«Рухани жаңғыру» бағдарламасының 308 жобасына 37,1 млрд. теңге жұмсалады

Астасқан аспанменен асқарлары,
Секілді жер мен көктің баспалдағы.
Табиғат құдіретімен қиысып кеп,
Қаланған ескерткіштей тастан бәрі.
Бұлттардың орнатылған тап қасына,
Шығыстың ұқсап биік қақпасына.
Адырлар жарқырайды айнадай боп,
Күн көзі шағылғанда ақ басына…

Жаны жомарт ақын Сырбай Мәуленовтің Жетісуды суреттеген осы өлең жолдарын оқығаннан кейін «жер жәннаты» аталып кеткен ғажап өлкеге аяқ басқың келеді. 2001 жылдан бастап Алматы облысының орталығы болып бекітілген Талдықорған қаласында бүгінде 172 мыңнан аса халық тұрады екен. Баз біреулер таспен қоршау жасап, қамал тұрғызса, бұл қала табиғаттың сыйы — талмен-ақ таң қалдырып тұр. Өңірдің жайын білмек болып облысқа бармасақ та, Астанаға арнайы келген аймақ басшысы Амандық Баталовтың әңгімесін тыңдап, Орталық коммуникациялар қызметінің кезекті брифингінде болып қайттық.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын бірінші болып қолдағандар

Бұдан бір жыл бұрын елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялап, ел басында жүрген азаматтар республиканың түкпір-түкпірінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастаған кезде Президенттің «жолдауын» жылы қабылдағандардың бірі осы жетісулықтар еді. Мұны үлкен мақтанышпен айтқан А.Баталов журналистермен жүздесуінде:
— Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жетісулықтар ерекше қабылдады. Бағдарлама қабылдана салысымен арнайы жұмыс тобы құрылып, бағытымыз айқындалды. Былтырғы жылы желтоқсанда республикада бірінші болып Талдықорған қаласында арнайы «Рухани жаңғыру» орталығын аштық. Бүгінгі күні облыста жасақталған Жобалық кеңсенің кәсіби мамандар тобы осы ғимаратта  жұмыс жасап жатыр. Бағдарламаға облыстағы ірі меценаттар мен  кәсіпкерлер қолдау білдіріп, белсене атсалысты, — деп баяндамасын бастаған болатын. Оның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сияқты негізгі бағыттарының 308 жобасын жүзеге асыруға жалпы көлемі 37,1 млрд. теңге қаражат жұмсалады. Аталмыш қаржының ішіндегі 9,4 млрд. теңге демеушілердің есебінен екі жылда жиналған. Тарқатып айтар болсақ, былтыр 5,2 млрд. теңгеге 48 жоба жүзеге асса, биыл 82 жобаға 4,2 млрд. теңге бөлінді.
— Бағдарлама аясында Қарасай ауданында Тұңғыш Президент — Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы,  «Батыр бабалар» музейі салынғанын мақтанышпен айтамыз, — дейді А.Баталов.

«Жетісудың қасиетті жерлері» смартфоныңызда!

Жетісу — жазушылар мен ақындар, өнер адамдары көп шыққан өлке. Әсіресе, ақын болмаса да өлең білмейтін адам кемде-кем. Руханият, мәдениет саласына басшыларынан бұрын тұрғындарының көзі түзу. Осыдан болса керек, Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етіп жатқан әртістердің тең жартысы — Жетісудың ауасын жұтып, өлеңін естіп өскендер. Тіпті, 700-ден аса қаламгердің ортақ шаңырағы болған Қазақстан Жазушылар Одағына мүше ақын-жазушылардың да дені Алматы облысынан шыққан. Мінеки, талай таланттың туып-өскен жерінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының халық тарапынан жылы қабылдануының бір себебі осында болса керек. Баспасөз мәслихатында ары қарай сөзін жалғаған А.Ғаббасұлы:
— «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында жүзеге асқан ауқымды шаралардың бірі — өңірдегі мәдениет үйлерін жаңғырту. Осы жоба арқылы облыста алдағы жылдарда 243 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілмек. Оның 7-еуі өткен жылы жасалса, биыл 11 жобалық-сметалық құжаттама, 2 қалпына келтіру және 3 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Жырға тұнған мекенім — Жетісуым»  жобасы бойынша 43 жергілікті ақын-жазушының кітаптары жарық көрді. «Жетісу балалар кітапханасы» жобасы бойынша 6 автордың балаларға арналған түрлі жанрдағы антологиясы басылып шықты, сөйтіп, 24 мың дана кітап оқырманға жол тартты. Сол сияқты «Алматы облысының ескерткіштерінің ІІ томдық энциклопедиясы» жинақталып, қолданысқа ұсынылып отыр, — деді.
«Қазақстанның киелі жерлері» жобасы арқылы Жетісудің тұмса табиғаты насихатталып келеді. Облыс бойынша 58 объект іріктеліп, 17-і республикалық, ал қалғаны облыстық тізбеге енгізілген. «Жаңа заман талабына сай цифрлы технологияның мүмкіндіктерін барлық салаға енгізіп, игілігін көре бастадық» деген өңір басшысы «Ескерткіштердің электронды картасы»жасалып, оған облыс аумағындағы 2343 ескерткіш кіргенін айтады. Карта арқылы тарихи, мәдени, табиғи ескерткіштердің, киелі нысандардың толық мәліметін алуға мүмкіндік жасалған. Бұл тұрғыдан соңғы технологияларды жетік меңгерген жастардың қосып жатқан үлесі көп. Мысалы, жетісулық жастар Сүлеймен Демирел университетінің студенттерімен бірігіп, «Жетісудың қасиетті жерлері» атты үш тілде мобильді қосымшасын (iOS, Android) іске қосты. Сонымен қатар, облыстағы барлық музейге 3D-тур жасауға мүмкіндік беретін «Жетісу 360» жобасын ерекше атап өту керек. zhetysu360.kz сілтемесіне кез келген гаджет арқылы өтіп, Жетісу өңірінің музейлеріне үйіңізде отырып-ақ саяхат жасауға болады. Дегенмен, жобаның бір кемшілігі 3D-тур қазақша жүргізілгенмен, сайт жобасы тек орыс тілінде жасалған.

