СТОИЛОВ ҚҰРАМАҒА СЕРПІЛІС ƏКЕЛДІ

 

Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы мен Əзірбайжан құрамасы арасында жолдастық кездесу өтті. Астана Арена стадионында өткен матчта ұлттық құрамамыз 3-0 есебімен Əзірбайжан құрамасын тас-талқан етті.  Ойынның 12 минутында Бауыржан Исламханның əуелете асырған добына бəрінен биік секірген Роман Мұртазаев есеп ашты. Араға минут салып, Мұртазаевтың берген жерлете берген пасын, бұрышқа қарай ығысып барып,  Серікжан Мужиков қақпа торына тулатты. Есеп 2 ─ 0. Алыстан ат терлетіп келген қонақтардың мысы басылғандай, пас беруден жаңылысып жатты. Бас бапкер Гурбан Гурбанов 2-таймда ойынға өзгеріс əкелу үшін, тактиканы өзгертіп, ойыншыларды ауыстырғанымен еш нəтиже шықпады. Алма-кезек шабуылдармен өрбіген кездесудің 90 минутында жас футболшы Бахтиёр Зайнутдиновтың алыстан шіріне тепкен добы қақпа торын тулатып, стадион отырған қалың халықты дүр сілкіндірді.  Ойынға қосылған 3 минут таблодағы көрсеткіштерге ешқандай өзгеріс əкелмеді. Осылайша, Қазақстан Ұлттық құрамасы жаңа бапкер Станимир Стоиловтың басшылығымен 2 ірі жеңісіне қол жеткізді.

Қалай десек те бұл ойын биыл қыркүйек айында жалауын желбірететін «Ұлттар лигасына» дайындық есебінде екендігі белгілі. Станимир Стоилов бас бапкер болып тағайындалғалы бері, ұлттық құраманың жанкүйерлерінің арта түсе бастағандығы, сенімдерінің нақтыланғандығы анық байқалады. Бұған дəлел: Қазақстан мен Əзірбайжанның арасындағы кездесу жолдастық матч болғанына қарамастан, Астана Арена стадионына 22 мыңнан аса жанкүйер жиналғандығы көңіл қуантады. Статистикаға назар аударсақ, құрамамыз Стоиловтың қанатының астында 3 кездесу өткізіп, 7 гол соғып, 4 гол өткізген. Әзірге 2 жеңіс, 1 минималды жеңіліс қоржынымызда. Голдық статистиканы мысал келтіруіміздің басты себебі – Мирослав Беранек, Юрий Красножан, Александр Бородюктың тұсында құрамамыз голдан да, нəтижеден тапшылық көргені жасырын емес. Болгариялық бапкердің мұндай жетістіктерге жетуі таңғалмаймыз. Себебі осыған дейін Астана футбол клубының бас бапкері ретінде бағындырған белестері бір төбе. Ендігі, оның көздегені «Ұлттар лигасында» жарқырау екендігі айқын көрініп ақ тұр. Атап өтерлік басты құндылық Станимир Стоиловтың құрамаға талантты жастарды сайдың тасындай өкірте жинауы. Ол сенген 18 жасар вундеркинд Еркебұлан Сейдахмет, сол аяғымен сиқыр жасайтын Бахтиёр Зайнутдинов, талантты Роман Мұртазаев, жас шабуылшы Еркебұлан Тұңғышбаев, ортада ойқастайтын Магоммед Парагулов және т.б үмітті ақтап тұр. Құраманың ойынында үлкен өзгерістер, жаңа леп, жоғары қарқын бар. Демек, алдағы жылдарда атой салып жатса, таңғалмаймыз. Жеңісті күндерде жүздескенше.

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Журналистика және саясаттану факультетінің студенті Ержігіт Күнтубаев

 

(65)