Меценаттар есебінен мәдени ғимараттар үшін 6 млрд. теңгеден астам қаржы тартылды

Қызылорда десе көз алдымызға қоңыр үнді қобызды қолына алған Қорқыт атаның елестейтіні рас. Жылдың төрт мезгілінде де төрт жақтан соққан желі, аңызақ шөлімен ерекшеленетін аймақта осыдан бір ай бұрынғы санақ бойынша 784 мыңнан аса халық қоңыр тіршілік кешіп жатыр екен. Жуырда Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, журналистер қауымына өзі басқарып отырған өлкенің бүгінгі хал-ахуалын баяндап берді.

Облыста ЮНЕСКО тізіміне ұсынылған ескерткіштер бар

Әңгімесінің әлқиссасын Қ.Көшербаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыста былтыр атқарылған жұмыстардан бастады.
— Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылы Сыр өңірінде 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 79 жоба жүзеге асырылды. Бүгінде Қызылорда қаласының сол жағалауы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Жаңа қалада 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын қайта беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық атқару комитетінің бұрынғы ғимараты архивтегі сызбалар бойынша қайта салынды. Онда Рухани жаңғыру орталығы орналасады, — дейді Қ.Елеуұлы.
Бұдан бөлек былтырғы жылдың еншісінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» кафедрасы ашылып, «Мәңгілік Ел және ұлттық дәстүр» және «Өркениеттің негіздері» атты арнайы пәндердің енгізілгені секілді жұмыстар тиесілі. Сондай-ақ, орта арнаулы білім беру ұйымдарына арналған қазақ тіліндегі «Өлкетану» оқулығы әзірленіп жатыр. Осы мақсатта облыстық бюджет есебінен 25 млн. теңге қаржы бөлініп, оқулық ҚР Білім және ғылым министрлігінің сараптамасынан өтіп, баспаға жіберілгенін айта кеткен жөн.
Тарих қойнауынан сыр шертетін Қызылорда облысы үшін «Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының маңызы зор. Бұл жөнінде облыс әкімі:
— Ел тарихы мен ұлт шежіресінің қайнар көзі саналатын Сыр өңірінен жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 12, өңірлік киелі нысандар тізіміне 35 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілді. Интерактивті карта республикалық және жергілікті маңызы бар 150  ескерткішті қамтиды. Олардың ішінде Қазақ хандығының алғашқы астанасы — Сығанақ қаласы мен өңірдегі 6 киелі орын — Жанкент, Сортөбе, Жент, Шірік-Рабат қалашықтары, Кердері кесенесі. Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің 3D картасы биылғы жылдың 1 қарашасына дейін жасақталады деп жоспарланып отыр, — деді.
Аталмыш картаға ең алдымен ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміндегі және республикалық, жергілікті маңызы бар 9 ескерткіш енгізілмек. Олар —  Қорқыт Ата кешені, ортағасырлық Жент қалашығы, ежелгі Шірік-Рабат қалашығы, ортағасырлық Сығанақ пен Кескенкүйік қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескерткіштері, Бәбіш Молла қалашығы, ортағасырлық Жанкент қалашығы және Сауысқандық петроглифтері. Ерекше атай кететіні, бүгінгі таңда Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт ата мемориалдық кешені мен былтыр кешен жанынан ашылған  этноауыл — отандық және шетелдік туристерді ерекше қызықтыратын нысанға айналып отыр. Бұл жөнінде Қ.Көшербаев:
— Түркі әлемінің абызына арналған бұл ескеткіш 1980 жылдары бой көтерген. Елбасының тапсырмасына сәйкес 2014 жылы нысан қайта жаңғыртудан өткізіліп, жанынан зиярат ету орталығы ашылды. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық автомагистралінің бойында орналасқан мемориалдық кешенге келуші туристердің қарасы қалың. Әсіресе, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезінде мемориалдық кешенді көруге ниетті туристер саны күрт артты, — деген болатын.

«Сотсыз татуласу орталығы» дегенді естіп пе едіңіз?

Музыка өнеріне ерекше көңіл бөлетін Қызылорда жұртшылығы үшін халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы»  фольклорлық музыкалық өнер фестивалінің орны бөлек. Жазғы, қысқы Олимпиадалар секілді дәстүрлі түрде төрт жылда бір өтетін бұл фестивальге былтыр Түркия, Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Тува, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Англия, Қытай және Қазақстанның зерттеуші ғалымдары мен өнерпаздар қатысты.
Халықтың күпті етіп жүрген қоғамдағы келеңсіздіктердің бірі Сот ісі десек, қызылордалықтар ҚР Жоғарғы Сотымен бірлесе отырып «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жаңа жобаны қолға алмақшы екен. «Сотсыз татуласу орталығы» деп аталатын бұл жоба қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту мақсатында пилоттық режимде іске асырылып отыр.
Бұдан бөлек, облыста «Туған жерге тағзым» жобасы да қолға алынып, меценаттарды демеушілікке тарту көзделген.
— Былтыр кәсіпорындар мен жергілікті әкімдік арасында өзара әріптестік туралы меморандумдар жасалды. Нәтижесінде 2017 жылы меценаттар есебінен өңірімізде білім, мәдениет ұйымдарының ғимараттарын қайта жаңғыртуға, балаларға ойын алаңдарын салып, аллеялар мен скверлер ашуға 6 млрд. теңгеден астам қаржы тартылды, — дейді Қ.Көшербаев.

Білім саласы өз биігінде

Қ.Елеуұлы өлкедегі білім саласындағы басымдық аймаққа қажетті кадрлар дайындауға жасалғанын да тілге тиек етті. Мәселен, қазіргі кезде өңірден шыққан 452 түлек келісімге сәйкес Ресей Федерациясы Үкіметінің бюджеті есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтың ең беделді инженерлік жоғары оқу орындарында білімін жетілдіріп жатыр.
— Қызылорда — мұндай білім беруді ұйымдастырған бірден-бір облыс. Бұдан бөлек, осы жылдан бастап М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша Сыр жастарына 20 грант бөледі. Сонымен қатар, Татарстанның Президентімен жыл сайын 20 адамды (өңір есебінен) ақпараттық және цифрлық технологиялар бойынша Иннополис университетінде оқыту туралы келісім бар, — дейді Қ.Көшербаев.
Бұған қоса, 2013 жылдан бастап аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды бала жыл сайын  облыс әкімінің гранты бойынша білім алып жатыр. Қазіргі кезде 100 қыз-жігіт оқуын бітірсе, тағы 700-ге жуық адам осындай грант бойынша оқып жүр. Биыл мұндай грант санын 159-ға көбейту, оның 70%-ын болашағы бар ІТ-мамандықтарына бағыттау жоспарланып отыр екен.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев баяндаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде атқарылған жұмыстардың бір парасы осындай. Елбасы қойған міндеттер мен берілген тапсырма лайықты деңгейде орындалып, Қорқыттың ізі қалған өңірде қордаланып қалған мәселелер де оң шешімін табады деген сенімдеміз.

Ермұрат Назарұлы

(19)