«Қазақша білесің бе?» — деп, шеттегі бауырдың сұрағаны-ай!

Университетте оқып жүрген кезден бастап түрік тілін игерсем бе екен деген қызығушылық оянған еді. Бірді-екілі ғаламтордан қараған мәліметтер болмаса аса уақыт бөліп үйренбеппін. Қызығушылық болса да үйрене алмайтындай, оған уақыт жетпейтіндей болып тұратын. Сол жалқаулық деген жақын «досыңмен» қоштаса алмай, уақыт деген ұғымның астарына үңіле алмай я нағыз ізденуші студент деген сөздің мәнісін ұға алмай жүрген кездер еді. Сонымен мен білемін дегендерден бір-екі ауыз үйреніп, кейін ұмыт болып қала берді (Жалпы сол кезде өзге де студенттер түрік сериалдарының әсерінен бе түрік тіліне үлкен қызығушылық танытты).

Кейін Ресейде оқып жүрген кезде осы мақсатты жүзеге асыруға керемет мүмкіншілік туды. Жалпы өз тілінді құрметтеп сөйлей тұрып бірнеше шет тілін меңгерудің өзі керемет қой.
Бірнеше ай өткен соң жатақханада қыздармен әңгімелесіп отырған сәтте университет жанында «Түрік тілі мен мәдениеті» орталығының жұмыс жасап тұрғанын білдім. Сұрастырсам ол жерде түрік тілінің курсы да бар екен. Келесі күні алып-ұшып орталыққа бардым. Орталықта шетел студенттері, Түркия студенттері толып жүр екен. Қабылдау бөлмесіндегі қыздар жақсылап барлық ақпаратты жеткізіп берді. Курстың тегін екенін естіген студент үшін бұл жаңалық екі есе қуаныш болды.
Қабылдау бөлмесіндегі қыз :
—Күте тұрыңыз, мұғалім міне келу керек, телефонын алмай тұр, бірер минутта жетем деген еді, — деді.
Сонымен мұғалімді әбден сарыла күтіп, келесі күні келетін болып үйге қайттым. Әйтеуір келесі күн мұғалім өз кабинетінде отыр екен. Ағай жылы шырайлы, ашық әңгімешіл кісі екен.
Ағайдың «Қазақша білесің бе?» деп сұрағаны расын айтқанда, өз тілін құрметтейтін мен үшін ауыр тиді. Екіншіден, ағай менің Қазақстаннан келгенімді біліп тұрған еді. Кейін білгенімдей ағай еліміздегі қазақ тілінің мүшкіл жағдайын, яғни қазақ тілін өзге ұлттан бұрын қазақтың өзі сөйлей алмай отырғанын Қазақстандағы досы арқылы біліп отыр екен.
— Жоқ, қазір заман өзгерді, тәуелсіздік алғалы жұрт балаларын қазақша мектепке беруде, — деп сол проблемаға Хасан мұғалім кінәлідей жұлынып келіп жауап беріппін.
— Жо-жоқ, Ақтөбедегі досым айтты, содан білдім, — деп ол даудан басын алып қашты Кейін есіме түссе еріксіз күлкім келеді. Сырт елде де қазақ тілінің мәртебесінің төмендігін шетелдіктердің аузынан есту кеудеңде намысың болса жүректі ауыртты.
Курсқа сабаққа келгендей емес, концертке келгендей ерекше қызығушылықпен келетін едік.
Тіл игеруіміздің өзі қызық, өмірмен байланыстыра отырып жаттығу да жасаймыз, түрікше де сөйлеп, барлық түркі әлемін де шарлап, ертеңге жоспарды да құрып үлгеретінбіз.
Айтайын дегенім, сабақ барысында нағыз тіл игеруге лайықты атмосфера орнаған, мұғалім мен студенттің арасында ересектерше әңгіме-дүкен құра алатын, бірақ шектен шықпаған ерекше педагогикалық жылы қарым-қатынас болды. Өзіңнің білім алуға келіп тұрғаныңды да сезініп тұрасың, жан-жақты көзқарасыңды да жеткізе аласың. Осы уақытқа дейін қанша мұғалімнің алдынан өтсем де біржақты болып қана шектеледі екенбіз. «Тұлға» деген ұғымды кабинетке кіргеннен «оқу, студент» деген ұғымдардың артына ысырып қана қоятын жағдайларға көп тап болады екенбіз. Әрине, маған білім берген әр ұстаздың өз орны, өз жақсылығы бар. Бірақ есіңде мәңгі қалары қайсысы?
Курс арқылы тәжірибе алмасып, бүгінде кәдеме жарап қалар  аз да болса ілім алдым. Жер бетінде қанша ұлт болса сонша дәстүр мен сан мыңдаған тілдер ғана бізде ерекшелеп тұратынын, әйтпесе жақсылық пен жамандық та адамзатқа бір екенін, ұлтшыл емес  ұлтжанды болу парыз екенін ұқтым.
Алла тағала бізге жіберер жақсылықтарды қилы-қилы жолмен,  бір қарекетке бір істі себеп қылып жібереді. Арамызды қаншама километр бөліп жатса да, мені түсінетін, жаныма жақын жандарды танып қайтқаным, әлі күнге дейін араласып тұратын, қажет болса  шынайы ақыл-кеңестерін беріп тұратын сол ортадағы достар осыған дәлел секілді болады да тұрады…
Гүлзат Сәттібаева

(54)