Субсидиялауда өзгерістер болуы мүмкін

Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев 28 мамыр күні өткен мәжілістегі үкімет сағатында «Қазақстан Республикасы АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» баяндама жасады. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен алдында еңбек өнімділігін түбегейлі ұлғайту және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының өсімін 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру міндеті қойылғаны белгілі.

Елбасының тапсырмасын орындау үшін АШМ бірқатар жоспарлар әзірлеген. Депутаттарды Министрліктің жоспарларымен таныстырып шыққан Ө.Шөкеевтің баяндамасы еліміздің ауыл шаруашылығы саласында алдағы жерде орын алар өзгерістерден құлағдар еткендей еді. Қолда бар мүмкіндіктерді онан ары дамыта отырып, азық-түлік саласындағы импорттың салмағын азайту туралы қолға алынатын шараларға тоқталған Өмірзақ Шөкеев өнім өндіруді, ұлғаюды мақсат ететін шаруаларды мемлекет тарапынан қолдаудың арта түсетіндігін айтты. «Елбасының тапсырмасына сәйкес бірнеше салаға ортақ мәселелерді шешу қажет. Олар — агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне салық салу, техникалық реттеу, сауда-логистикалық инфрақұрылым, экспортты қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту және ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері», — деді Шөкеев. Министрдің баяндамасына қарағанда, мемлекеттік бағдарлама аясында саланы цифрландыруға, техникалық реттеуге, ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған аралас бағдарламалар да әзірленбек. Сонымен қатар етті мал шаруашылығын дамыту жобасының негізін отбасылық шағын фермалар құрайды. Ол фермерлік шаруашылықтардан, бордақылау алаңдарынан және қазіргі заманғы ет өңдеу кешендерінен тұратын якорлық кооперация түрінде іске асады.
Сүтті мал шаруашылығы жобасы да отбасылық фермалардан, тауарлы сүт фермаларынан және заманауи сүт зауыттарынан тұратын якорлық кооперация принципі бойынша жүзеге асады. 2027 жылға қарай отбасылық фермалардың санын 380-нен 930-ға дейін, ірі тауарлы сүт фермаларының санын 108-ден 170-ге дейін, сүт зауыттарының санын 163-тен 174-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде сүт өндірісінің көлемі 1 млн. тоннаға дейін жетеді. Құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде жаңа кәсіпорындар салу, жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялау, сондай-ақ ет және жұмыртқа бағытындағы құстардың өнімділігін арттыру көзделеді.
Ауылшаруашылығы өнімдерін субсидиялау жағындағы болатын өзгерістерге кеңінен тоқталған министр бұдан былай тиімсіз деп танылған кейбір субсидия түрлерінің алынып тасталатындығын мәлім етті. «Келесі бір маңызды мәселе — Аграрлық ғылымды реформалау. Оны жаңа сорттар мен жануарлар тұқымдарын ойлап табуға емес, әлемдегі жаңа технологияларды енгізуге бағыттау қажет», — деді Өмірзақ Шөкеев. «Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру шеңберінде субсидиялау және бақылау жүйелерін цифрлық форматқа көшіру, барлық мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, агроөнеркәсіптік кешенге электрондық сауданы енгізу, агробизнесті IT-технологияға тарту жоспарлануда. Осылайша, саланы цифрландыру бір жағынан Министрлік қызметінің тиімділігін арттырады, екінші жағынан агробизнеске әкімшілік қысымды төмендетеді. Мемлекеттік бағдарлама жобасында ауылдық аумақтарды дамыту шаралары да көзделген. Олар агроөнеркәсіптік кешенмен аралас бағдарламаларды әзірлеу арқылы іске асатын болады», — деді министр. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан дайындалған бұл жобалар қатысты тараулардың қолдауына өтіп, ресми түрде мемлекеттік жоспарға енетін болса, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына серпін берері сөзсіз. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ЖІӨ-індегі ауыл шаруашылығының үлес салмағын арттыруға да оң ықпал етеді деген үміттеміз. Осы арқылы еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұралаған ауылдардың бойына  қан жүгірсе, зор қуаныш сол болар еді…

Ерқазы Сейтқали

(4)