген оның өмір жолындағы қалдырған ізі, көтеріліп келе жатқан баспалдақтарына жіті үңіліп, әдебиет пен өнердің, әрбір ұлт пен халықтың басқаларды тамсандыратын, сыйлатып, сынына көңілін көншітетін кемелдігі, келістігі осындай ұлттық иісі шығып тұратын тұлғалармен өлшенетініне шүбәланбайсыз, марқаясыз. Рахымжан Тұрысбектің ұстаз-ғалымдық, азамттық, қоғамдық, адамгершілік, ұлтжандылық келбет-болмысына, бізше, осы кемелділік өлшемі лайық.

Тұрсын Сыдықов,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР педагогика ғылымдары
академиясының академигі

(13)