Барлыбек Сырттанұлының есіміне бір көше бұйырмай тұр

Амандық Баталов Елбасының тапсырмасына  сәйкес облыста екі тарихи маңызы зор жоба іске асырылады деген болатын. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары басталып та кеткен Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналған «Орбұлақ»мемориалды кешеніне 248 920 млн. теңге және Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейіне» 176 560 млн. теңге бөлінген. Алғашқы «Алтын адам» табылған бұл аймақта археологиялық қазба жұмыстарына, тарихи зерттеулерге «Рухани жаңғыру» бағдарламасына дейін де ерекше көңіл бөлінген-ді.
— Қазір Шеңгелді және Қырғауылды ауылдарының маңында атқарылған ежелгі қалаларға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары аяқталып, осы мақсатта облыс бюджетінен 17 млн. теңге бөлінді. Бұдан бөлек, Сарқан ауданындағы «Қойлық», Ескелді ауданындағы «Ешкіөлмес», «Бұрған сақ» қорғаны, Жамбыл ауданындағы «Таңбалытас» петроглифтерін зерттеу жұмыстары жақын арада басталады, — деді А.Баталов.
Баяндамасын тарихи жәдігерлерге бір-ақ бұрған әкімге тарихи тұлға жайында сұрақ қоюды ұйғарған едік. Былтыр ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бопазов Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа Алаш арысы Барлыбек Сырттанұлының есімін ел көлемінде ұлықтау туралы депутаттық сауал жолдаған болатын. Осы сауалына қатысты депутат газетімізге сұхбат та беріп, онда еліміздің тұңғыш Конституциясын жазған жетісулық біртуар тұлға Барлыбек Сырттанұлының есіміне Талдықорған қаласының мектеп, көше беру, ескерткіш орнату сияқты ұсыныстарын айтқан-ды. Араға бір жыл салып, Мәжіліс депутатының ұсынысы орындалды ма немесе жоспарға енгізілді ме деп А.Баталовқа сұрақты төтесінен қойдық. Әкім болу оңай болып па, жыл бойына жасалған жұмыстарды ойлаймын деп санасы сан саққа бөлінген ол «Мұндай ұсынысты бірінші рет естіп тұрмын және бұл мәселе бойынша ономастикалық комиссия жұмыс істейді» деп осыған жауапты өзінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарды нұсқады. Сөйтіп, былтыр ғана 150 жылдығы өткен Барлыбек Сырттанұлының есіміне Талдықорғаннан мектеп, көше емес, Жетісу өңірінен тұтас бір ауылдың аты берілетінін білдік.
Елдің рухын көтеруден бөлек, материалдық жағдайын жасауға да меценаттардың үлес қосып жатқаны брифингте баса айтылды. Мәселен, «BN INVEST» қаржылық-өндірістік холдингі» ЖШС Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында 160 миллион теңгеге әлеуеті төмен отбасыларға 17 тұрғын үй салып берсе, Асқар Сабиров басқаратын «Амал Био» серіктестігі 30 миллион теңгеге Еңбекшіқазақ ауданындағы Ащыбұлақ ауылында қараусыз қалған саябақты жаңғыртып, балаларға футбол алаңын жасап берген. Атымтай жомарттығымен тұтас Қазақстан халқына танымал меценат, «Жер-Су» корпорациясының президенті Бауыржан Оспанов жастарды қолдау мен бизнесті дамытуға ниетті екенін ісімен дәлелдеп жүр. «Bastau Сamp» семинарының шеңберінде Алакөл ауданының 12 жас кәсіпкері көзге түсіп, олардың стартап жобалары меценаттың көңілінен шығыпты. Осылайша, бизнеске енді кіріскен жастар Б.Оспановтың 1 млн. теңгеге дейінгі грантына қол жеткізді.

Ерқазы Сейтқали

(20)